Бүгін – ҚР Тұңғыш Президенті күні

Бүгін – ҚР Тұңғыш Президенті күні

Бүгін – ҚР Тұңғыш Президенті күні
ашық дереккөзі
232
Бүгін – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні. Осыдан тура 29 жыл бұрын елімізде бүкілхалықтық сайлау өтіп, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті сайланған болатын.  2011 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының бастамасымен «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР Заңына толықтыру енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын. Осы заңда 1 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі болып белгіленді. Яғни бүгін Тұңғыш Президент күні осымен 8-ші рет аталып өтеді. Жалпы Тұңғыш Президент күні біздің елімізде ғана емес, әлемнің бірнеше мемлекетінде ресми түрде мереке ретінде аталып өтеді. Мысалы, Америка Құрама Штаттарындағы Президент күні мерекесі ертеден бар. АҚШ-тың алғашқы Президенті Джордж Вашингтон 22 ақпанда туғандықтан, бұл елде 1885 жылдан бастап 22 ақпан - Вашингтон күні деп атала бастаған. Американы алға сүйреген Авраам Линкольннің туған күні 12 ақпан екен. АҚШ халқы осы екі қайраткердің туған күнін біріктіріп, өткен ғасырдың 70-ші жылдарынн бастап ақпан айының үшінші дүйсенбісін Президент күні ретінде атап өтуді дәстүрге айналдырған. Әйтсе де Америкадағы халықтың көбі бұл мерекені Джордж Вашингтон күні ретінде атап өтеді. Қазаққа бауырлас ел Түркия Республикасында да Мұстафа Кемал Ататүріктің Самсонға келіп, шетелдік басқыншыларға қарсы күрес жариялаған 19 мамыр (1919 жылы) – «Ататүрікті еске алу, жастар және спорт күні» атаулы мереке тойланады. Бұл күнге түріктер ресми түрде тәуелсіздік үшін күрес басталған күн ретінде қарайды. Ататүріктің өзі тірі кезінде ұлт үшін осынау маңызды күнге салмақ беріп, «Мен 19 мамырда туғанмын» деп айтып кеткен екен. Түркиядағы бұл мереке 1935 жылғы 24 мамырда «Ататүрік күні» атауымен тұңғыш рет аталып өткен. Дәл сол күні атаулы мерекемен қатар Ыстанбұлда Галатасарай мен Фенербахче командалары басқа спортшылармен бірге Спорт күнін өткізген еді. Президент күні сонымен қатар Ұлыбритания және Нидерланды (Королева күні), Исландия, Ангола елдерінде аталып өтеді. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында президенттік сайлау бір күнде, бір ғана сәтте бола салған жоқ. Алдымен 1991 жылғы 16 қазанда Жоғарғы Кеңес «Қазақ ССР Президентін сайлау туралы» заңды қабылдады. Осы заңмен бірге 1991 жылдың 1 желтоқсанын Қазақ ССР Президентін сайлау күні ретінде белгілеген қаулы да шықты. Осылайша Қазақстан тарихында тұңғыш рет Республика басшысын жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы таңдауға жағдай жасалды. 1991 жылы 1 желтоқсан күні Қазақстан тарихындағы тұңғыш жалпыхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев жеңіп шықты. Сайлауға қатысқан халықтың 98,78 пайызы дауыс берді. 5-ші желтоқсан күні Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың соңғы қорытындысын жария етті. Ол бойынша республикадағы 21 сайлау округіндегі сайлаушылар тізіміне 9 961 242 азамат енгізілген. Олардың ішінде сайлауға 8 788 726 адам немесе 88,23% дауыс беруге қатысқан. Сайлау нәтижесі бойынша Н.Назарбаевты қолдап сайлаушылардың 8 681 276-і дауыс берген, бұл дауыс беруге қатысушылардың 98,78% пайызын құрады. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев барша халық сайлаған Қазақстанның Президенті мандатын тұңғыш рет иеленді. Тұңғыш Президенттің қызметіне ресми кірісуі мен Елбасының ант беру рәсімі 1991 жылдың 10 желтоқсанында өтті. Ал осыдан 6 күн өткенде Қазақстан Республикасы әлемге өз Тәуелсіздігін жариялады.  

Серіктес жаңалықтары