272
Халықаралық "Хан Қорық" жастар фестивалі өтті
Халықаралық "Хан Қорық" жастар фестивалі өтті
Тарихи мекендерді болашақ жастарға таныту барысында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі және Қазақстан ұлттық географиялық қоғамы ұйымдастыруымен "Хан Қорық" жастар фестивалі өтті, - деп жазады Massaget.kz тілшісі.
Айта кетейік, бұл фестивальге жоғарғы оқу орындарының студенттері еліміздің әр аймағынан келіпті. Олар Оңтүстік Қазақстан облысындағы ескі мекендерді аралап, ата-бабаларымыздың кесенелері мен тарихи жәдігерлерімен танысып жатыр. Сондай-ақ, қатысушылар алты ай бойы Шыңғыс хан әскеріне дес бермеген Отырар қаласының қазіргі бейнесін тамашалап, Сауран қаласының құламай келе жатқан қабырғаларына таңғалғандарын жасырмады.
Жетпіске жуық адам қатысқан бұл фестивальдің басты мақсаты - батысқа еліктеген жастардың бойына шығыс мәдениеті мен өркениеті де сан ғасырдан бері дамығанын көрсетіп, ел тарихына деген қызығушылықты ояту.
Осымен екінші рет ұйымдастырылған фестиваль алдын-ала жоспарлаған мекендерін толықтай аралады. Қатысушылар "Домалақ ана", "Арыстан баб", "Ақ мешіт" үңгірі мен "Сайрам Өгем" Мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде болып қайтты.