Бүгін Өзбекстан халқы ел президенті Ислам Каримовті ақтық сапарға шығарып салды. Мемлекетте үш тәулікке қаралы күн жарияланды.
Бірнеше күн бойы аурухана төсегіне таңылған президент 2 қыркүйекте жантәсілім етті. Ресейден, Германия мен Финляндиядан арнайы шақыртылған мамандар қанша жанталасқанымен, мемлекет басшысын өлімнен арашалай алмады. Өзбекстан билігі Каримовтың қайтыс болғанын халыққа ұлттық арна эфирі арқылы ресми түрде хабарлады.
Ислам Каримов Самарқанд қаласында ата-анасы жатқан Шахи-Зинда тарихи кешеніндегі қорымға жерленді.Президенттің денесі туған қаласына ұшақпен жеткізілді. Кортеж қоштасу рәсімі өтетін қала орталығына келді. Жол бойында көшенің екі жағына тізіліп тұрған адамдар оған құрмет көрсетіп, қаралы шерудің жолына гүл шоқтарын тастады. Араларында көз жастарына ерік берген адамдар қарасы көп болды.
Ақтық сапарға шығарып салу рәсімі Регистанның тарихи алаңында өтті, онда марқұмның туған-туыстарымен бірге шет елдердің мемлекет басшылары мен ресми өкілдері, ірі халықаралық ұйымдардың басшылары, журналистер, қоғам қайраткерлері қатысты. Мәртебелі тұлғалардың қатарында Тәжікстан, Түркіменстан, Ауғанстан президенттері, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Грузия премьер-министрлері, Иранның СІМ басшысы, БАӘ мемлекеттік министрі, ТМД атқарушы хатшысы және басқалары болды.
Қоштасу рәсімінен кейін қаралы шеру көне Шахи-Зинда қорымына бет алды, онда Ислам Каримовты ислам ғұрпына сай жер қойнына тапсырды.
Бибі ханым мешітіне жақын сәулет ескерткіші – Шахи-Зинда кешені он бір мавзолейден тұрады, олар 14 - 15 ғасырларда салынған. Көне кесене Афрасиаб қалашығына жақын орналасқан. Оны қорым көше деп те атайды. Шахи Зиндаға атақты адамдар мен патшалар жерленеді. Мавзолейдің басты тұсы пайғамбардың немере інісі Мұхаммед - Кусама Ибн-Аббас кесенесінен басталады. Оның атауы парсы тілінен аударғанда «Тірі патша» деген ұғымды береді. Шахи-Зинда қорымыны тарихи орын саналатындықтан соңғы 20 жылдан бері адам жерлеуге тыйым салынған, алайда мемлекет басшысы үшін рұқсат етілді.