ҚАЗАҚ КІМНІҢ СОҢЫНАН ЕРЕДІ?
– Өзіңізде қандай жаңалық бар? – Менің жаңалығым, КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттықта кандидат етіп өзімді ұсынсам деймін. – Ұсыныңыз, – деп күлдім. – Неге күлесің? Сенің мына күлкіңнен кейін, «қой, құрысын, өзімді депутаттыққа кандидат етіп ұсынбай-ақ қояйын, сайланбай қалсам, Мамытбектен ұят» деген маған тосын ой келді. – Сайланып кетуіңіз де мүмкін ғой. – Біздің сайлау жүйесінде мүмкін деген нәрсе болмайды. Өйткені сенің адамдарың маған қарсы дауыс береді. Сондықтан: «Аға, сайлауға қатыспаңыз, бәрібір өтпейсіз» деген жанашыр сөзіңді сен неге айтпайсың? Қашан ержетесің? Өткен жолғы сайлауда депутаттыққа кандидат бір үміткердің өз қарсыласын көшенің өсекші қатыны сияқты жамандап, тіпті арына тиіп сөйлегені маған ұнамады. Керісінше ол саяси, мәдениетті тілде сөйлеуі керек еді. Оның үргені Крыловтың қанденінің пілге үргеніндей сезілді. Түсінген жанға оттау, аузымен орақ ору миллиондаған Мамытбектің қолынан келеді. Ал басы жұмыс істемей қолмен жұмыс істеудің қандай нәтиже берерін өзің білесің. Жұртты соңынан, әсіресе қазақты соңынан ерту мүмкін нәрсе емес. Қазақ кімнің соңынан ереді? Қолында билігі, не ақшасы барлардың ғана соңынан ереді. Ол басшыға жарамсақтанып, түшкірсе, «жаракымалла», боқтаса, батаң қабыл болсын дейді.МЕН ЖАСЫҚ ЖАНДАРДЫ ЖЕК КӨРЕМ
Баукең ауруханаға түсіп қалды. Таңғы асымды апыл-құпыл ішіп, үйден шықтым. Ақ халатты иығыма іле салып, ол кісі жатқан палатаға ендім. Өңі жүдеу, жанары солғын. Бұрынғы алып тұлғасы мүлде кішірейген. Көзге тым қораш. Аяушылық сезім тұла-бойымды шымырлатып жіберді, ойым астан-кестен. Амал қанша, қолдан келер дәрмен жоқ. Баукең сәлемімді жастықтан басын көтермеген күйі салқындау алды. Сөзді неден бастарымды білмей, іштей қатты қобалжып: – Қалайсыз, аға? – деп едім: – Қалай болғанымда не жұмысың бар? – деді қатқыл тіл қатып. – Біреу саған жақсы болса, маңдайынан ұр, жаман болса, аяғынан тарт, бейжай болса, үстіне топырақ шаш деп тапсырма берді ме? Әлде ауырып жатқан адамның халін тексеріп, жазалайын деп пе едің? – Ол менің қолымнан келмейді, аға. – Е, сөйтсеңші. – Баукең жадырай күлді. Ол кісінің әзіліне сүйсініп, мен де күлдім. – Халдерің қалай? – Шүкіршілік, аға. – Сенің тап осындай жауыз екеніңді бұрын сезбеппін. Ауырып жатқан адамға қалайсыз дегенің не масқара? Жаманмын десем жақсы етесің бе? – Қасиетіңізден айналайын, ағажан, қолымнан келсе, жақсы етемін, – дедім елжірей. Сол сәттегі ол кісіге деген сүйіспеншілік сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, оны тек өз басынан кешкен адам ғана түсінер деген ойдамын. – Рақмет, қарағым. Баукеңе екінші рет барғанымда: – Мен жасық жандарды жек, жігерлі жандарды жақсы көремін. Маған мұңайғаныңды көрсетпе. Дорбалап тамақ тасығаныңды да доғар. Мен арамтамақ емеспін. Адалдық – арымның күзетшісі. Ауру аяғымнан шалып, төсекке таңса да, қайратым қашып, қанша қажысам да, әр таңды күліп қарсы алып, қараңғылықпен арпалыса берем. Ешкімнен аяушылық күтпеймін. Түсіндің бе? – деді жігерге толы үнмен. – Түсіндім.Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ,
бауыржантанушы