1296
Тәуелсіздік ұрпақтары ой толғайды
Тәуелсіздік ұрпақтары ой толғайды
Биыл сан ғасыр бойы армандап жеткен Тәуелсіздігімізге – 30 жыл. Президент
Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында егемендігіміз бен елдігіміздің тірегі болатын басты бағыттарға тоқталып, іргеміздің берік болуы үшін қажет шараларды да айқындап берді. Сондай-ақ, өскелең ұрпақтың әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті. Бұл мақсатта азаттық жылдарында дүниеге келген, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды ұсынды. Осы орайда Túrkistan халықаралық газетіне өндірістік тәжірибеден өтуге келген Л.Гумилев атындағы ЕҰУ студенттерінің Тәуелсіздік туралы ойларын тыңдап, басылым бетіне жариялауды жөн көрдік.
Ернұр ЖӘМЕЛ:
Тәуелсіздік дегеніміз – өзіңді азат сезіну
– Тәуелсіздік дегеніміз – өзіңді азат сезіну, өзіңнің Конституцияң, төл теңгең, шегелеп қойған жеріңнің болуы. Біздің Тәуелсіздігіміздің тарихы тереңде жатыр. Президентіміз «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында сақ заманынан бері осы жерде мекен еткен халық екенімізді, ендігі жерде Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін нақты іс-қимыл жасайтын кез келгенін атап өтті. Менің ойымша, Тәуелсіздіктің ең басты сыйлығы – өзімізді азат сезінуіміз.
Азаттық пен бостандықты аңсаған бабаларымыз қасиетті жерімізді қорғау үшін өлшеусіз қан мен тер төкті. Болашақ ұрпақтың бақытты өмірі үшін жан беріп, жан алысқан бабалардың арманы орындалды. Олар аңсаған бейбіт күнге біз куәміз. Шүкір, тұғырлы Тәуелсіздігіміз бар. Елбасымыз айтқандай, «Тәуелсіздік жалпыға ортақ еңбек». Ол бір ғана адамның еңбегі емес және бір күнде келген жоқ. Ол тарихта ізі, жүректе сызы қалған небір оқиғалардың, ата-бабаларымыздың кіндік қаны тамған жерін қорғау үшін төгілген қан мен терінің нәтижесі.
Мен жүрегінде патриоттық сезімі бар әрбір азамат өзі еңбек етіп жүрген саласында нәтижелі жұмыс істесе, мемлекет үшін өз үлесін тигізеді деп ойлаймын. Өзім баспагер мамандығы бойынша білім алып жатырмын, дипломдық жұмысымның тақырыбы ретінде кітап жарнамасы немесе әдеби агент қызметі тақырыбын алып зерттегім келеді. Елімізде дамуы кенжелеп отырған әдеби агент қызметінің жандануына үлес қосуды мақсат етіп отырмын. Жазушыларды жаңашылдыққа, ізденіске шақыра отырып, тарихи кітаптардың көптеп басылуына, әлем тілдеріне аударылуына мұрындық болғым келеді.
Ойымды түйіндейтін болсам, жастар еліктеушіліктен арылып, қандай да бір идеологияның жетегінде кетпей, стереотиптерге көне бермей, өзінше әрекет етіп, түзу жолда жүргенде еліміз де дамудың даңғыл жолына түседі деп ойлаймын.
Аяулым ШАХМАШОВА:
Бақытты ұрпақ екенімді түсінемін
– Маған Тәуелсіздіктің бергені көп. Ең бастысы ата-анам мені бейбіт заманда дүниеге әкелді. Мен Тәуелсіздіктің жарқыраған таңында жарық дүниенің есігін ашқаным үшін бақытты ұрпақ екенімді түсінемін!
Енді біздің ең басты мақсат – Тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, елге қызмет қылу. Әрине, біз әлі жаспыз, бірақ бұл алдағы уақытта еліміздің дамуына үлес қосуға кедергі емес. Елімізді көркейту үшін аянбай еңбек етеміз. Туған өлкеміздің кең байтақ Қазақстан екенін ес біліп, мектеп табалдырығын аттаған сәттен-ақ зердемізге түйіп, санамызға сіңіріп келе жатқан ұрпақпыз. Халқымыздың жағдайын бүгіннен бастап ойлануымыз қажет. Біздер егемен елдің тізгінін ұстайтын жастармыз. Елге, халыққа қызмет етіп, келешек ұрпаққа үлгі болғымыз келсе, біздер әуелі өзіміз саналы да тәрбиелі, білімді де жігерлі болуымыз керек. Сонда ғана біз шын мәнінде нағыз жаңашыр азаматқа айналамыз.
«Менің елім, менің тағдырым» деп ойлайтын әрбір азамат елінің болашақтағы тағдырын бүгіннен ойлауы қажет. Өйткені егемен еліміздің болашағы өзіміздің қолымызда.
Ераман ТАЛАПҚАНҰЛЫ:
Тәуелсіздіктің арқасында Атамекенге оралдым
– Менің отбасым Тәуелсіздіктің арқасында Қытайдың Алтай аймағынан Қазақстанға көшіп келді. Егер еліміз тәуелсіздік алмаған болса, мұндай бақытқа қолымыз жете ме, жетпей ме, белгісіз. Отаныма келмесем, сол елде қатардағы Қытай азаматы болатын едім. Қытайдан көшіп келудің өзі біздің әулет үшін оңайға соқпады. Қазақтың ұлттық құндылықтарын, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін сақтап келген біз Тәуелсіз еліміздің дамуына титімдей болса да үлес қостық деп айта аламын. Елбасының шетелдегі қазақтарды елге тартудағы негізгі мақсаты ұлттық мәдениетімізді, дәстүрімізді қайта жаңғырту болатын. Біз соны іске асыра білдік деп ойлаймын.
Тәуелді болу деген бір шаруашылықты екі үйдің жүргізгені сияқты нәрсе деп ойлаймын. Шаруашылық отарлаушы елдің қоластында, ал отар ел барлық жұмысты істейді. Дәл сол сияқты Тәуелсіздік сіздің өзіңіздің еңбегіңіз, сіздің өзіңізге, яғни Отаныңыздың игілігіне қалады. Не істесеңіз де өзіңіз үшін, еліңіз үшін істейсіз.
Виктория ГОРЕЛОВА:
Қазақша сөйлегенімде бәрі таңғалатын
– Мен қазақ елінде тудым. Орыс тобында орын болмағандықтан балабақшада қазақ тобында тәрбиелендім. Қазақ тілінде еркін сөйлеп, ойымды жеткізе алғандықтан ата-анам қазақ мектебіне берді. Бастауыш сыныпта қазақша сөйлегеніме бәрі таңғалып қарайтын, кейін үйреніп кетті. Қазір жанымдағы студент достарымның барлығы қазақ. Тіпті менің өзге ұлт екенімді ұмытып кетіп жататын кездері де болады. Өзім тәуелсіз елде дүниеге келгеніме қуанамын. Болашақта өз мамандығымды жан-жақты меңгере отырып, мемлекеттік тілді жетік білетін сапалы маман болғым келеді. Өзім болашақ журналист болғандықтан қазақ тілін білуімнің көптеген артықшылықтары болады деп ойлаймын. Тілді меңгеру арқылы қазақ халқының салт-дәстүрін, рухани әлемін тани түстім деп айта аламын. Президентіміз айтқандай, мемлекеттік тілді меңгеремін деген адамда ниет болса жеткілікті. Жастар бірнеше тілді меңгеріп жатса, бұл да Тәуелсіздікке қосқан үлесіміз деп білемін.
Айдана ИБРАЕВА:
30 жылдағы жетістік – ел дамуының көрсеткіші
– Мен үшін еліміздің Тәуелсіздігі саяси дербестікті, яғни ұлтымыздың басқа мемлекеттерге тәуелді болмауын білдіреді. Тәуелсіз Қазақстанда туып-өскенімнің арқасында мен өзімді еркін адам ретінде сезінемін.
Еліміз тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өмір сүру деңгейін дамытуда алға қарай елеулі қадам жасады. Қазақстан әлемдік аренада қарқынды дамып келеді, белгілі бір салаларда дамыған елдермен бәсекелеседі.
Әрине, біздің ұрпақ көптеген тарихи оқиғалардың куәсі болды. Біздің ата-анамыз еліміздің қалыптасуының бастауында тұрды. Меніңше, Тәуелсіздіктің алғашқы 30 жылы еліміздің одан әрі дамуының басты көрсеткіші болып саналады.
Мен бақыттымын, себебі менің таңдауға құқығым бар. Тәуелсіздігіміздің арқасында біз қалаған мамандығымыз бойынша өз елімізде және шетелде білім алып, еркін жұмыс істеп, жанымыз қалаған кәсіппен шұғылданып, өз ісімізді бастай аламыз.
Әсел ИСЛАМОВА:
Мақсатым – ел дамуына өз үлесімді қосу
– Тәуелсіздік оңай келген жоқ, ол бәрімізге мәлім. Бұл – қазақ халқының ғасырлар бойы көздеген арман-мұраттарының орындалуы.
Тәуелсіз мемлекетке айналу, бізге үлкен серпіліс, күш берді. Тарихи күш десе де болады.
Тәуелсіз мемлекет бола салысымен, көптеген шұғыл сұрақтарға шешім табылды. Неше түрлі ауыртпашылық әкелген Семей полигоны жабылды, Арал теңізі мәселесі шешілді, тарихи мұра, мәдениетіміз, қазақ тілі қайта жаңғыртылды, табиғи байлығымызды өз иелігімізге қайтара алдық.
Қазір біз болашағымызға сеніммен қарай алатын, зайырлы, өркениетті, индустриалдық жаңғыру жолында жоғарғы қарқынмен дамып келе жатқан мемлекетпіз.
Тәуелсіздікке дейінгі кезеңде экономика, ішкі және сыртқы саясатпен қатар, табиғи қорларымыз да басқа мемлекеттің қарамағында еді. Сол қиын-қыстау кезеңде, қазақ халқының сана-сезімі, намысы оянды. Жігерлі қазақ жастары өз жерімізде лайықты күн көруге талпынды, өз ана тілімізді, мәдениетімізді құрметтеді.
Президентіміз жастардың білімі, жұмыс орындары жайында өз Жолдауында да айтып өтті. Осы тұста жастарға заманауи білім берумен қатар, өңдеуші өнеркәсіпті жақсарту мақсатымен жаңа мамандар даярлау керек деп ойлаймын. Қазіргі таңда жастар көбінесе билікке ұмтылады. Мемлекетімізде бірі заңгер, бірі мұнайшы, бірі экономист болғысы келеді. Қазір осының салдарын көріп келеміз. Халықаралық нарықтың кесірінен болған мұнай бағасының түсуінен қаншама жұмысшы жұмыс орнынан босатылды. Артынан қол қусырып қарап отырған жанұялары, іні-қарындастары бар. Мұндай сценарий қайталанбау үшін жастардың экономиканың игерілмей қалған салаларына құштарлығын ашу керек. Жастармен жұмысты тек сауаттылық жағынан ғана емес, мектептер мен жоғары оқу орындарын қазіргі заманға сай техникалық құралдармен, инновациялық жабдықтармен қамтамасыз ету керек.
Әрине, жас буын ретінде менің болашаққа деген сенімім мол. Біз өз еліміз үшін еңбек етеміз. Жеткен жетістігіміз де өз еліміздің дамуына ықпал етеді. Яғни әрқайсысымыздың атқарған жұмысымыздың нәтижесі өз елімізде қалады. Польшада жарты жыл жұмыс істеп, елге оралатын кезде «Неге шетелде ары қарай жұмыс істей бермедің?» деп сұрады. Шетелде жұмыс істеуге мүмкіндік болды, бірақ «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегендей, өз елімнің патриоты болғандықтан Қазақстанға қайтып келдік. Еліміздің дамуына өз елімізде жүріп үлес қосу – мақсатымыз.
Жазып алған
Арайлым Бимендиева