645
Ұстазға құрметтің үлкені – еңбегінің әділ бағаланғаны
Ұстазға құрметтің үлкені – еңбегінің әділ бағаланғаны
Ұстаздар қауымы ұзақ күткен «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылданғанына бір жылдан асты. Ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту, материалды емес стимул тетіктерін қарастыру және материалдық ынталандыруды көздеген жаңа заң педагог мәртебесін айқындауды басты мақсат етіп қойды. «Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың реті қалай, мұғалімдердің жұмысында не өзгерді, қағазбастылық қаншалықты азайды?» деген сауалдарға сарапшылардан жауап іздеп көрген едік.
Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ,
Нұр-Сұлтан қаласындағы №51 мектеп-гимназиясының директоры:
Қағазбастылықтың себебі – сауатсыздық
– «Педагог мәртебесі туралы» заңды қабылдауға алғашқы ұсыныс жасаушы ретінде көптеген мәселе көтердік. Түйе сұрасаң, бие береді дегендей, ұсыныстардың жартысы қабылданып, заңмен бекітілді. Қабылданған бұл заңда мұғалімдерді ынталандыру мүмкіндіктері көбірек қарастырылған. Мысалы, ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистратура бітірген маманға қосымша ақы төленеді. Сонымен қатар жақында астанада 100-ге жуық мұғалім үй алуға қайтарымсыз миллион теңге сертификатқа ие болды.
Заң қабылдау барысында ең басты көзделген дүние – білім саласына сапалы кадр тарту. Кез келген салаға мықты мамандар материалдық жағдай жасалғанда келе бастайды. Заң аясында мұғалім жалақысының артуы осы мақсатты көздейді. Иә, заңның жетілдіретін тұстары көп, өйткені керемет бір заң қабылданып кетеді деу мүмкін емес.
Ал енді мұғалімдерді бұрынғыдай қолжаулық қылу, басы артық шаруаға жұмсау деген мәселеге келсек, бұл орайда бір ғана нәрсе айтқым келеді. «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» дегендей, заң түзелді. Енді сол заңмен қорғалатын мұғалім өзінің құқын қорғай алатын болуы керек. Жалпы, біздің қоғамда үлкен әлеуметтік психология қалыптасқан. Адамдардың өзін-өзі қорғау қабілеті төмен. Қарапайым мемлекеттік демократиялық мәселенің өзін «пәленше неге айтпайды?», «түгенше неге айтпайды?» деген көзқарастағы қауымбыз. Мұғалімнің мәселесін мұғалімнен артық ешкім айтпайды. Сондықтан мұғалім өз құқығын біліп, өзін қорғай алатындай болуы керек. Конституциямызда «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», – деп көрсетілген. Біз құқықтық мемлекетке айналу үшін әр адам өзінің және өзгенің құқығын білуі керек.
Заңдағы кейбір түйткілдерге байланысты қиын дүниелер бар. Бұл жалпы мемлекеттік жүйе, үлкен машина. Аймақтарда облыстық білім басқармасы, аудандық білім бөлімі, ауылдық жердегі мектептер жергілікті әкімшілікке қарайды. Министрдің тікелей араласа алмайтын мәселелері бар. Сондықтан заңның кейбір баптарының орындалуы жергілікті әкімшілікке байланысты. Мысалы, Астанада қайтарымсыз миллион теңге беру облыстарда атқарылып жатыр ма, ол екінші мәселе. Өйткені жергілікті органдар баптарды орындамауы да мүмкін. Бізде төменгі жаққа барғанда орындалмай, сұйылып кететін заңдық нормалар бар. Бұл тек «Педагог мәртебесі туралы» заңға емес, өзге де заңдарға байланысты.
Ал қағазбастылық білім басқармасының, білім бөлімінің және мектеп әкімшілігінің айналасындағы дүние. Егер білім басқармасының, білім бөлімінің басшылары мен мектеп директоры сауатты болса, қағазбастылық болмайды. Біздегі қағазбастылықтың себебі – сауатсыздық. Интернеттен тауып алатын дүниені мұғалімнен есеп ретінде сұрау – басы артық шаруа. Біреудің сауатсыздығы үшін біреулер артық жұмыс істеу деген сияқты. Иә, жыл басында қағаз көп. Бірақ ол жылына бір рет жасалатын жоспар. Одан кейін сол жоспардың айналасында ғана жұмыс жасалуы керек. Мен қызмет жолымда әртүрлі мектепте істеп көрдім, білетінім әр мектептегі талап әртүрлі. Бір басшы сенің қағазыңа қарайды, екіншісі сабақ бергеніңе қарайды. Сондықтан кейбір дүниелерді дұрыс іске асыру үшін мектептің және білім басқармаларының басқару менеджментін өзгерту керек.
Данагүл СМАҚОВА,
«Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының жетекші сарапшысы:
Мұғалім мәртебесі қоғам болып білім саласына бет бұрғанда ғана көтеріледі
– «Педагог мәртебесі туралы» заңның бұрынғы «Білім туралы» заңда белгіленген VII тараудағы Мұғалім мәртебесі туралы баптардан ешқандай айырмашылығы, артықшылығы жоқ деп есептеймін. Мен осы «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануына үзілді-кесілді қарсы болғанмын. Себебі 2007 жылдан бері жұмыс істемей келген «Білім туралы» заңда көрсетілген баптар дәл «Педагог мәртебесі» туралы заңда іске қосылатынына сене қоймаймын. Дегенмен 2019 жылғы тамыз конференциясында Президент Қ.Тоқаев төрт жыл қатарынан 25 пайыздан мұғалімдердің жалақысы кезең-кезеңмен екі есе артады деп айтқан болатын. Мен өз басым пайыздық мөлшермен немесе заң арқылы мұғалімнің мәртебесі көтерілмейді деп ойлаймын. Мұғалімнің мәртебесі қоғам болып білім саласына бет бұрғанда ғана көтеріледі.
Бүгінгі мұғалім – орындаушы. Ол оқушы жағынан да, ата-ана жағынан да, басшылық жағынан да орындаушы. Мұғалімнің ең басты міндеті – баланы оқыту, үйрету. Бұл жерде ең әуелі баланың сұранысын қанағаттандыру керек деген мәселе маңызды. Ал біздің мұғалімдер ең әуелі жоғары жақтан түсетін нормативті құжаттардың талабын орындайды. Бұл оның шығармашылығын шектейді. Қандай да болсын үсті-үстіне қабылданып жатқан құжат заң түрінде қабылданып жатқаннан кейін бір қолымен «беріп» тұрады да, екінші қолымен «алып» тұратын сияқты. Міне, сондықтан нормативті құжаттармен мұғалімнің мәртебесі артады, қызмет аясы кеңейеді немесе еркіндік береді дегенге өз басым сенбеймін.
Мен білетін әдістемені қолдана білетін мықты ұстаздар бар, олар баланы қызықтырады, білімге жетелейді, оқуға үйретеді, білімді жай бере салмайды, өз бетінше игеруге бағыттайды. Жаңартылған білім мазмұнының басты қағидасы – баланы оқуға үйрету, дағдыландыру, ынталандыру керек деп отырып, мұғалімге «Сен неге пәніңді білмейсің?», «Сен неге баланы оқыта алмайсың?» деп талап қояды. Баланы ғылымның негізін алғаннан кейін ары қарай өзі алып кететін жағдайға жеткізу керек еді, бірақ әртүрлі шектеулермен мұғалімді қайтадан орындаушы қылып қойдық. Сөйте тұра мұғалімнен сапалы білімді талап етеміз. Сапа төмендесе, сен жаман мұғалімсің. Сапа көрсеткіші төмен болмауы үшін мұғалім балаға, амал жоқ, балл қосады. Өйткені мектептің көрсеткіші төмен болмауы керек. Басшылық солай тапсырады, мұғалім тағы да орындаушы. Осындай шектеулер мұғалім мәртебесін арттырмайды. Ары тартса да, бері тартса да екі ортада шыбын өледі деп, кесірі мұғалімге тиеді. Барлық мұғалімді жақсы дей алмаймын, арасында жұмысына жауапсыз, селқос қарайтын, қате жіберетін, мұғалімдер бар. Бірақ сондай мұғалімдер бар екен депп, оларды бақылауда ұстаймыз деп нормативтік құжаттармен жұмысын, шығармашылық және академиялық еркіндігін шектеу білім саласының сапасын және мұғалімнің мәртебесін арттырмайды.
Салтанат БИТАЕВА,
Қызылорда облысы Шиелі ауданы №153 Ш.Есенов атындағы мектеп-лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:
Мұғалімдердің денсаулығын түзеуге мән берілсе
– «Мұғалім мәртебесі туралы» қабылданған заң мұғалімдерге көп артықшылық берді. Ең алдымен, айлық табыстың көбейгені қуантты. Әсіресе, жалақысы артқан мұғалімнің әлеуметтік жағдайы да жақсарады. Одан кейін түрлі біліктілік санаттарының енгізілуі, жас маманға тәлімгерлік жасағаны үшін, білімін жоғарылатып магистратура оқығаны үшін, ағылшын тілін меңгеріп, тілдік курстардан өткені үшін, сынып жетекшілігі, дәптер тексергені үшін үстеме төленіп жатыр. Яғни мұғалімдердің жалақысы әртүрлі бағытта көбейіп отыр.
Сонымен қатар мұғалімдерді қоғамдық жұмыстардан алыстату мәселесінің заңмен шешілгені қуантты. Бұрын саяси іс-шараларға қоғамдық белсенді қылып жұмысқа тартатын, қазір бұл тиылды. Мұғалім өзіне тиісті жұмысты ғана атқарады. Қағазбастылыққа келсек, бұрын саны бар, сапасы жоқ есеп көп болатын. Қазір №30 бұйрыққа сәйкес педагог жауапты бес құжатты ғана талап ете аламыз.
Педагогикалық әдеп, педагогикалық мінез-құлық, педагогикалық имидж мәселесі де осы заңға енгізілді. Мұғалім сабақта болсын, әлеуметтік желіде болсын педагогикалық әдепті сақтау керек. Осы үдерістен шығу үшін педагогке де үлкен жауапкершілік жүктеледі.
Алайда мұғалімдердің мойнында жүктеме көп екенін жасыра алмаймыз. Қазіргі оқу бағдарламасы өте қиын. Мұғалімдер 2-3 есе артық жұмыс істеп жатыр, онлайн және оффлайн сабақ беру оңай емес. Мысалы, ол оффлайн сабаққа дайындалу процесі басқаша, барлық бейнесабақтарын, ресурсын дайындау керек. Компьютерді үздіксіз қолдану көзге, тірек-қимыл жүйесіне кері әсер ететінін тәжірибеден көріп жүрміз. Бұрын кеңестік кезеңде мұғалімдерді 24 күнге санаторияға тегін жібереді екен. Қазір өзім еңбек ететін ұжымда 100-ден астам мұғалім бар. Демалыс орындарына жылына 1-2 жолдама ғана беріледі. 3-4 мың мұғалімі бар ауданға 10 шақты жолдама береді. Оны ауыл мектептеріне шаққанда қайдан жетсін? 9 ай тынбай еңбек ететін мұғалімдердің денсаулығын түзеуге демалыс орындарына жолдама санын арттырса деген тілегіміз бар.