Бұланды ауданының 8 ауылында су құбырының құрылысы жоспарланды

Жұмыссыздар санын азайту, жергілікті жерлерде шағын және орта бизнеске барынша қолдау көрсетіп, дамыту, өндірістік кәсіпорындарды ашу арқылы халықты тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету. Осы және басқа да маңызды мәселелерді назарына іліп, бұландылықтармен жылы сұхбат құрған Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттығына Nur Otan партиясы атынан үміткер Павел Безвербный үгіт-насихат жұмысын жалғастыруда.

Қойнауы бай, төскейі құт Бұланды жеріне атбасын тіреген нұротандық үміткер партияның Бұланды аудандық аумақтық филиалында азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындар тарапынан көтерілген тұрақты жұмыс орнын табу мәселесін бақылауға алды. Әрі қарай Павел Николаевич Макинск қаласындағы Satti супермаркетіне кіріп, ондағы қызметкерлер мен тұтынушылармен кездесіп, Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары жайында айтты. Бұландылықтар көрнекі үгіт-насихат материалдармен танысып, аудан қонағына ізгілік танытты.

Елдің көркеюі – ауылдың көркеюімен тығыз байланысты деген шындықты жадынан шығармайтын үміткер ауыл тұрғындарын да назардан қалдырмады. Сайлауалды насихат мақсатында ол Тоқтамыс және Вознесенка ауылдарына барып, тұрғындардың мұңы мен мұқтажын тындап, барлық түйткілді мәселелер уақытылы шешілетінін жеткізді. Өйткені Nur Otan партиясы шалғайдағы елді-мекендерді де назарсыз қалдырмайтыны даусыз. Мәселен, Nur Otan партиясының Бұланды аудандық филиалының сайлауалды бағдарламасына жүгінсек, 6 ауылдық елді мекенде 64 шақырым сумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту және 8 ауылда 64,5 шақырым су құбырының құрылысы жоспарланып отыр.

Жақсылықтың жаршысы болып, қарапайым халықтың күнделікті тіршілігімен танысайын деген Павел Николаевич Тоқтамыс ауылындағы көпбалалы Нұрмұхановтар отбасына барып, жағдайларымен танысты, ал Вознесенка ауылындағы көп жылдан бері көтеріліп жүрген көпір мәселесіне қолынан келгенше көмегін аямайтынын айтып, ауыл тұрғындарына адал еңбек пен болашаққа деген зор сенімі мен үміті үшін алғысын білдірді.

Бірлік бар жерде тірлік бар деген халқымыздың даналығын ескере, осындай боямасыз, еркін кездесулерден кейін қарапайым халық бір көтеріліп қалғандай болады, өйткені әрбір азамат өзіне деген қамқорлықты сезінуі абзал. Ал саяси беделі басым Nur Otan партиясы халық мүддесі үшін жұмыс жасауға дайындығын шын мәнінде дәлелдеген партия.

Nur Otan партиясының Ақмола облысы Бұланды ауданының
Сайлау қорының қаражатынан төленді.

Back to top button