Канада Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істейтін қазақ қызы: Ұлымның Қазақстан намысын қорғағанын қалаймын

Канада Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істейтін қазақ қызы: Ұлымның Қазақстан намысын қорғағанын қалаймын

Канада Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істейтін қазақ қызы: Ұлымның Қазақстан намысын қорғағанын қалаймын
ашық дереккөзі
50611
Жуырда қазақстандық спорт порталдарының біріне сұхбат берген 17 жастағы Марк Уэбб есімді канадалық хоккейші Алматыда дүниеге келгенін, алдағы уақытта хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсеткісі келетінін айтқан болатын. Марктің анасы Нұргүл Канада Үкіметінде, нақтырақ айтсақ, Сыртқы істер министрлігінде сауда жөніндегі кеңесші қызметін атқарады екен. Бүгінде Канада астанасы Оттавада тұратын қандасымызбен хабарласып, әңгімеге тартқан едік.  width= – Нұргүл, жуырда отандық спорт порталдардың бірінде қыз­мет ететін журналист ка­на­далық жасөспірімдер коман­да­сының тізімін ақтарып отырып, ұлыңыз Марк туралы деректер­де оның Алматыда туғанын оқып таңғалып, артынша қы­зы­ғушылығы артып, оны іздеп тауып, сұхбаттасқан. Канада­ның хоккей державасы ретінде әлем­ге танымал екенін ескеріп, ұлыңызды сол елге арнайы әкел­діңіз бе? Әлде аталған елге бас­қа себептермен көшіп бар­дыңыздар ма? – Өзім – Қызылорда қаласының ту­масымын. Қорқыт ата атындағы Қы­зылорда мемлекеттік универ­си­тетінде бухгалтерлік есеп және эко­номика мамандығы бойынша бі­лім алдым. Алайда бұл маман­дық­қа деген қызығушылығым болмады. Кеңес үкіметі кезінде ата-анаңның айтқаны заң болатын, олар қайда тап­сыр десе, сонда тапсырасың. Оның үстіне, әкем өте қатал кісі бол­ды. Бастапқыда Алматыға оқуға тап­сырғым келген, бірақ әкем «Қыз бала алысқа бармауы керек. Осында оқи­сың!» деп үзілді-кесілді қарсы­лығын білдірді. Сосын жүрегім қа­лаған мамандық – құқықтану бойын­ша оқу үшін Ахмет Ясауи атын­дағы халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алдым. Кейін­нен Қызылорда облыстық әді­лет басқармасында заңгер болып жұ­мыс істедім. Сосын әкемді көн­ді­ріп, Алматы қаласына көштім. Сол уа­қытта бас кеңсесі Алматыда ор­на­ласқан KEGOC компаниясына жұ­мысқа тұрдым. Кейіннен Ұлттық банк­ке ауыстым. Сол жылдары аме­ри­калық компанияда консультант қызметін атқарып жүрген күйеуім сол банктің ішіндегі кеңселердің бірін жалдап, сонда жұмыс істейтін. Ол да мен секілді заңгер. Сөйтіп, сол ғимараттың дәлізінде кездейсоқ танысып, артынша көңіліміз жа­расып, отбасылы болдық. Үлкен жә­не ортаншы ұлым Қазақстанда ту­ды. Кейіннен жолдасымның жұ­мыс бабымен Черногория, Албания, Үн­дістан, Болгария және Армения ел­дерінде тұрдық. Сосын Канадаға келіп, соның ішінде ел астанасы Оттаваға тұрақтадық. Осында кіші ұлы­мыз дүниеге келді. Қазір Отта­вада тұрып жатқанымызға он бір жыл болды. – Ұлдарыңыздың ағылшын жә­не қазақ тіліндегі қос есімі бар екенін айтып қалдыңыз. Төл­құжатта да солай жазылған ба? – Иә, құжаттарында қос есімі жа­зылған. Үлкен ұлымның есімі – Эрик-Әкежан. Ол дүниеге келерден бір жыл бұрын әкем дүние салды. Сол себепті тұңғышымды Әкежан деп атауды жөн көрдім. Екінші ұлым­ды Марк-Әсет деп атадық.  Ал кен­жемізді әкесі Фин-Абай деп атауды жөн көрді. Негізі, жолдасым Абай туралы көп мәлімет біледі. Үйде ұлы ақынның ағылшын тіліне ау­дарылған кітаптары жетерлік. Оның үстіне, балаларымды кішкене кезінде жыласа «Көзімнің қарасын» ай­тып, жұбатып отыратынмын. Сол се­бепті біздің отбасы Абайдың шы­ғармашылығымен таныс деп айта аламын.  width= – Әлгі спорт журналисіне сұх­бат берген ұлыңыз Марк-Әсет сіздің Канада үкіметінде жұ­мыс істейтініңізді айтыпты. Ше­тел азаматына бөгде елдің үкі­мет аппаратына жұмысқа тұру оңай емес екені белгілі. Бұл қызметке қалай қабыл­дан­дыңыз? – Оттаваға келген соң, Carleton университетінің магистратура бө­ліміне оқуға түсіп, халықаралық қа­тынастар факультетінде білім алдым. Магистратурада оқып жүр­гендерге мемлекеттік қызметке ор­наласуға мүмкіндік беретін ар­найы бағдарлама бар. Жалпы, Ка­надада министрлікке жұмысқа тұру екінің бірінің қолынан келе бер­мейді. Бірақ мен әлгі бағдарлама бойын­ша конкурстан өту үшін барым­ды салдым. Жолым болып, ақы­рында Сыртқы істер ми­нистр­лігіне жұмысқа қабылдандым. Онда сату жөніндегі кеңесші қызметін ат­қарамын. Бұл министрлікте жұ­мыс істегеніме биыл алты жыл бол­ды. Канаданың өзге елдермен сау­да қатынастарын дамытуға ат­са­лысамын. Қазақстанмен байла­ныс­ты іске араласпаймын. Алайда осын­дағы Қазақстан елшілігінде жұ­мыс істейтін қазақтарға көмек­те­сіп тұрамын. Әсіресе, олардың әйел­дері ағылшын тілін жөнді біл­мейтіндіктен, ауруханаға тіркелу, мектепке қабылдану секілді мәсе­ле­лерін шешіп беремін. Сондай-ақ аудар­ма жасап беремін. Жалпы, Қа­зақ­станда жүрмесем де, елде бо­лып жатқан жайттарды сырттай ба­қылаймын. Әсіресе, жуырда өткі­зілген Парламент Мәжілісі және мәс­лихат депутаттарының сай­лауын бақыладым. Сосын панде­мия­ға байланысты елдегі эпиде­мио­логиялық ахуал туралы жаңа­лықтарды үзбей оқып тұрамын. – Тағы сол сұхбаттан білге­німіз­дей, ұлыңыз Марк-Әсеттің ар­маны – NHL (National Hockey League) лигасында өнер көрсету және туған жері – Қазақ­стан­ның ұлттық құрамасы сапында ой­нау. Қазақстандағы бапкер­лер NHL секілді әлем бойынша үздік саналатын лигада ойнау тәжірибесі бар ойыншыны құ­ра­маға қуана-қуана шақыра­ты­ны белгілі. Оның үстіне, елдегі жетекші командалардың біріне бастапқыда легионер ретінде қосылып, кейіннен азаматтық алып, бүгінде ұлттық құрама са­нында ойнап жүрген кана­далық ойыншылар жетерлік. Байқағанымдай, алдағы уақыт­та ұлыңыздың Қазақстанның намы­сын қорғайтын хок­кей­ші­лер сапына қосылғанын қа­лай­тын секілдісіз? – Иә, біз соны қалаймыз, құп­тай­мыз. Қазақстан құрамасына шақырады деп үміттеніп отырмыз. Әкесі әлгі сұхбат шыққан соң оған «Бол­­ды, сен енді Марк-Әсет Махам­бет­сің (Нұргүлдің қыз кезіндегі тегі – ред.). Қазақстанға барғанда, өз те­гіңе сай болуың керек» дейді.  Ал мен «Барыс» командасында ой­найтын боласың. «Барыс» барлығын жеңеді» деп айтып отырамын. Егер елге шақыратын болса, мен де қа­сына еріп келетін едім. Жалпы, Марк-Әсет бастапқыда Канадаға келгісі келмеген. Әкесінің жұмысы бойынша түрлі елде жүргенде Кана­даға тек еңбек демалысында келіп-кетіп жүретінбіз. Сол себепті әдепкіде Канада ұлдарыма тек туристік орын секілді көрінетін. Ар­мениядан сонда көшеміз деп шешім қабылдағанда Марк «Онда бар­ғанда біз не істейміз?» деп бар­ғысы келмейтінін айтқан болатын. Әке­сінің «Балам, онда америкалық фут­бол немесе хоккей спорты та­ны­мал. Соның біреуімен шұғыл­да­на­сың» деп айтқаны есімде. Не­гізі, Марк-Әсет хоккеймен қатар, фут­болды да жақсы ойнады, тіпті ко­манда капитаны атанғаны бар. Со­сын екі спорттың біреуін таң­дай­тын кезде, хоккеймен кәсіби түрде шұ­ғылдануға бел буды. Бірде От­тава­да Қазақстан жасөспірімдер құра­масының Чехия командасына қарсы өткізген ойынына билет пен «Қа­зақстан» деген жазуы бар шарф са­тып алып, аренада «Алға!» деп ай­қайлап, отбасымызбен жанкүйер бол­ғанбыз. Ұлдарым қазір де «Ана­шым, қазір Қазақстан құрамасы ойнай­ды! Кеттік, бірге көреміз!» деп мені өздерімен ертіп алады. Айт­пақ­шы, ұлым берген сол сұхбатты жұ­мыстағылармен бөліскенмін. Қазақстандағы Канаданың Төтенше және өкілетті елшісі Николас Брус­со оқығысы келетінін айтып, сіл­те­месін жіберуімді сұрады. Жалпы, бұл сұхбат  Қазақстан мен Кана­да­ның арасындағы сыртқы қаты­нас­тарды жақсартуға септігін тигізетін фак­тор деп айта аламын.  width= – Әлеуметтік желідегі парақ­шаңыздан байқағанымыздай, Марк-Әсет жыл сайынғы өтетін драфты кезінде былтыр Ка­на­дадағы жасөспірімдер лигасы­ның көш басында тұрған, 15-тен 20 жасқа дейінгі ойыншылар ой­найтын OHL-дегі (Ontario Hockey League) Guelph Storm ко­мандасына қабылданыпты. Қа­зір ол аталған командаға то­лыққанды қабылданды ма, әлде Carleton Place Canadians сапын­да ойнап жүр ме? – NHL-дегідей жасөспірімдер лигасында да жыл сайын драфт ұйымдастырылады. Драфт кезінде жоғары лигада ойнайтын клуб басшылары жыл бойы ерекше көзге түскен, жақсы көрсеткішке ие ойын­шыларды таңдап алады. Сол драфт кезінде ұлымның да жолы бо­лып, өзі ойнап жүрген лигадан жо­ғары лигаға, соның ішінде Guelph Storm командасына ойнау мүм­кіндігі бұйырды. Алайда қазір пан­демияға байланысты хоккей ойы­ны өткізілмейді. Алдағы уақыт­та барлығы түзелер деп үміттеніп, ұлымның ойынға араласуын күтіп отырмыз. – Үлкен ұлыңыз Эрик-Әке­жан мен кенжеңіз Фин-Абай да спортқа жақын ба? – Үлкенім университетте кри­ми­нология факультетінде оқиды. Ол да біз секілді заңгер болғысы ке­­леді. Алайда Канадада заңгер ма­ман­дығын меңгергісі келетін жас­тар алдымен ұқсас мамандық бойын­ша бакалавриат бөлімінде оқып, сосын заңгер дипломын алу­ға мүмкіндік беретін екінші оқуды оқуы тиіс. Ал Фин-Абай он бір жас­та. Қазір күллі әлем оқушылары се­кілді мектепте қашықтан оқуға мәж­бүр болып жүр. Оқудан тыс уақытта каратэмен айналысады. – Әдетте шетелде жұмыс іс­тейтін қазақтармен әңгіме­лес­сең, ағылшын тілін аралас­ты­рып, сөз соңында қазақ тілін күн­делікті қолданып жүрме­ген­діктен, аздап ұмыта бастағанын айтады. Ал сіз керісінше менің кейбір сөзімді түзеп, қазақша таза сөйлеп отырсыз... – Сыртта жүргеніме көп жыл бол­са да, қазақшамның таза сақтал­ған себебін айта отырайын. 1991 жылы Кеңес Одағы ыдыраған соң, республика бойынша қазақылан­дыру процесі басталды. 1994 жылы Қызылордадағы облыстық әділет басқармасына жұмысқа тұрғаным­да, жоғары жақтан ондағы құжат­тар­дың түгелі дерлік қазақ тіліне ау­дарылуы керек деген бұйрық ке­ліп түсті. Сізге өтірік, бізге шын, құ­жаттың барлығын қазақ тіліне ау­дару бізге қиынға түсті. Өзіңіз бі­лесіз, Кеңес үкіметі кезінде би­лік­тегілер бізді дініміз бен ділімізді ғана емес, тіліміз бен тегімізді де ұмы­туға итермеледі. Ал егемендік алып, етек-жеңімізді жиып, жаппай қа­зақыландыру басталғанда құ­жат­тарды аударайық десек, арнайы бе­кі­тілген сөздік жоқ, ешқандай ере­же жоқ. Сол кезде өз білгеніміз бойынша аударып шыққанбыз. Әлі есім­де, қазақ тілінде консультация өт­кізетінмін. Азаматтарға құжат­тары­ның қазақ тілінде қалай жазы­ла­тынын егжей-тегжей түсіндіре­тінмін. Анам осында келген сайын «Қызым, сыртта жүрсең де қазақ тілің жақсы. Басқа жерде тіліміз шұ­­барланып айтылады. Ал қы­зы­лор­далықтардың қазақ тілі таза» деп айтады. Мақтанғаным емес, бі­рақ Қызылорда – қазақылықтың қай­мағы бұзылмаған өңір. Тұр­ғындарының 95 пайызы қазақ тілін­де сөйлейді. Бәлкім, қазақшама өзге тілді араластырмай, таза сөй­лей­тінім де осы себептен болар. Не­гізі, мен қазақ және ағылшын тіл­дерінен бөлек, француз, серб жә­не болгар тілдерін білемін. Үйде­гі­лер­­мен сөйлескенде екінші тілді ара­ластырмауға, тілді шұбарламауға тырысамын. Әсіресе, ұлдарыммен сөй­лескен кезде осыны қатты қада­ғалаймын. Сосын қазақ тілін ұмы­тып қалмас үшін туған-туыс­тарым­мен жиі сөйлесуге тырысамын. Ал ұл­дарым жетік сөйлей алмаса да, жақсы түсінеді. Анаммен әңгіме­ле­сіп отырғанда үлкенім «Не айтып жат­қандарыңызды біліп отырмын» дейді.  Үйде бірдеңе бүлдіріп қойға­нын байқап ұрыссам, ұлдарым «Жайшылық па?» деп қазақша ай­та­ды (күліп). Сосын «Болды, жарайды» десем, «Уай, болды? Мен ештеңе іс­те­ген жоқпын» деп шығады (күліп). Ал кенжем Фин-Абайды еркелетіп «Ұлым» деп бастасам, ол бірден «Жа­ным сол! Құдай бере салған сол! Ай қылып, күн қылып бере салған сол, солай ма?» деп қазақ тілінде жал­ғастырып әкетеді. Сосын олар Мю­зикола тобы орындайтын «Әй-әй, бөпем» атты бесік жырын жатқа біле­ді. Олар кішкентай болғанда ауыл­ды сағынып, осы әнді жиі ай­та­тынмын. Қазір «Ауылым көшіп ба­рады...» деп бірінші шумағын ән­детіп бастасам, олар «Алмалыға-ай...Кім көнбейді тағдырдың салға­ны­на-ай» деп «іліп» әкетеді (күліп). – Кенжеңіз есімінің кімнің құр­метіне қойылғанын білетін болар? – Иә, біледі. Үнемі айтып оты­ра­мыз. Бірде Алматыда қыдырып жүр­генімізде Абай даңғылынан өтіп бара жатып «Ана жерде жазыл­ған жазу менің есімім секілді ме?» дейді. Сосын Абай есімімен аталған мет­рода ақынның мрамормен бе­зендірілген бейнесін көрсетіп, ол тура­лы бар білгенімізді айтып бер­дік. Жалпы, Фин-Абай Қазақстанды ерекше жақсы көреді. Қызылордада туысымыздың үйлену тойына бар­ғанымызда той тойлап, көңіл кө­теріп жүрген халықтың дарқанды­ғы мен кең пейіліне риза болып «Мен осында тұрғым келеді. Адам­дар сондай көңілді» дейді. – «Анам бізге қазақ тағам­да­рын әзірлейді» дейді тағы Марк-Әсет сұхбатында... –Иә, бауырсақ пісіремін. Сон­дай-ақ палау, мәнті әзірлеймін. Жеті шел­пек пісіріп таратамын. Оттавада тұратын мұсылмандар саны аз. Ұлдарыма әруақтарға құран бағыш­тап, шелпек таратып, өмірден озған туыстарды, әсіресе әкемді еске алып тұру керек екенін айтып, «Бізде осы­лай істейді» деп түсіндіремін. Не­гізі, үлкен ұлым әкеме қатты ұқсай­ды. Әкемнің де шашы бұйра бо­латын, екеуінің мінезі де өте ұқсай­ды.  

Сұхбаттасқан

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары