Ағартушы Алма Оразбаева жайлы

Ағартушы Алма Оразбаева жайлы

Ағартушы Алма Оразбаева жайлы
ашық дереккөзі
Қазақ тарихына есімдері алтын әріптермен жазылған   қайраткер ару қыздарымыз Сара  Есова, Алма Оразбаева, Нағима Арықова,   Шолпан Иманбаева, Нәзипа Құлжанова, Рәзия Меңдешова, Әмина Мәметова (Мәншүк Мәметованың анасы), Мүбина Ниязова  сияқты ұлт тұлғаларын қазіргі өсіп келе жатқан жас толқынның бірі білсе, бірі білмейді. «Неге бұл есімдерді білмейсіңдер?» деп оларды кінәлауға да болмас. Уақыт өткен сайын бұл есімдердің естен шығып бара жатқаны заңдылық та шығар. Өйткені, қазіргі беймаза, дүрбелеңге толы уақыт басқаша, өмір құйыны жүйтки соғып, бір орында тұрмайды. Ал жыл өткен сайын біраз құндылықтар ұмытылуы да ықтимал. Жастардың санасында сол елеулі, қадірлі есімдер сақталуы үшін біз, алдыңғы толқын-лекте келе жатқан азаматтар, олардың есімдерін мезгіл-мезгіл жаңғыртып, еске алып тұрғанымыз абзал. Бүгінгі әңгіме ХХ ғасырдың басында елімізде әйел теңдігі қозғалысының  негізін салушылардың бірі,  мемлекет және қоғам қайраткері, Коминтерн мүшесі болған қазақ қызы, өмірінің соңғы 17 жылын Әулиеата – Жамбыл өңірінде өткізген   Алма Дінмұхамедқызы Оразбаева жайлы болмақ. 1917 жылғы Ақпан төңкерісі күллі қазақ да­ласына, сонымен бірге Ордаға да үлкен дүмпу әкелді. Патшаның тақтан құлауы қазақ да­ласына үлкен үміт әкелді. Қазақ халқы бұл жаңалықтан үлкен өзгеріс күтті. Ал халқы­мыз­дың алдыңғы қатарлы оқыған көзі ашық зиялылары күрес жолына түсті. Олардың ара­сында Мадина Бегалиева, тіс дәрігері Мубина Ниязова сияқты қазақ қыздары да бар еді. Олар өздері сияқты Ордадағы қазақ қыз­дарының құқықтарын қорғау үшін күрес жо­лына түседі. Олар қаладағы қыздар мен әйел­дерді жиналыстар мен митингілерге тарту үшін үй аралап, оларды әңгімеге тартып, қаланың қоғамдық өміріне белсене ара­ласады. Осы үш қазақ қызының белсенді әре­кетінің арқасында, Орда қаласында қа­зақтың қыз-келіншектеріне арналған жина­лыс­тар тұрақты түрде өткізіле бастайды. Әрине, ол кезде қазақ даласына большевиктік ой-пікірлер келіп жетпеген болатын. Бұл жи­налыстардың барлығында мәдени-әлеуметтік ағартушылық сипатындағы лекциялар оқы­лып, әйелдер гигиенасы, ана мен бала ден­сау­лығын қорғау мәселелері айтылатын. Орда­дағы бұл қозғалысқа қазақ тілін жақсы біле­тін дәрігер Добронравова¬ Прасковья Ива­новна да атсалысып, медициналық та­қырыптарға лекциялар оқиды. Ал мұғалім Кня­зева Екатерина Ивановна мен Мәдина Бега­лиева халыққа білім беру мәселелері бойын­ша, Алма Оразбаева қалыптасқан саяси жағдай мен әйелдер құқығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. 1919 жылы комсомол қатарына өтіп, сол жыл­дың маусымында қызыл әскердің Қа­зақ­стандағы тұңғыш саяси клубын ұйымдас­тыр­ды. Сол жылы қараша айында Кирревкомның ақпараттық бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. 1920 жылы тамызда Орынбор губерниялық партия комитетінің жанынан құрылған қырғыз (қазақ) бөлімінің алқа мүшелігіне сайланды. 1920 жылғы қазанда Бүкілодақтың Құрылтай съезіне делегат болып сайланып, оның атқару комитетінің құра­мына енді. Қазақ АКСР-ін құруға, өлкелік партия ұйымының жұмыстарына белсене кірісті. 1921 жылдың ақпанынан 1922 жыл­дың наурызына дейін Бөкей губкомының бө­лім меңгерушілігі қызметін атқарып, об­лыс­тық, губерниялық партия конференцияларына қатысты. Бөкей ұйымынан Бүкілре­сейлік Шығыс әйелдерінің съезін өткізуге ат­салысып, әйел теңдігі, оқу-ағарту мәсе­лелерін шешуге, оларды қоғамдық жұмыс­қа тарту ісіне тікелей араласты. Қазақ облыстық және Қазақстан өлкелік комитетінің, БК(б)П Нижне-Волжск комитеті әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі бөлімінің меңгерушісі әрі бюро мүшесі, Қазақстан өлкелік саяси-ағарту бас басқармасының бөлім меңгерушісі болды. 1921 жылы мамырда өткен БК(б)П Бүкіло­дақ­тық жұмысшы әйелдердің Орт. ұйымы мә­жілісіне қатысып, әйелдер қозғалысының аты­нан құттықтау сөз сөйледі. 1923 – 1925 жы­лы РКФСР Жоғарғы Сотының қазақ бөлі­мінің, РК(б)П ОК-тің жұмысшы және шаруа әйел­дер арасындағы жұмыс жөніндегі коми­тет­тің, БОАК-тің, Қазақ АКСР ОАК-тің төрал­қа мүшесі болып сайланды. Коммунист әйел­­дердің Берлинде өткен 3-халықаралық кон­ференциясына, Коминтерннің 5-конгресіне делегат болып қатысты. 1931 жылы ауыр дертке шалдығуына байланысты зейнетке шықты. Ол «Степная правда», «Советская степь», «Еңбекші қазақ», «Жас қазақ», «Дұ­рыстық жолы» газеттеріне қазақ әйел­дері­нің қоғам ісіне араласуы, әйелдер арасындағы мәдени-ағарту жұмыстарының жүргізілу барысы, қалыңмал мәселелеріне арнап «Қазақ әйелдері даңғыл жол үстінде», «Қазақ әйел­дері­нің қалыңмалдан құтылған күні», «Октябрь революциясы және қырғыз әйелі», «Әйелдер бостандығы» т.б. мақалаларын жа­рия­лаған. Кейбір мақалалары «Қазақ әйелі», «Сағида» сияқты бүркеншек атпен жазылған. О. қазақ әндері мен күйлерін жинаған А.Затае­вичке өзінің орындауымен қазақтың «Жайық», «Қосай», «Танысу жыры», «Зейне­шім», «Сарыжан», «Төрт пішін», «Айнамкөз», «Япыр-ай», «Қыз ұзату» («Қоштасу») сияқты бар­лығы 18 әннің «Қазақ халқының 1000 әні» жи­нағына енуіне мұрындық болды. Алма Оразбаева және алғашқы қазақ қыз­­дары арасынан шыққан тіс дәрігері. Мү­бина Ниязова бастауыш білімді Хұсни-Жамал Нұр­лыханова басқарған қазақ қыздарына арналған бастауыш училищеден алған кө­ріне­ді. Сайфулла Сүйінов бұл туралы: «Қа­зақ қыз­дарының оқуға деген қабілеті, ынта-зейі­ні, үлгерімі керемет болды» дейді кейіннен Орда мектептерінің оқу инспекторы болған Воз­несенский. Иә, оның айтуы айна қатесіз шындық. Қазан төңкерісіне дейін жабылып қалмай жұмысын жалғастырып келген бұл мектеп түлектері арасынан шыққан қоғам қай­раткерлері – Аққағаз Досжанова, Алма Оразбаева, қазақ қыздарынан тұңғыш металлургия инженері Мәдина Бегалиева, тұңғыш жоғары дәрежелі білімді адам дәрігері Мүбина Ниязова сияқты озық қазақ қыздары халқына қалтқысыз қызмет еткен» деп жазады (Сай­фул­ла Сүйінов, «Бөкей ордасы», Алматы, «Өлке» баспасы, 2000 жыл). Коминтерннің тапсырмасымен шет елдерде болып, саяси шараларға батыл ара­лас­қан Алма Оразбаева қазақ даласына ағарту­шы­лық іс-шараларды енгізген қайратты қыз атанды. Ол қазақ қыздарының арасынан Сара Есова, Нағима Арықова,  Шолпан Иманбаева, Нәзипа Құлжанова, Рәзия Меңдешова, Аққағаз Досжанова сияқты бір топ қайраткер қыз­дарды тәрбиеледі. Оларды саяси өмірге ара­лас­тырып, белсенділігін арттырып, әйел бос­тандығының туын жоғары көтеруге үйретті. Алма Дінмұхамедқызы тек қазақ қыз­дары­ның көсемі ғана емес, бүкіл Шығыс қыз­дарының жарық жұлдызы бола білді. Шы­ғыс елдерінің әйелдері арасынан жарқ етіп көкке көтерілген ол халықаралық әйел­дер қоз­ғалысына араласқан алғашқы қыз еке­нін осы жерде атап өткеніміз жөн. Ондай биік­ке, ондай дәрежеге бірде-бір Шығыс қыз­дары қол жеткізген емес. Ол Н.Крупская, А.Колан­тай, Инесса Арман сияқты саясаткер әйел­дермен бірге жүріп, Лениннің сөзін естуі, партияның көрнекті қайраткері қатарына енуі – қазақ қызының басына берген зор бақыт еді. 1924 жылы 6 желтоқсанда Алма Ораз­баева­­ның ұсынысымен Қазақстан Орталық Ат­қару комитетінің Президиумы қазақ әйел­дерінің теңдік алған мереке күні деп жариялады. Жалынды, жігерлі жастың қабілетін та­ныған басшылық көп ұзамай Мәскеудегі Свердлов атындағы коммунистік универ­ситет­ке жолдама береді. 1928 жылы саяси көзқарасы қалыптасқан қазақ қызын партияның Орталық комитеті жо­ғары сенім білдіріп Саратовқа жіберіп, Повольже өлкелік компартия комитетінің бюро мүшесі әрі оның әйелдер бөлімінің мең­герушісі болып тағайындалады. Отызға жетпеген қазақ қызының осындай жауапты қыз­метке көтерілуі, әрине, бекер емес еді. Ол тео­риялық жағынан әбден шыңдалған, өмір тәжірибесі мол, білімді ұйымдастырушы бол­ғанынан осындай сенімге ие болды. Алма апамыз 1926 жылы ОГПУ-дің ко­мис­сары болған Иван Каширин деген ұлты өзге азаматқа тұрмысқа шығады. 1929 жылы А.Оразбаева Коминтерннің тапсырмасымен Моңголияға іссапарға жіберіледі. Алыс жолға шығар алдында екі жасқа толған ұлын туған әпкесінің қызы Са­қыпжамалдың қолына тапсырады. Ұлын көріп-кетіп жүрген әлгі чекист-күйеу бір күні арам ойға барып, Сақыпжамалдың басын айналдырып алады. Ұзақ сапардан отбасын сағынып, көтеріңкі көңілмен келген Алма апамыз үшін бұл теріс іс басына жай түскен­дей болады. Содан, ол жан күйзелісіне ұшы­рып, жүйке ауруына шалдығады. Дос-жарандары, қызметтес болған азаматттар жан-тән­дерімен Алма Оразбаеваны кенеттен келген сырқаты­нан айықтырмақ болып Мәскеудің Кремль ауруханасына, Томск психиатрлық ауру­хана­сына емдетеді. Өкінішке қарай, сол жабысқан дерт оның өмірлік қасіретіне айналады. 1931 жылы республикамыздың Әлеумет­тік қамсыздандыру халық комиссариаты сырқат Алма Оразбаеваға 150 рубль көлемінде дербес зейнетақы белгілейді. Ал, 1935 жылы Қазақ АССР Орталық Атқару комитетінің тө­ра­ғасы Ұ.Құлымбетовтің қаулысымен апа­мыз­дың зейнетақысы 300 рубль болып та­ғайындалады. Бұл зейнетақы оның сіңлісі Мәдина Омарова арқылы өмірінің соңғына дейін төленіп келген («Алматы ақшамы», 28.12.2013ж.). Базбір мәліметтер бойынша, қазақтың аяу­лы қызы Алма Дінмұхамедқызы Оразбаева өмірінің 1931-1948 жылдарын біздің Жам­был облысының Құлан аймағындағы Луго­вая стансасында, Октябрь көшесіндегі №150 үйде тұрған сіңілісі Мәдина Омарованың қолында өткізіп, 56 жасында, яғни 1948 жылы дү­ние­ден өтіпті. Айтушылар, оның ұлының бірі – 1926 жы­лы туған Сейітқали Оразбаев Қарағанды шах­таларында көп жылдар бойы еңбек етті де­ген хабар бар. Ал Сақыпжамалдың бауырына басқан баласы «анасымен» бірге Мәскеуде тұ­рып келіпті. Ол туралы мәлімет жоқтың қа­сы...

             Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор