Доллар бағамы 193 теңгеге теңеспек

Доллар бағамы 193 теңгеге теңеспек

Доллар бағамы 193 теңгеге теңеспек
ашық дереккөзі
302

Қазақстан қор биржасы валюталық фьючерстің бағасын бекітті. Көрсеткіш осы жылдың қыркүйек айына негізделіп отыр деп хабарлайды Алматы арнасы. Фьючерстік шарт - белгілі бір мөлшерде алдын-ала уағдаласқан баға бойынша сауда-саттық жүргізу келісімі. Алайда аталған құжат алдағы уақытта теңге құнсызданады немесе өзге де валюталар бұлғақтайды дегенді білдірмейді. Бұл тек қаржы институттарының болжамы мен алдын ала сақтандыру шараларын жүргізуге бағытталған әрекеті болмақ. Қазақстан қор биржасында фьючерстің 7 түрі бар. Оның біріншісі доллар мен теңгенің сауда-саттығы, содан кейін КАСЕ индексі мен «ҚазМинералс» пен «Қазақстан Халық жинақ банкі», сондай-ақ «КСЕЛЛ» мен «ҚазТрансОйл» және «ҚазМұнайГаз» компанияларының қарапайым акциялары жатады. Сонымен қатар қаржылық фьючерске қорында 50 миллион доллары бар екінші деңгейлі банктер қатысып келеді. «Асыл-Инвест» компаниясының сарапшылар департаментінің директоры Айвар Байкенов: «Фьючерс ең алдымен қаржыны сақтандыру үшін қажет. Егер алдағы уақытта валюта бағамы төмендесе, айырымнан түсетін қаражатты сатып ала алады. Ал керісінше, баға өссе, қор биржасындағы операцияға қаражат салған адам алады. Әйтсе де, біздің елде мұндай тәуекелге баратын тұлғалар аз. Ескере кетерлігі, қор биржасындағы фьючерстің белгіленген алдын-ала бағасы бұл елде валюталық өзгерістерге алып келеді деген сөз емес»,- деп түсіндіреді. Соңғы 5 жылдың ішінде КАСЕ фьючерстер нарығында 412 келісім-шарт жасалған. Бұл дегеніңіз 53 миллион доллардың сауда-саттығын құрайтын келісім жасалған деген сөз. Айта кетерлігі, 2014 жылдан бері КАСЕ индексіне кіретін қарапайым акциялардың фьючерстеріне сұраныс басым болған. Ал, валюталық келісім-шарттар 1999 жылдан 2004 жыл аралығында іске асып, 2010 жылға дейін бұл қызмет түрі тоқтап қалды. Негізіне фьючерстік келісім- шарт 6 және 3 айға жасалып отырады.

Серіктес жаңалықтары