464
Дертке шипа болған «Химфарм» дәрісі
Дертке шипа болған «Химфарм» дәрісі
Бұдан біраз бұрын Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының үшінші реформасы – индустрияландыру және экономикалық өсім бағытын жүзеге асыру үшін өнеркәсіп саласын 4 бағытта дамытуды жіктеп бергенде, оның екінші бағытын фармацевтика кластерін қалыптастыруға арнаған еді. «Республикада өндіріліп жатқан фармацевтикалық препараттардың жартысына жуығы оңтүстіктің үлесінде. Қазіргі таңда, «Химфарм» акционерлік қоғамында жалпы 100 млн АҚШ долларын құрайтын 4 кезеңнен тұратын жоба жүзеге асырылып жатыр. 40 млн АҚШ долларын құрайтын «Инъекциялық және инфуззиондық қоспаларды өндіру цехы» іске қосылып, 500 жұмыс орны ашылған. Бұдан бөлек, дәрі-дәрмек өндіретін және медициналық қолдануға арналған бұйымдар шығаратын 6 жоба қолға алынған. Оның ішінде 2 зауыттың (таблеткалар өндірісі және қан жинайтын контейнер өндіру) құрылысы басталды. Ортопедиялық бұйымдар шығаратын зауытты іске қосу жұмыстары аяқталып қалды», – деген облыс әкімі болашаққа сенімді.
Бүгінде дәрі-дәрмек шығарумен айналысатын «Химфарм» акционерлік қоғамы фармацевтикалық компаниясының 130 жылдық тарихы бар. «Химфарм» АҚ жылына жалпы сомасы 16,5 млрд теңге болатын 1,2 млрд таблетка мен капсулалар және түйіршіктер, 300 млн ампула, 6 млн инфузия, 40 млн антибиотик құтылары мен 26 млн шәрбат құтылары сынды дәрі-дәрмектің 200-ден астам түрін өндіреді. Қазақстан Республикасында тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің шеңберінде сатып алынатын дәрілік заттардың жалпы көлемінің үштен бір бөлігінен артығын шығарып, тиісті мекемелерге жеткізетін «Химфарм» АҚ-та 1 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
Сауда белгісі «SANTO Member of Polpharma group» болып табылатын «Химфарм» АҚ бүгінгі күні өндірілген өнімдерін бес мемлекетке – Ресейге, Моңғолияға, Қырғызстанға, Тәжікстанға және Түркіменстанға экспорттайды. Ал сату көлемін арттыру мақсатында жақында Қырғызстанда да өкілдігін тіркеді. Ендігі жоспар Өзбекстанның нарығына шығу және Ресей нарығында алатын орнының ауқымын кеңейту болып отыр. Мәселен, 2015 жылы құны 1,3 млрд теңгеден асатын дәрі-дәрмек жоғарыда аталған мемлекеттерге экспортталған.
Жалпы, өңірде іске қосылған жобалардың 94 пайызы жоспарланған қуаттылықта жұмыс істеп келеді. Мысалы, 2015 жылы облыста өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 668,4 млрд теңгені құрап, 3,1 пайызға артты. Облыс 98,4 пайыздық көрсеткішке жетіп, республикада 5-орынға шықты. Тұтастай алғанда, кәсіпорын елдің жалпы дәрі-дәрмек нарығының 5 пайыздан астамын алады және дәрілік заттардың ішкі өндірісінің 50 пайыздан астамын қамтамасыз етеді.
Елбасы Н.Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына барған жұмыс сапарында «Химфарм» еңбек ұжымымен кездесіп, жаңа цехтың ашылуымен құттықтағаны есте. Жасыратыны жоқ, Қазақстан өзіне қажетті көп дәрі-дәрмекті сырттан қымбат бағаға сатып алады. Жылдан-жылға құны аспандаған дәрі-дәрмек әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандардың қалтасына салмақ салуда. Сондықтан да «Химфарм» АҚ-тың дәрілік препараттар нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажет. Жаңа табыстарға жетуге кәсіпорынның мүмкіндігі жетеді. «Химфармның» отандық фармацевтика саласында көшбасшы боларлықтай жағдайы барын айтқан Елбасы әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуларына тілектестік білдірген еді. Ал цех еңбеккерлері Қазақстан Президентіне осы салаға көңіл бөліп отырғаны үшін алғыс айтты.