246
«Мұның қалай, Mechta?» Елорда тұрғыны танымал сауда желісіне қалай алданғанын айтты
«Мұның қалай, Mechta?» Елорда тұрғыны танымал сауда желісіне қалай алданғанын айтты
Елорда тұрғыны Mechta сауда желісіне алданғанын айтты.
«Жарнамасы тауарды алмасыңа қоймайды, ал іс жүзінде танымал сауда желісі қитұрқылыққа барып отыр» деп есептейтін ол 6 қарашада Нұр-Сұлтан қаласындағы Күйші Дина 31 мекен-жайындағы Mechta сауда желісінің дүкенінен 159990 теңгеге тауар сатып алған. Және сатып алмас бұрын, Mechta сауда желісінде әр сатып алынған тауарға бонус, яғни тауар құнының белгілі бір пайызын қайтарып беру науқаны жүріп жатқаны туралы айтылған. Басқа дүкендерде баға әлдеқайда арзанырақ болса да, Mechta секілді сауда орындары осылайша бонус, бөліп төлеу, жеңілдік секілді маркетингтік тәсілдермен жұртты қызықтырып, жарнамасына иландырып отырғаны мәлім.
Алайда, біз баяндап отырған жағдайда уәде етілген бонустың көлемі іс жүзінде екі есе аз болып шыққан. Нақтырақ айтсақ, 159990 теңгеге алынған тауарға екі аптадан соң 20% (31998 теңге) бонус берілетіні тауар чегінде көрсетіліп, кассир Бекбергенова Айнұрдың сөзімен расталып, мөрленсе де, сатып алушыға чекте көрсетілген бонустың тек жартысы ғана, яғни 10% (15999 теңге) ғана берілетіні туралы хабарлама келген. Mechta сауда желісінің дүкенінде де осылай деген. Өзін дүкеннің директорының орынбасары деп таныстырған Архат Кемелбаев «Чекте 20% деп көрсетілгені – жүйеде ақау болған, ал кассир 20% деп айтуы мүмкін емес, сондықтан сізге тек 10% бонус (15999 теңге) тиесілі» дейді. Сөйтсе де, сатып алушының чегі мен жеке куәлігінің көшірмесін алып, «бұл шағымыңызды 10 жұмыс күні ішінде қарастырып көреміз, бірақ қалған 10%-ды қайтарып беруі екіталай» деген.
«Мәселе ақшада, бонуста емес, бұдан байып та, кедей болып та қалмаймыз, алайда елді бұлай алдауға болмайды ғой, Mechta сауда дүкеніне барғанымызда, өзін директор орынбасарымын деп таныстырған жігіт осы сияқты жағдаймен бірнеше адам келгенін, олардың бәрін «жүйеде ақау болды, қате кетті» деп қайтарып жібергенін айтты. Яғни, жалғыз маған ғана емес, бірнеше адамға осылай жасалған. Бонус береміз деген тәсілмен, жұртты қызықтырып, іс жүзінде уәде етілген қайтарым болмағаны қитұрқылық емей, немене?!» дейді алданған сатып алушы.