229
Жарна жинағы жаныңызға дауа бола ала ма?
Жарна жинағы жаныңызға дауа бола ала ма?
2016 жылғы 1 шілдеде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын құру туралы Үкіметтің қаулысы жарияланды. Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Дамыған елдердің барлығы дерлік әлдеқашан осы жүйеге ауысып, халықты сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етіп отыр. Біз де осы жүйеге көшу арқылы аз ақшаға сапалы медициналық көмек алуды жолға қоюды мақсат еттік. Содан бері бір жыл өтті. Бірақ әлі күнге дейін сақтандыру қорының қалай жұмыс істейтіні туралы жіті біле бермейтін адамдардың көп екенін байқаймыз. Дер кезінде қажет ем-дом ала алмағандарын айтып шағымданғандар да жетерлік.
Медицина ұйымдарының атына 8 мыңға жуық шағым түскен
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Үкіметтің 2016 жылғы 1 шілдедегі №389 қаулысы бойынша құрылған. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға сәйкес барлық азамат сақтандыру жарнасын төлеуге міндетті. Қор жұмысының ережесіне сәйкес, жарналар мен аударымдар түгелімен Ұлттық банктегі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының есепшотына түседі. Мұның барлығына Мемлекеттік кірістер комитеті бақылау жүргізіп отырады. Қаржылық есептер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында сақталады.
2019 жылы сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жаңа жүйе аясында халыққа тегін медициналық қызмет көрсететін барлық мекемелермен келісімшартқа қол қойылғанын мәлімдеген еді. Қазіргі кезде сақтандыру аясында ел бойынша 2 458 медициналық мекеме халыққа көмек көрсетіп отыр. Олардың 60 пайызы – жекеменшік клиникалар. Бірақ жекеменшік клиникаға МӘМС арқылы тексерілу үшін клиника міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшартқа отырған болуы тиіс.
Яғни, сақтандыру қорына жарна төлеген әр адам ел аумағындағы өзі таңдаған кез келген емханада медициналық көмек ала алады. Оның ішінде жоспарлы стационарлық көмек, дәрі-дәрмек, жоғары мамандандырылған медициналық қызмет түрлері мен оңалту, диагностикалық-консультациялық көмек, медбике күтімі мен паллиативтік көмек те бар. Онымен қоса ем-домға кететін қосымша шығындардың барлық түрінен де босату қарастырылған. Бірақ бұл жүйе бар халыққа ортақ болғандықтан, жарнаңызды ауруханаға жүгінбесеңіз де қайтып ала алмайсыз. Ай сайынғы төленген жарна сізді сол бір ай уақыт мерзімінде ғана сақтандырады.
Кезек күттіретін әрі қалтаға да салмақ түсіретін компьютерлік томографиядан өту, МРТ сияқты қызметтерді сақтандырылған тұлғалардың бәрі пайдалана алады. Елімізде ЭКО арқылы дүниеге келген сәбилердің саны жыл өткен сайын артып келеді. Үкімет жасанды ұрықтандыруды тегін медициналық көмектің тізіміне кіргізуді 2017 жылы қарастырған болатын. Сәйкесінше, жыл сайын бөлінетін квота да көбейеді. Бұл, расымен де халық үшін зор мүмкіндік. Алайда, сақтандыру қорына уақтылы ақша аударғанымен, көмек ала алмай жүрген адамдар жетерлік. Сақтандыру арқылы көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы сын көтермей тұрғанын алға тартады. Әрі ұзақ күтуіңіз керек, кей медициналық мекемелерден іздеген маман табыла қоймайтын көрінеді. Сол себепті де, жарна төлей тұра ақылы клиникаларға қаралатындардың саны азаймай отыр.
Сақтандыру қорының мәліметінше, сапасыз қызмет көрсетілсе немесе басқа да олқылықтар кездессе сақтандыру қоры сіздің құқықтарыңызды қорғайды.
Сақтандыру қорының сайтындағы өзге де деректерге сәйкес, өткен жыл ішінде қорға 720 мыңға жуық өтініш түскен. Бұл туралы ОКҚ өткен брифингте ӘМСҚ Басқарма төрағасы Б.Төкежанов мәлімдеді. Осы өтініштердің ішінде медициналық ұйымдардың атына 8 мыңға жуық шағым түскен. Халық көбінесе консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолжетімсіздігіне (жабдықтың болмауы, күту ұзақтығы, жолдаманың берілмеуі, кадр тапшылығы), медицина қызметкерлерінің дөрекілігі мен біліксіздігіне, медициналық көмек көрсету сапасына, ақылы қызметтерге жіберуге, ауруханаға жатқызудан бас тартуға т.б. шағымданған.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметі мамандардың қабылдауын күту 10 күннен аспауы тиіс екенін айтады.
– Пациенттің құқығын қорғау – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мақсаттарының бірі. Бұл бағытта көп жұмыс атқарылып жатыр. 1 406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, @SaqtandyryBot Telegram-боты немесе қордың ресми сайты арқылы бізбен байланысуға болады. Сондай-ақ қор қызметкерлері ТМККК және МӘМС шеңберінде халыққа көрсетілген медициналық көмектің сапасына тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Егер қандай да бір ұйымға пациенттен шағым келіп түссе, қор жоспардан тыс тексеру жүргізуге құқылы. Халықты өз құқықтарының бұзылуын ескерусіз қалдырмауға шақырамыз, – дейді Әсия Аймагамбетова.Сақтандыру қоры жеке клиниканың басшыларына ғана тиімді болып отыр Медицина сарапшысы Қайырғали Көнеев мұндай мәселелерді реттеу үшін ақылы қызмет көрсететін медицина мекемелерін сақтандыру бойынша қарайтын емханалардан бөліп тастау керегін айтады.
– Көптеген елдерде, мысалы Ұлыбританияда клиника сақтандыру арқылы жұмыс істесе, онда басқа ақылы қызметтер көрсете алмайды. Бұл – жемқорлықтың алдын алу үшін қолданылған шара. Ал бізде қалай? Сіз клиникаға барасыз, келген себебіңізді айтасыз, сізге қорытындысын 2 ай күту керек екенін айтады. Сөйтеді де, ақылы қызмет ұсынады. Ол 1 сағатта-ақ дайын болады. Ақылы да, тегін де қарайтын бір-ақ дәрігер, сіз ақша төлегеннен кейін бос отырған болып шығады. Неге олай? Себебі клиникалар сізден де, қордан да ақша алуды мақсат етеді. Солайша, сақтандыру қоры халыққа да, дәрігерлерге де емес, жеке клиниканың басшыларына ғана тиімді болып отыр. Негізінде сақтандыру болғаннан кейін, ақылы клиника деген түсінік мүлде болмауы керек. Бірақ, оларды қалдырамыз деп жатыр ғой, жақсы, қалдырсын, тек ақылы түрде емдейтін медициналық мекемелер сақтандыру қорымен келісімшартқа отырмауы керек. Ал сақтандыру қоры арқылы пациент қабылдап отырған клиникалардың ақылы түрде адам қабылдауына тыйым салу керек, – дейді сарапшы.Қорға жарна аударудың тәртібі қандай? Жарнаны жұмыс беруші аударады. Әу баста жарна жалақы көлемінің 1,5 пайызына тең болды. 2020 жылы бұл сома 2 пайызға көбейді. 2020 жылдан бастап жұмысшыларға 1 пайыз көлеміндегі жарнаны табысынан төлету жоспарланып отыр. Алайда бұны олар өз бетімен төлемейді – жұмыс беруші айлығынан ұстап қалады да, қорға аударады. Алға қарай жұмысшының жарнасы табысының 2 пайызына дейін ұлғаяды. Қарамағындағы қызметкерлері медицина ұйымдарының көмегіне жүгінбеген жұмыс берушінің аударған аударымдары да қайтарылмайды. Төленген қаражат осы аралықта сырқаттанып, медициналық көмекке жүгінген, сақтандырылған адамдардың еміне жұмсалады. 2020 жылдың 12 айында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға шамамен 550 млрд теңге аударылған. Ең көп жарна мемлекеттен түскен: 15 санаттағы азаматтар үшін 297,6 млрд теңге бөлініпті. Жұмыс берушілердің өз қызметкерлері үшін аударған жарналарының жалпы сомасы 162,6 млрд теңге болған. Медициналық сақтандыру жүйесі дүниежүзі бойынша кең таралған. Соның ішінде Германия – әлеуметтік медициналық сақтандырудың отаны саналады. Ең алғаш 1848 жылы Берлинде полиция қызметкерлеріне қызмет көрсететін сақтандыру кассасы ашылған, ал 1883 жылы канцлер Отто фон Бисмарктың бастамасымен «жұмысшыларды сақтандыруға қатысты заң» қабылданыпты. 2007 жылдан бастап елдің әрбір тұрғыны медициналық сақтандыруды алуға міндетті. Ал Швейцарияда елде 3 айдан астам уақыт болған әрбір адам негізгі медициналық сақтандыруды алуы керек. Қай сақтандыру компаниясын таңдайсыз – өз еркіңізде. Бірақ, Еуропаның көптеген елінде сақтандыру болса да, жедел жәрдем мен дәрі-дәрмек ақылы. Қорыта айтқанда, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры – халыққа тегін әрі сапалы медициналық көмек көрсетуге жағдай жасайтын жақсы бастама. Қор мен медицина мекемелерінің арасындағы байланыстың әлсіздігі ме, әлде еліміздегі медицинаның ахуалынан ба, әйтеуір сақтандыру арқылы ем алуға ниетті халыққа кедергі көп болып тұр. Дегенмен, көш жүре түзеледі деген бар, бізге енді ғана енгізіліп жатқан сақтандыру жүйесі алдағы уақытта өз нәтижесін беретінінен үміттіміз.