537
Популизм – жастарды ұшпаққа шығаратын жол емес
Популизм – жастарды ұшпаққа шығаратын жол емес
Тәуелсіздік алғаннан кейін-ақ жастар саясатына ерекше көңіл бөліне бастады. Барлық облыста, қала мен аудандарда, елді мекендерде Жастар ісі жөніндегі комитеттер құрылды. Ал қазір жастар саясаты десе, форумдарда жаттап алған жалынды сөздерін айтып ұрандайтын, алаулатып-жалаулатып флешмоб ұйымдастыратын топ елестейтін болған.
Заңы бар, заты қандай?
Тәуелсіздік алмай тұрып-ақ жастарды жеке бір әлеуметтік топ ретінде қарап, ерекшелеу болды. Яғни жастар елдің, қоғамның қозғаушы күші деп саналды. Жалпы, жастар саясатына қатысты заң да, өткен шара да көп. Солардың бірқатарын санамалап өтсек.
1991 жылғы маусымда «Қазақ ССР-індегі мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң қабылданды. Бұл үрдіс тәуелсіздік алғаннан кейін де жалғасты. 1996 жылдың қазан айында Үкімет «Жастар туралы» заң жобасын әзірлеп, 1997 жылдың бірінші тоқсанында Парламенттің қарауына жіберді.
1999 жылғы шілдеде Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының жобасы мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің отырысында қаралды. 2001 жылғы 15 маусымда мемлекеттік жастар саясаты мәселесі бойынша Парламентте тыңдаулар өтті, онда жастарға қатысты арнайы заң қабылдау қажеттігі туралы нақты сөз қозғалды. Ал 2002 жылдың мамыр айында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасы республикалық баспасөз беттерінде жарияланды. 2003 жылғы қаңтарда Парламент Мәжілісінің жұмыс тобы мемлекеттік жастар саясаты туралы заң жобасының үкіметтік нұсқасына депутаттар ұсынған түзетулерді қарады. 2004 жылғы 7 шілдеде «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға Нұрсұлтан Назарбаев қол қойды.
2013 жылдың ақпанында Үкімет 2020 жылға дейінгі жастар саясаты тұжырымдамасын мақұлдады. Ал 2015 жылдың ақпан айында «мемлекеттік жастар саясаты туралы» жаңа заң қабылданған. Осы заң аясында жастарды жастар ұйымдарының, консультативтік органдардың және жастардың өзін-өзі басқару органдарының қызметіне білім беру жүйесі мен еңбек ұжымдарында тарту заң жүзінде бекітілді. 2016 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі «Қазақстан-2020: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының екінші кезеңін іске асыру басталды. Ал 2018 жылғы 5 қазандағы Президент Жолдауында 2019 жыл – Жастар жылы деп жарияланғаны есімізде. Еліміздегі жастардың дені бұл жыл тек форум өткізумен шектелмесе, әсіре ұраншылдық пен даңғазалықтан ада, жастардың әлеуметтік мәселелері шешілетін жыл болса деп үміттенген еді. Ол үміт қаншалықты ақталды, білмейміз. Жалпы жастар саясатына қатысты ұзын-сонар заң жобаларының іс жүзінде берген нәтижесін көре алдық па? «Жастар – елдің болашағы» деген сөз тек жаттанды таптаурынға айналып кеткен жоқ па? Осы мәселелерге қатысты «Қазақстан студенттерінің Альянсы» Республикалық студенттер қозғалысы» қоғамдық ұйымының төрағасы Ілияс Түстікбаевтың пікірін білген едік.
– Қазіргі кезде жастар саясатының төңірегінде жүрген немесе бұрын айналысқан аға буын өкілдерінен сұрасаңыз, қазіргі жастар саясаты бұрынғыдай емес немесе жастар саясаты қазір тоқырауға ұшыраған деген сияқты пікірлерді естисіз. Шынымен де, жалпы алып қарасақ, жастар саясаты өтпелі кезеңді бастан кешіріп жатыр. Себебі, бұрынғыдай емес, жастар өзгерді. Көзі ашық, көкірегі ояу, батыс мәдениеті кең таралды. Соның әсерінен жастар саясаты да заман талабына сай өзгеріп жатыр. Ал, елімізде жастар саясатымен айналысатын немесе олармен тікелей жұмыс істейтін ұйымдар жиі сыналады. Флешмоб, форум ұйымдастырудан басқа жұмыс атқарылмайды деген қарсы пікірлер айтылып жатады. Жастардың ұйымдары негізінен идеологиямен айналысады. Ол – көзге көрінбейтін жұмыстар. Жол салу, көпір салу сияқты нәтижесі көзге көрінетін істермен айналыспағаннан кейін, әрине сын да көп болады. Флешмоб, форум сияқты жұмыстар, бір жағынан ұйымдастырылуы керек те, бірақ белгілі бір деңгейден асып, шектен шығып кетпеуі керек. Ал ұрандату мәселесіне келер болсақ, мұны қазіргі кезде популизммен шатастырып жатамыз. Кезінде ата-бабаларымыз ұрандату арқылы артына жастарды, халықты ерткен, бертін келе, 1986-1989 жылдары ұрандату арқылы талай қоғам қайраткерлері егемендік алуға, Семей полигонының жабылуына септігін тигізген. Сондықтан ұран мен популизмді шатастырмай, аражігін ажыратып алу керек. Қазір шынымен де осы сияқты мәселелер қоғамда талқыға көп түседі. Жастар ұйымдары, жастар болып, осы кереғар пікірді өзгертуіміз керек. Бос сөзге, бос ұранға, бос популизмге жол бермеуіміз керек. Нақты істерге, нақты жұмыстарға бет бұратын уақыт келді. Күні кеше сайланған депутаттар да нақты іске жұмылуы керек, билікке деген халық сенімін қалпына келтіруге жұмыс атқаруы керек деп есептеймін. Сенімсіздік неден туындайды? Үгіт-насихат жұмыстары кезінде популизм, бос уәдемен депутат болып алып, кейін айтылған сөз бен іс-әрекет қиыспай жатады. Сонымен қатар, қоғамда белгілі бір мәселе туындағанда, осыны жастар ұйымдары неге шешпейді немесе жастар арасындағы жұмыссыздық сияқты проблемалар өршіп тұрғанда жастар ұйымдары не істеді деген сауалдар туындамауы керек. Жастар ұйымдары – үкіметтік емес ұйымдар. Оларды мемлекет те, Үкімет те қаржыландырмайды. Сондықтан да олар өз жүрек қалауларымен ерікті ретінде жұмыс істейді. Қоғам мен Үкімет, халық пен билік арасын жалғастыратын көпір болып отыр. Пандемия өршіп тұрған төтенше жағдай кезінде жастар ұйымдары нақты істер атқарып, халықпен бірге екендерін, билікке де көмектесе алатынын дәлелдей алды деп ойлаймын. Біз, жастар ұйымдары халыққа қолдау көрсетуге, жаңадан сайланған депутаттар мен бекітілген Үкімет құрамына қашан да қолдау көрсетуге, бірге жұмыс атқаруға әрдайым әзірміз, – деп түйіндеді ұйым төрағасы.«Адамның жасына қарап арнайы бір саясат жасау дұрыс емес» Ал саясаттанушы Дос Көшім жастар саясаты деген ұғым мүлде болмауы керек деп есептейді.
– Біріншіден, жастар саясаты деген түсінікті өз басым қабылдамаймын. Жастарға қандай ерекше саясат жасау керек? Мемлекеттегі жағдайдың барлығы жастарға да қатысты ғой. Мысалы, бүгін 30 жаста болып, жастар қатарында жүрсе, ертең 31-ге толып, кәрі бола ма? Жастар саясаты деп бөлгеннен кейін, үлкен адамдар саясаты, егде адамдар саясаты деп бөлек қарастыру керек болады. Адамның жасына қарап арнайы бір саясат жасау дұрыс емес. мүмкін жастарға одан гөрі әлеуметтік жағдай жасау керек шығар: отбасын құрғандарға немесе баспана жағынан қолдау деген сияқты. Бірақ бұл әлеуметтік тұрғыдан алғандағы жеңілдіктер, ал жастар саясаты деген ұғым болмауы керек. Бұл – кезіндегі кеңес дәуірінің идеологиясы. Екіншіден, депутаттың жасы 25-те бола ма, 92-де бола ма, жасқа қарай бөліп, ерекшелеуді де өз басым құптамаймын. Адамда біліктілік деген болады. Біреулер ерте жетіледі, ақылы ерте толысады. Мүмкін 17 жастағы бала ақыл айтып, 30-дағы ересек адамнан асып кететін шығар. Неге біз оны жас деп ерекшелеп, бөлуіміз керек? Мәселе оның жасында емес, ақыл тоқтатып, жақсы бір ой айта білуінде немесе қоғамға өзінің еңбегін сіңіруінде. Бұл – ешқашан да жасқа қарамайтын нәрсе. Ал форумдарда массовка ретінде жастарды ғана емес, барлығын пайдаланады. Бір ауылдың адамдарын жинап алып мынадай мәселе көтеріліп жатыр, осыны қолдайық деп оларды да пайдаланады, жасты да, зейнеткерді де, әйелді де, түрлі ұйымдарды да пайдаланады. Бұл – саяси технологияға жатады. Сондықтан, бұл жерде де бәріміз теңбіз.Шетелдегі жастар саясаты қандай міндет атқарады? ХХ ғасырдың 50-жылдары көптеген мемлекеттегі билік пен қоғам консервативті көзқарас ұстанды. Соған сай жастар ерекше топ ретінде бөлек қарастырылмаған. 1960 жылдары ұрпақтар арасындағы қақтығысты көрсететін, «жастар – қорқынышты да қауіпті» деген ұғым пайда болған. Сонымен қатар жастардың, әсіресе маргинал жастардың проблемаларына қатысты мемлекеттік және әлеуметтік қызметтер пайда бола бастаған. Біріккен Ұлттар Ұйымы жастар саясатының қажеттілігін алға тартып, 1965 жылдан бастап жастарға деген қарым-қатынастың жаңа принциптерін жариялайтын бірқатар құжат қабылдады. Ұйым жастар саясатын жеке топқа бөліп қарау керек деген мәселе көтерген. Ал 1970 жыл жастар саясатындағы демократиялық бастаулардың қалыптасу кезеңі болды. Осы кезде «Жастар – мемлекет пен қоғамның үміт шырағы» деген түсінік берік орнықты. Содан бастап қазірге дейін Батыс елдерінде жастар саяси процеске белсене араласады. Жалғыз Еуропада ғана емес, әлем бойынша жастар саясатына қатысты ортақ түсінік қалыптасқан. Бірақ батыстағы жастар саясаты біздің елге қарағанда басқаша жүргізіледі. Қазіргі Еуропа елдеріндегі жастар саясатының мақсаты – жастар мен жасөспірімдердің қоғамға, ересек адамдардың қатарына қиындықсыз, ешқандай проблемасыз қосылуын реттеу. Яғни жастар кәсіби дағдыларды игеріп, өз құқықтары мен міндеттерін толықтай меңгереді, азаматтық және адамгершілік тәрбие курсынан өтеді. Осылайша, жастар ересек өмірге бұрыннан қалыптасқан, толыққанды және саналы тұлға ретінде енеді. Мәди Ахметов секілді депутаттық мандатқа ие болған жастар әлемде жетерлік екен. Мәселен, Мари Блэк 2015 жылы небәрі 20 жасында Ұлыбританияның Қауымдар палатасының мүшесі болған. Ол 2014 жылы Шотландияның тәуелсіздігі туралы референдумды дайындауға қатысыпты. 26 жастағы Джордон Стил-Джон 2017 жылы сайланған Австралия парламентінің ең жас мүшесі болған. 28 жастағы Тайфани Дегуа Францияның «Алға, Республика!» әлеуметтік-либералды саяси партиясының, Францияның Ұлттық Ассамблеясының мүшесі. Сайед Саддик те 28 жаста, ол 2018 жылы Малайзия парламентіне кіріп, шілде айында Жастар ісі және Спорт министрі боп тағайындалған. 24 жастағы Эбба Германсон – 2018 жылдан бері Швеция үкіметінің ең жас мүшесі. Статистика комитетінің мәліметінше, қазір еліміздегі жастардың саны 4 миллионнан асады. Жастар қай қоғамда, қай елде болмасын алапат күш-жігер мен қайраттың, максимализмнің символы. «Жас келсе, іске» демекші жастардың саясат пен билікке араласуын көпшілік жақсы бастама деп есептейді. Тек шын білімді, шын мінезді, шын еңбекқор жастар көш бастаса игі.