«Байтақ» жасылдар партиясы Жамбыл облысы Жамбыл ауданындағы Бесағаш ауылы тұрғындарымен кездесті. Ашық диалог форматында өткен жиында партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, өңірдің экологиялық мәселесі талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Филиалдың атқарушы хатшысы Ихтияр Мұрзахметов экологиялық қауіпсіздік, жасыл экономиканы дамыту және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бағытындағы бастамаларға тоқталды. Ал сенімді өкіл Арман Мүсірепбаев сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын түсіндіріп, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
Жиын барысында ауыл тұрғындары тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау жүйесін енгізу, емдік бұлақ аумағын абаттандыру, ауыз су сапасын зерттеу, жайылым жерлерді сақтау, фермерлерді қолдау, ауыл аумағының шекарасы және кәріз тазарту құрылыстарының жұмысына қатысты түйткілдерді көтерді.
Партия өкілдері барлық ұсыныстар мен көтерілген мәселелер назарға алынатынын айтып, оларды шешу жолдарын заңнамалық деңгейде қарастыру маңызды деді.
Жиын соңында қатысушыларға сайлауалды бағдарлама туралы ақпараттық материалдар таратылды. Партия өкілдері азаматтарды алдағы Құрылтай сайлауына белсенді қатысуға шақырды.