1434
Сиыр жылы қандай жыл?
Сиыр жылы қандай жыл?
Әне-міне дегенше бір жылды артқа тастап, тағы бір жаңа жылдың табалдырығын үлкен үмітпен аттағалы тұрмыз. Бетперделі жылдың берекесін де көрдік, бейнеті де аз болмады. Індет, үрей, шарасыздық, сабылған адамдарсыз, ағылған көліктерсіз бос көшелер... Бұл жыл адамзат үшін үлкен сынақ болды. Ескі жыл, есірке дейміз. Ал жаңа жылдан күтер жақсылығымыз көп.
Қазақша жыл қайыру бойынша келер жылдың иесі – сиыр. Жалпы, сиыр жылы қандай жыл, тарихта қандай елеулі оқиғалар болған, кімдер дүниеге келген, ал келер жыл қандай болмақ? Шолу жасап көрелік.
Сиыр жылы қандай жыл?
Тарихы тым әріде жатқан жыл қайыру туралы ең алғашқы деректер VIII ғacыpдaғы Күлтегін жазба ескерткіші мен XI ғacыpдағы Қaшқapи eңбeктepiнде кездеседі. Бұл еңбектерден қазіргі жыл қайырудың еш өзгеріссіз бізге жеткенін байқай аламыз. 12 жануардың жыл басы болуға тaлacқaны тypaлы, бұл мәртебеге тышқанның ие болып, ал түйeнiң бoйынa ceнiп жылдан құp қaлғaны туралы aңыз дa epтe кeздeн aйтылaтын көpiнeдi. Жыл санаудың осы нұсқасы тек бізде ғана емес, қырғыз, қарақалпақ, түрікмен сияқты Орта Азия халықтарының көпшілігінің танымында, дәстүрінде бар. Жыл қайыру тек символикалық қызмет атқарып қана қоймай, халықтың тұрмыс-тіршілігімен, дүниетанымымен біте қайнасып кеткен. Ертеден ел арасында әр жыл иелерінің мінезіне, әртүрлі қасиеттеріне қарай келер жылдың қандай болатынына болжам жасалып отырған. Сол жылы елдің ахуалы, жердің ахуалы қандай болады, күннің райы қалай құбылады, келер жылға қалай, қашаннан бастап дайындалу керектігі де жоспарланған. Келе жатқан сиыр жылы – тышқан жылынан кейінгі мүшел есебінің екінші жылы. Тарихта көбiнece дay-жaнжaл, қиындық, ауыртпашылықпен ecтe қaлғaн деседі. Бұл жылы cәтciздiк болса, халық «бұл тоғыс – ayыp тоғыс қой» деп жұбанады екен. Ал кей деректерде сиыр жуас, момын болғандықтан жақсы, жайлы, мамыражай жылдардың бірі саналады. Бұл пікірқайшылықты этнограф Жамбыл Омарұлы жыл қайыру дәстүрі мен оған қатысты болжамның тарих қойнауына кеткенімен байланыстырады. Оның пікірінше, қазір олардың орнын нумерологтар басқан. Ал негізінен, сиыр жылы дәл мынандай болады деген пікір тарихи еңбектерде жоқтың қасы екен.Сиыр жылы қандай тарихи оқиғалар болған?
1913 жылы 2 ақпанда Орынбор қаласында «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрген. 1925 жылы, сиыр тоғысында 15-19 сәуір аралығында Ақмешіт қаласында Қырғыз (Қазақ) АКСР-нің бесінші съезі өтті. Сол съезде «киргиз» деп қолдан бұрмаланып қойылған атауды өзгертіп, «қазақ» деген атты қайтарып алдық. Бұл – қазақ тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі еді. 1937 жылы қазақ зиялыларын айыптау мен қуғындау бұрынғыдан бетер күшейіп, қуғын-сүргін іс жүзінде шиеленісіп кетті. Осы сиыр жылында қазақ қаншама көзі ашық, көреген азаматтарынан айырылған еді. КСРО Министрлер Кеңесінің шешімімен Семей ядролық полигоны ашылған 1947 жыл да сиыр жылына тұспа-тұс келіп тұр. Бұл жылы адамзат өркениетінің жетістігі саналатын оқиғалар да аз болмаған. Мәселен, 1961 жылдың 12 сәуірінде Юрий Гагарин адамзат тарихында тұңғыш рет «Восток» ғарыш кемесімен ғарышқа аттаныпты. Рим қаласында әлемдегі ең бірінші метро ашылған жыл да сиыр жылы екен. Сиыр жылы қандай адамдар дүниеге келеді? Адамдардың мінез-құлқына, болмыс-бітіміне қай жылы туғаны әсер етеді деп жатады. Сиыр жылы туғандар ақ пейіл, досқа адал, бауырмал келеді екен. Ұстамды, кімнен болсын көмегін аямайтын жандар. Олардың бойында тұрақтылық, сабырлылық, көшбасшылық сияқты қасиеттер де кездеседі. Сиыр жылы Мұқан Төлебаев, Қалижан Бекхожин, Нұрғиса Тілендиев, Тоқаш Бердияров, Қуандық Шаңғытбаев, Ебіней Бөкетов, Әбілахат Есбаев, Қалмұқан Исабаев, Асанәлі Әшімов, Асқар Жұбанов, Меңдекеш Сатыбалдиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Мырзатай Жолдасбеков, Мырзагелді Кемел, Нұрлан Өнербаев, Секен Тұрысбеков, Александр Винокуров сияқты тұлғалар дүниеге келген.2021 жыл қандай жыл болады?
Жалпы, 2021 жылға арналған болжамдардың барлығы бір арнаға келіп тоғысады: бұл жылы шаруа еңбегі жемісті болады, ауыл шаруашылығы өркен жаяды, өндіріске байланысты кәсіп жақсы жүреді. Саясатта көбінесе консерваторлардың жұлдызы жанады дейді. Әйгілі Нострадамустың 2021 жылға арналған болжамы бойынша теңізде үлкен шайқас болып, өрттен жануарлар көп зардап шегуі мүмкін. Мұны мамандар болашақтағы табиғи апаттар болуы мүмкін екенін айтады. Цунами, жанартаулар атқылауы және теңіз бетіндегі өрт көбеюі ықтимал. Ол сонымен қатар жаңа сауда-саттық мүмкіндіктерінің ашылуы туралы айтады. Қолөнершілердің өніміне сұраныс артатынын болжады. Ал көріпкел Ванга 2021 жылдың бетбұрыс кезеңі болуы мүмкін екенін айтқан. Табиғи апаттар, дағдарыс көп болуы мүмкін екенін айтқан. Келер жыл қандай жыл болмақ, қай жағынан қолайлы, нені басшылыққа алу керек, 2021 жылдың ерекшеліктері мен мүмкіндіктері жөнінде нумеролог Құралай Бақытқызы айтып берген еді. – 2021 жылдың жыл саны – 5. Бұл сан – өзгеріс саны, сараптау саны деп есептеледі. Сол себепті келесі жылды жаһандану жылы деп атауға болады. 2020 жылы жаһанды жайлаған індет адамдарды бір деңгейге түсірді деп ойлаймын. Келер жыл әр адам өз қабілетін дамытатын жыл болмақ. Бұл көбінесе, мамандыққа қатысты емес, кәсіпке қатысты. Қолөнер, жер өңдеу, зергерлік, аспаздық, шаштараз, етікші сияқты қырларды дамытатын жыл. Түрлі оқу курстарына жазылып, өз-өзіңді шыңдауға, өз-өзіңді табуға өте қолайлы уақыт. Одан бөлек, шағын кәсіп өркендейтін, ескі, қатып қалған қасаң қағидалар мен стереотиптерді бұзатын, өз-өзіңді жаңа қырыңнан көрсетіп, үлкен жауапкершілік алатын жыл. Әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға көп көмек жасалатын болады деп ойлаймын. Кризистік орталықтар ашылуы мүмкін. Ашылмаса да, соны қажет ететін жыл болмақ. Биыл еріктілер жылы болғанын білеміз, келесі жылы да бұл жыл жалғасын тапқаны жөн. Алкоголизмге, аутизмге шалдыққан жандарға, көпбалалы аналарға көп көмек көрсетілуі керек. Өйткені сондай жандар көмекке көбірек мұқтаж болуы мүмкін. Онымен қоса, 2021 жылды металл жылы деп айтуға болады. Металл жылы металдың энергетикасы өте күшті болады. Нақтылықты қажет етеді және әділетті жыл. Адамның құқығын, қауіпсіздігін қорғау жылы. Денсаулыққа келер болсақ, сүйек, аяқ, тыныс алу мүшелерін күту керек. Яғни пандемия келесі жылы да жалғасады деп ойлаймын. Жыл бойы емес, жылдың алғашы алты айы біраз ауырлау болуы мүмкін. Етті көбірек жеу керек. Батыс жаққа барып демалса, адам күш-қуат, мол энергия жинайтын болады. Жаңа жылды сұр, ақ, күлгін, жылтыр, қола, алтын, күміс сияқты металл түстермен қарсы алған дұрыс. Одан бөлек бұл жылы дүниеге келетін адамдар қоғамға өзгерістер әкелетін, күш-қуаты тасыған, болашақта патриот, елжанды, әлеуметтік, қоғамдық шараларға белсене атсалысатын жандар болады. Ауыл шаруашылығын дамыту керек. Өйткені экономикалық жағдайды солай көтеруге болады. Кей жылдар құрылыс, сәулет өнеріне және т.б қолайлы болуы мүмкін. 2022-2023 жылдары туризм, экспорт-импортқа оңтайлы. Ал биыл, жаңа айтып өткеніміздей, ауыл шаруашылығын дамытатын жыл. Медицинаны да дамыту керек. Өндіріс, өнеркәсіп көп ашылуы керек, өйткені еңбектенуге өте қолайлы болмақ. Келер жыл – сиыр жылы, ал сиыр, тұрақты мекенде тұратын түліктің бірі. Сондықтан баспана мәселесіне қатысты көптеген күрмеулі мәселелер шешімін тауып, түрлі бағдарламалар пайда болады, баспаналы бола алмай жүрген жандар армандарына жетеді деп ойлаймын. Қорыта айтатын болсақ, өзімнің жеке сараптамам бойынша, 2021 жылдан бастап жаңа дәуір басталатын сияқты. Бұрын да 1720, 1820 жылдары оба, испан тұмауы сияқты әртүрлі дерт әр 100 жыл сайын шығып отырған екен. Содан кейін жаңа бір дәуір басталып отырған. Расымен де, адамдар бейберекетсіздік пен қиындық туған шақта өзгереді. Ішкі түйсігі дамиды, өзіне расымен не керек екенін нақты сезіне бастайды. Табиғатты да аялауды еске түсіреді. 2020 жылғы қиындықтар сол үшін де болған сияқты. Келер жылы әркім жеке тұлға ретінде дамуы керек. Қазақстанды жеке алып қарайтын болсақ, осы жолы 16 желтоқсанда телеарна эфирінен де өз болжамымды айтқанмын. Биыл еліміз тәуелсіздіктің 29 жылына табан тіреді. Ел бойынша жаппай оқу жылы болмақ. Кезінде «Жол картасы» сынды оқыту бағдарламалары болған еді, сол сияқты жобалар көбейеді деп ойлаймын. Маусым айының аяғына дейін (29-жұлдызы) денсаулықты күту керек. Одан әрі өсу, қарқынды даму байқалатын болады. Жаңа жыл – жаңа мүмкіндіктер мен жаңа бастамалардың уақыты. Жаңару кезеңі. Халықтың үміті, арман-тілегі іштей тағы бір жаңғыратын, бәрін тағы бір қорытып, ой сүзгісінен өткізетін мерзім. Күнтізбемен бірге өмір де аппақ парақтан басталатын сияқты. Әлем үшін ауыртпалығы мол жылды артқа тастап, үмітпен, сеніммен жаңа жылға қадам бастық. Жаңа жыл жақсылығымен келсін!