835
Александр Дворкин: Әлемге әйгілі секталар
Александр Дворкин: Әлемге әйгілі секталар
АУДАРМАШЫДАН: Осыдан біраз жыл бұрын діни ағымдар жайлы мағлұмат іздеп, қазақша кітаптарды ақтарып, ауызтұщырлық ештеңе таба алмай, ақыры әлемжеліге үңілгем. Онда да өз тілімізде талдаған, сараптаған теологты көре алмадым. Ақыры Александр Дворкин есімді орыс жазушысының «Сектология» атты кітабын парақтап шығуға тура келді. Кітапты түгелдей болмаса да, қазақ оқырманға өте қажет-ау деген тұстарын аударған едім. Мұнда секталардың аса қауіптілігімен қатар, мектеп оқушысына дейін білмесе болмайтын жәйлар баршылық. Аударғанымды тағы да ықшамдап, жариялаудың реті енді келді.
Алдымен жекелеген секталарға тоқталсақ. 1978 жылы қарашада Джим Джонсон деген біреу басқаратын «Халық ғибадатханасы» атты секта мүшелерінің өлімі әлемді дүр сілкіндірді. Тропикалық орман ортасындағы алаңда қырылып қалған ерлер мен әйелдердің, балалардың – барлығы 912 адам. Дүниежүзіне тарайтын басылымдар мен телеарналар оларды жарыса жазды, көрсетті.
Секта жетекшісінің атымен Джонстаун аталған әлгі қалашықтың қанқұйлы көрінісі арқылы – тұңғыш рет тоталитарлық секталардың қаупі – атышулы сталиндік ГУЛАГ-тан немесе Польшадағы гитлерлік Освенцимнен, Камбоджаның диктаторы Пол Поттың «өлім алаңынан» еш кем емес екені әлемдік деңгейде мойындалды.
Бір айта кетерлігі – марксизм-ленинизмді пір тұтқан күні кешегі сіз бен біз өмір сүрген коммунистік қоғам, өзіміз оқымағандықтан білмегеніміз болмаса, кезінде батыстың философтары айтса айтқандай орасан үлкен секта еді. Яғни тоталитарлық сектаның ең үлкен формасы. Осы бағаның орынды берілгеніне бүгін көз жеткізіп отырмыз. Ал кішкентай түрі – «Халық ғибадатханасы».
Бұл ұйымның жұмысы Минеаполисте басталып, Сан-Францискода жалғасқан. Джонсонның, әсіресе әлеуметтік бағыттағы халықтың кедей тобына қол ұшын созу тұрғысындағы істерін әртүрлі либерал протестанттар қолдады. Тіпті, қаланың солшыл өкіметі басында «Халық ғибадатханасын» жақтап, оның көсемін жауапты әлеуметтік қызметке тағайындады.
Арада біраз жыл өткенде секта басшысы жөнінде жайсыз әңгімелер көбейген. Оның табынушыларынан ақша жинайтыны, өзін құдай көретіні, қаталдығы, зорлықшылдығы өзге де адам құқына қайшы әрекеттері әшкереленуге айналған. Қулығына құрық бойламайтын Джонс сол кезде мынадай бастама көтереді. Нәсілшілдік, парақорлық, әлеуметтік теңсіздік жайлаған америкалық қалалардан кетіп, «халық ғибадатханасы» сеніміндегілер жер бетіндегі өз жұмағын жасауы керек. Ол – Латын Америкасындағы Гайана жері. Климаты жылы. Ауасы – шәрбат. Сыңсыған орман ортасы. Сенімдегілердің көбі осы ертегіге елігіп, басшысына ерген. Джонсон өзін Христоспен, Буддамен, Ленинмен, пайғамбар Бабамен (бахаизмнің негізін салушы) қатар қойды. Секта мүшелері жиналыстарда «Мен саған айтуға тиіспін, Джим Джонс өмірімді қалай өзгерткенін» деген сөздерді хормен, билеп жүріп, естерінен тана желігіп айтатын болған.
Қалың орманның ортасында әрі айналасын «періштелері» (ол күзетшілерін солай атаған) күндіз-түні қарауылдайтын қалашықты Джонсон жер бетіндегі жұмақ деп атады. Сондай-ақ ол «кімде-кім осы жұмақты тастап кеткісі келсе, сатқындарға менің періштелерім қамқорлық жасайды...» деп ескертті.
Әрине, батпақты, ылғалды орман алқабына тұрақ салу оңай шаруа емес, табынушылар өз құдайына қолдарындағы барын беріп қоймай, оған ақысыз-пұлсыз еңбек етті. Соның нәтижесінде Джонсонның шетелдік банкілердегі шоттарында ондаған миллион доллар жиналған.
Джонсон өзіне жайлы етіп салдырған сарайында тойып тамақтанып, түн ортасы ауғанша жынойнақ жасайтын. Құмары қанғасын ұзақ, алаңсыз ұйықтайтын. Ал құлдары барактарда тұрды. Ас мәзірі де көңіл көншітерлік емес еді. Ортақ тәртіпке сәл қырын келгендерді қатаң жазалады. Бала-шағаны да аямады. Сыртқы дүниемен байланыс аса сақтықпен қадағаланды. Құдды Кеңес Одағындағыдай.
Іштегі сұмдықтың барлығы сырт көзден шеберлікпен жасырылды. Дегенмен Джонсонның жұмағына сенбейтіндер жеткілікті болатын. Сондықтан конгрессмен Лео Райан бастаған америкалық тексерушілер – журналистер мен адвокаттар тобы жіберілді. Қонақтарды қарсы алу рәсімі мінсіз ұйымдастырылды. Балалардың концерті, жұртқа жағалай жайылған өте дәмді түскі ас, тап-таза көшелер, тұрғындардың ілтипаттылығы Райан тобын тәнті етті. Олар бұған дейін айтылып, жазылып келгеннің барлығы осы тамаша коммунаға жабылған жала екен деген тоқтамға келе бастаған.
Алайда ұйқыға жатар алдында конгрессмен бөлмесінен бірнеше хат тауып алады. Онда коммунадағы тозаққа пара-пар тірлік сөз болған екен. Қараңғыны жамылып бірнеше адам келіп, Джонсонның шектен шыққан әрекеттерін өз ауыздарымен айтады.
Ертеңгісін конгрессмен Джонсоннан халықты түгел жинауын сұрайды. Көпшілікке қарап, «Менімен кеткісі келетін кімдер бар?» деп сұрайды. Алдымен тұрғындардың біреуі алға шығады. Райанның «Мен тұрғанда сендерге ешкім тимейді, қорықпаңдар!» деген сөзінен кейін жұрт тайлы-таяғы қалмай кететіндерін білдіреді. «Бізді өлтіреді» деп ашық айтады олар.
Райан екі кішкентай ұшақпен барған-ды. Көпшілік оған сыймайтыны анық. Тек ауру-сырқауларды, балаларды алып кетуге тырысады. Ұшу алаңына секта мүшелері түгел жиналған. Осы кезде амалы таусылған Джонсон «періштелеріне» атуға бұйрық береді. Райан және бірнеше журналист оққа ұшады. Дегенмен самолеттер көтеріліп үлгерген болатын.
Келесі күні қалашыққа теңіз жаяу әскерлері барғанымен өте кеш еді. Коммуналықтардың ешқайсысын құтқара алмайды. Құрбандардың жеті жүздейін атқан, қалғандарына зорлықпен у берілген. Бәлкім кейбіреулері өз еркімен ішкен де болар. Джонсон өзі бой тасалап кетпекке талпынған, бірақ оны бір «періштесі» атып өлтірген деген болжам бар. Қайтыс болған 912 адамның 276-сы балалар.
Адвентистік бағыттағы «Дәуіттің үрім-бұтағы» сектасын ойлап тапқан техастық Дэвид Кореш те (шын аты Вернон Уейн Хауэлл) өз қаныпезерлігімен әйгіленді. Секта мүшелері шақтап қана тамақтанып, аз ұйықтауға міндетті болды. Соған дейін жинаған қаржы-қаражаттарын түгелімен сектаға өткізді. Бел жазбай жұмыс істеп, өзін соңғы пайғамбармын деп жариялаған Дэвид Корештің библиялық оқуларына қатысты.
Пайғамбар Дэвид ұзамай жер дүние құриды, ақырзаман шегіне жетеді деп ұқтырды. Заманақыр белгісі ретінде сектадағы әйел затын түгел өзіне тиесілі етті. Олар кімнің әйелі, қызы екеніне қарамады. Күн сайын ол өзіне қыз таңдайтын. Кейде 10-11 жастағы, он екіде бір гүлі ашылмаған бүлдіршіндерді иемденді.
Секта қарулы күзет ұстады. Полицияға бірнеше мәрте қарсылық көрсетілді. Соның кесірінен полицейлер оққа ұшты. Ақыры секта орталығын, яғни соңғы пайғамбар өзін-өзі өртеп жіберді. Өртенген орыннан барлығы жүз адамның мүрдесі табылған. Олардың жиырма бесі балалар.
1994 жылы швейцарлық Люк Жюре басқаратын «Күн ғибадатханасы» сектасының мүшелері жаппай өзін-өзі өлтірді. Таңданарлығы – аталған ұйым экологиялық мәселелермен айналысады делінетін. Люк Жюре сылқым ханымдар жиналатын клубтарда салауатты өмір салты, ғаламдық ластану, вегетариандық тамақтану үрдістері жайлы лекциялар оқыған. Соған қарап ұйымның қатал сектаға айналғанына ел-жұрт сене қоймайтын. Бұлар да ақырзаман болатынына шек келтірмеді. Гайаналықтар секілді бір жерде тұрмағанмен, түбінде өртеніп өлуге тиістіміз деп ойлады. Яғни, өз көсемдерінің сеніміне жіпсіз байланды. Жюре әулиелікпен «Өлім сапары» деген ертегіні ойлап тапты. Секта мүшелері барлық рәсімдерді сақтап, өртеніп өлсе «Сириус» деген жұлдызда қайта туады мыс. Әрине, оған секта мүшелері қалтқысыз сенді. Тек жоғарыдан белгі берілуін күтті.
Аталған белгі 1994 жылы қыста (түн ұзарып тоқтаған күні) беріліпті. Жюре бастаған 53 адам өртеніп өлгені хабарланды. Бұл жағдай Швейцарияның тағы екі ауылында және Канаданың Квебек провинциясында қайталанды. Құрбандардың оны – балалар. Барлығы өлер алдында күшті есірткі қабылдаған. Естерін білмей қалған кезде, бастарына пластикалық қап кигізіліп, тапаншамен атқан. Кейбіреулеріне «адалдық танытқаны сонша», тоғыз мәрте оқ атқан. Сосын барлық рәсімін жасап, мүрделерін өртеген.
Тура бір жыл өткенде осы сектаның 16 мүшесі Францияның Альпі таулары ормандарында өздеріне-өздері қол салды. Өлі денелерді тапқанда анықталғаны – жұлдыз секілді дөңгелендіріп, бәрінің аяғын ортаға қаратқан. Сөйтіп барып от қойған. 1997 жылы күн мен түн теңелген наурыз айында «Күн ғибадатханасының» жоғарыда аталған Квебектегі тағы бес мүшесі өздерін өлімге қиғаны анықталды. «Күн ғибадатханасы» сектасының құрбандары күні бүгінге дейін жалғасып, көбейіп келеді.
Сёко Асахара есімі негізінен көзі ашық жұртқа таныс. Әйгілі «Аум Синрикё» сектасының көсемі. Ол жастайынан бір көзі көрмейтін зағиптар санатында жүргенде де өзі құралыптас балаларға күн бермеген тентек. Асахара премьер-министр болуды армандайды. Есейгенде парламентке мүшелікке өтуге талпынады. Одан түк шықпағасын дін саласына біржола бет бұрады. Таңданарлығы – аталған сектаны Тибеттің Далай ламасы қолдайды. Ресей үкіметі өз мақсаттарына пайдалануға тырысады.
Секта заңсыз жылжымайтын мүлік сатумен, сақтандыру полисін жасаумен, медицина саласындағы қитұрқы әрекеттермен, тонаушылықпен, адам ұрлаумен, өлтірумен айналысады. Біршама уақыт бактериялық қару жасау машақатымен әбігер болғанымен тәжірибелері нәтижесіз аяқталады. Фашистік Германияның өлім лагерлерінде қолданған улы газ әлемге әйгілі болған кезде, соны қалайда қолға түсіруге тырысады. Асахараның арманы – Токионы сол газбен тұншықтырып, қарсыластарын қырып салып, Жапонияға өз билігін орнату еді. Оған да Ресей арнайы күштерін тартуды ойластырды. Сосын әлемді уысында ұстауды қиялдайтын.
Ақыры Асахара «гитлерлік газды» жасайды. Енді сынап көру мәселесі қалған. 1994 жылы маусым айында Масумото қаласында жасалған газбен улау кезінде жеті адам өліп, жүз шақтысы ауру болып қалған. 1995 жылы наурызда Токио метросында қолданылған газ сынағында он екі адам қаза болып, бес жарым мыңдай кісі ауруханаға түскен. Осыдан кейін жапон полициясы Асахарадан бастап секта мүшелерін тұтқындап, дүние мүліктерін тәркіледі. «Аум Синрикё» монастрлары Ресейде, өзге де елдерде әлі күні өз ісін жалғастыруда. «Аум» деп аталатын интернет сайты бар. 2001 жылы Владивосток қаласында мұздай қаруланған секта мүшелері ұсталған. Мақсаттары – түрмедегі Асахараны құтқару, Жапонияда террористік жарылыстар жасау болыпты.
«Аспан қақпасы» сектасы мүшелерінің 1997 жылғы көктемдегі өлімі де өзгеден алабөтен. Секта мүшелерінің тұрағы Оңтүстік Калифорнияның Сан-Диего қаласы маңындағы элиталық аумақта орналасқан. Сондағы ескі оңаша үйден полиция 26-72 жас аралығындағы отыз тоғыз ер мен әйелдің мәйітін тапқан. Әрқайсысы өз төсегіне, қолдарын кеудесіне қойып жатқызылған. Дәлірегі – өздері жатқан. Барлығы бірдей қара түсті шалбар, футболка, аяқ киім киген. Бастарында пластик қап. Кеуделері төрт бұрыштап қиылған көгілдір матамен жабылған. Төсектерінің қасына жолға керек-жарақ салынған сумка қойылған. Қалталарына бес доллар жиырма бес тиыннан салып қойған. Көзәйнек таққандары дәл қастарына тап бір ұйқыға жатқандай алып қойған. Зерттеу қорытындысы бойынша, алты еркек хирургиялық жолмен кестірілгені анықталған.
Секта мүшелері тегіс жоғары дәрежелі компьютер мамандары болған. Әлемжеліде тұрақты жұмыс істеген. Сол арқылы ақша тауып, қаржыларын тек көсемнің білермендігіне салып отырған. Әрқайсысы өз сайттарын жүргізуді де ұмытпаған. «Аспан қақпасы» сайттарында жер шарының ұзамай күлі көкке ұшатыны, өзге өркениеттер, әлемді апаттан қорғап қалу тағы басқа мәселелер туралы өте көп жазылды. Секта жетекшісі өзін До деп атаған Маршалл Эпплуайт. Ол ет жеуге қатаң тыйым салды. Вегетариандық жеңіл-желпі тағамдар берілді. Жеміс шырындарын ішуді рұқсаттады. Кейде секта мүшелері көршілес үйлерге өздері пісірген дәмді балбауырсақ, тәттілерін сыйлаған. Бірақ өздері оларын жемейтін көрінеді. Жыныстық қатынас сұмдық жамандыққа баланды. Әйел мен еркек өз ерекшеліктерін жоғалтуы тиіс делінді. Ақырзаман болып дүние түгел құритынына еш шүбә келтірмеді.
Хейл-Бопп кометасы жерге жақындап келе жатқаны белгілі болған кезде, әлемжеліде отырған әлдебір қалжыңбас оның құйрығында алып космостық корабль жасырылғанын жазады. Сол-ақ екен, «Аспан қақпасы» табынушылары бұл бізге берілген белгі деп ұғады. Қуаныштары қойнына сыймай, өлімге қамданады. Әлемжеліде өз қоштасуларын жазып, видео камераларға соңғы бақытты сәттерін түсіреді. Сосын алдымен он бес мүшесін киімдерін кигізіп, қатты ұйықтататын дәріні араққа қосып береді. Ұйықтағасын пластик қапты тұншықтыра кигізіп, үстінен жібек матамен байлайды. Келесі күні тағы он бесін, одан жетеуін осы рәсім бойынша о дүниеге аттандырады. Қалған екеуі өзін-өзін өлтірген. Бірақ бастарына пластик қап кимеген. Көмектесетін жан болмаған. Бәлкім мәйіттердің иісіне тұншығып өлген шығар деген болжам жасалды.
Секта көсемдерін ауыр қылмысқа итермелейтін не? Адам миын айналдыру, өзіндік санадан айыру жолдары қандай? Осы сұрақтарға әйгілі психолог ғалым Роберт Лифтон біз ілкіде сөз еткен Асахара мен Эпплуайтты салыстыру арқылы жауап іздеп көрген.
Жаңа секта құру үшін, оның көсемі алдымен мифтік тұлғаға айналуы шарт. Секта өлімге ұласатын күрес жолымен қалыптасып, көсем мүшелердің осы жолдағы құлшыныстарын арттыру мақсатында олардың өлімге деген көзқарастарын өзгертіп, «көздерін ашу» қажет. Табынушыларын қалтқысыз иландыратын секталық аңызда міндетті түрде діни астар болмақ. Мысалы, Асахара өз айтуынша, жас күнінде заңды жиі бұзған. Неге екені белгісіз, күдікті болып көріне берсе керек. Ал отыз жасқа толғанда, көзіне үнді құдайы Шива көрінген. Шива – бүлдіру және қайта құру құдайы делінеді. Ол Асахараны «көрсоқыр күштерге қарсы құдайлар армиясын басқаруға шақырады» мыс... Осы шылғи өтірікке сендіре білгеніне қарағанда, Лифтон айтса айтқандай, Асахарада белгілі деңгейде талант бар. Өзге секта көсемдері секілді Асахара мен Эпплуайт та шәкірттерін жоғары рухани деңгейге көтерілгенде мәңгілікке аяқ басатындарына сендірді. Өздерін асыл текті нәсіл ретінде сезінуге жеткізген осы сенім, «Аум Синрикёны» ақыры өзге адамдарды қырып-жоятын қанішер сектаға айналдырды. Эпплуайттың бұл дүниені жаманшылық жайлаған, түкке тұрғысыз әлем ретінде көрсетуі неге жеткізгені де жоғарыда айтылды. Секта мүшелері көкте рухани патшалық бар екеніне күдіктенбеді. Онда өздері сықылды аса таза адамдар кәдімгідей өмір сүреді деп көрді. «Сөйтіп «аум синрикёлықтар» өзгелерді, ал «Аспан қақпасы» мүшелері өздерін өздері өлтірді. Ортақ нәтиже – өлімге иелік ету» деп түйеді Лифтон. Оның пайымдауынша, суицид пен қасақана басқаны өлтіру қатар бола беретін құбылыс. Мысалға, Джонстаунда жұмаққала тұрғындарының шамамен тең жартысы өз еріктерімен у ішкен. Қалғандарын атқан және зорлықпен у ішкізген.
«Аспан қақпасы» мүшелері сенген, оларды құтқаруға келетін космостық корабль ұғымы – саентология сеніміндегілерде де бар. Саентология – өз әрекетімен адамдарды психикалық асқынған дертке шалдықтырып, суицидке жеткізетін, сеніміндегілерді қатыгездікпен өлтіретін, аса мол мөлшерде қаржылық алаяқтық жасағандықтан, әлемнің көптеген елінде неше мәрте айыпталған секта. Қызығы – «Аспан қақпасының» көптеген мүшелері соған дейін саентологияға бас сұғып көргендер. Демек, екі секта арасында, наным-сенімдерінде туыстық жоқ емес.
Азғындығымен әйгілі «Отбасы» (бұрынғы аты – «Құдайдың балалары») сектасында да алып ғарыштық кемені күту үрдісі бар. Бұл олардың барлық жарнамаларында, өз ішінде пайдаланатын оқулықсымақтарында түгелдей көрсетілген.
Секталар түрліше бола береді. Олардағы ортақ белгінің бастысы – өз табынушыларының да, өзгелердің де өмірі – көк тиын. Өлім, құрбандық үйреншікті жәй. Әрі біріктіре түсетін – дәнекер. Өкініштісі – адамдар аңқаулықпен секта насихатшыларының сайқал күлкісіне, түрлі түсті жарнамаларына сеніп қалады, қақпанына түседі. Сөйтіп өзінің еркіндігін, мүмкіндігін, адами келбетін жоғалтып, алаяқ секта көсемінің басыбайлы құлына айналады. Секталардың адамгершіліктен ада болмысын танығасын қатарынан шығып, қарсы ашық насихат жүргізген адамдар да болған. Олар басқалардың бұл азғын жолдан бас тартуына көмектескен. Назар аударарлығы – олар сол секталар тарапынан қатаң жазаланып, көбі айуандықпен өлтірілген. Мысалға, Миллстер деген адамның отбасын кішкентай баласына дейін аямай қырып салған.
Секталарға қарсы күрес жолдары әлем елдерінде әртүрлі. Германия федеративтік республикасы үкіметінің мектеп оқушыларына тарататын үнпарағында тоталитарлық секталардың 17 түрлі белгісі көрсетілген:
- Секта осы күнге дейін саған не жетпей келгенін тап басады. Топқа енгеннен іздегеніңді табасың.
- Алғашқы кездесуде-ақ сенде жаңа көзқарас пайда болады.
- Топ мүшелерінің дүниетанымы таңданарлық деңгейде қарапайым. Әрі кез келген мәселені түсіндіре алады. Яғни, жауаптары дайын.
- Топ мүшелеріне дәл мінездеме беру қиын. Сен тексеруге не ойлануға тиіс емессің. Сенің жаңа достарың былай деп құйқылжытады: «Мұны сөзбен түсіндіру мүмкін емес. Басыңнан кешуің керек. Қазір біздің орталыққа барайық...»
- Топтың ұстазы, іс жүргізушілері, көсемі болады. Барлық ақиқат тек көсемге аян.
- Осы топтың оқуы ғана – мәңгілік ақиқат білім. Дәстүрлі ғылым, қалыпты шығармашылық ойлау, парасат түгелімен жоққа шығарылады. Олар негізсіздік, шайтандық, білімсіздік делінеді.
- Басқалардың сыны – топ ішінде олардың ісінің дұрыстығының айғағы болып есептеледі.
- Әлем апатқа беттеп барады. Оны құтқарудың жолын тек осы топ біледі мыс.
- Осы топ қана элита. Қалған адамдар түгел ауыр науқас, қатты адасқан. Оның дәлелі, не өздерін құтқаруға жол бермейді не топқа тілекші болмайды.
- Сен жылдам осы топқа мүше болуың керек.
- Топ сенің басқалармен қарым-қатынасыңды шектейді. Мысалға киімің, тамағың, сөйлейтін сөзіңе дейін анық белгіленген.
- Топ сенің бұрынғы байланыстарыңды үзуіңді қалайды. Себебі олар сенің рухани жетілуіңе кедергі келтіреді.
- Сенің сексуалдық қатынасың да реттеледі. Мүмкін жұбыңды тауып береді. Не топтық сексті нұсқайды. Әлде жыныстық қатынасқа мүлдем тыйым салады.
- Топ саған бос уақыт қалдырмайды. Кітап әлде газет сатасың. Курстарға барасың. Жаңа адамдар тартуға шығасың, тағы басқа.
- Ешқашан жалғыз қалдырмауға тырысады. Топтың бір мүшесі сенімен міндетті түрде бірге болады.
- Егер күдіктене бастасаң, уәде етілгендей табыстарға жете алмасаң, бәрібір өзің кінәлісің. Бәлкім онша сенбейсің, әлде өзіңді өзің дұрыстап қолға алмай жүрсің.
- Құтқарылудың жалғыз жолы осы болғандықтан, топ ережелерінің сөзсіз сақталуын, тәртіпті болуыңды қатаң талап етеді.
- Үнпарақ мынандай ескертумен тәмамдалады: «Егер сені жарылқаушылардың ісінен осы 17 түрлі белгінің біреуін байқасаң: сақтан!!!»
Тәржімалаған
Дағжан БЕЛДЕУБАЙ