Динара Сәтжанның сәтсіз жарнамасы «қызыл аймақ» әкімдеріне ұпай әкелмеді

Динара Сәтжанның сәтсіз жарнамасы «қызыл аймақ» әкімдеріне ұпай әкелмеді

Динара Сәтжанның сәтсіз жарнамасы «қызыл аймақ» әкімдеріне ұпай әкелмеді
ашық дереккөзі
363
Белгілі журналист, блогер Динара Сәтжан жақында Өскемен қаласына барып, Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында Шығыс Қазақстан облысында атқарылған ілкімді істер жайлы баяндап, облыс әкімі Даниал Ахметов пен Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омардың мақтауын асырды. Бірақ блогер ханым жер-көкке сыйғызбай мақтаған әкімдерге шығысқазақстандықтардың көңілі толмайтын секілді. Олай дейтініміз, басқа қордаланған мәселелерді айтпағанда, дәл қазір еліміз бойынша Шығыс Қазақстан облысы коронавирус індетінің таралуына байланысты қауіпті «қызыл аймақ» саналуда. Өңірдегі ахуал расында да көңіл көншітерлік емес. Яғни блогерге бой сергітер блогтур ұйымдастыратындай күй жоқ. Облыста Covid-19 індетін жұқтырғандар күн санап көбеюде. Бүгінге дейін (27 қараша) 15911 адам коронавирусқа шалдыққан. Бұл еліміз бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. Облыста індеттен осы уақытқа дейін 281 адам қайтыс болды. Жағдай осылайша ушығып тұрған кезде Нұр-Сұлтаннан келген блогерге өңірде атқарылып жатқан игі іс-шараларды көрсетіп, мақтану ешқандай қисынға сыймайтыны айқын. Сол себепті халықтың орынды наразылығын тудырып отыр. Не де болса, миллионнан астам оқырманы бар Динара Сәтжанның сәтсіз жарнамасы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов пен Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омарға абырой әкелмегені рас. Тіпті шығысқазақстандықтардың ызалы сынының астында қалған Сәтжан ханымның өзіне де бұл сапар көтеріңкі көңіл-күй сыйламаған шығар. Өйткені оны әлеуметтік желіде сынап, тіпті балағаттағандардың  қарасы қалың. «Миллион оқырманы бар блогердің сторисінен (жазбасынан) сенің қалаң дамып, ондағы денсаулық сақтау саласының жұмысы қалай өркендеп жатқаны жайлы, әлеуметтік нысандар қайта жаңғырып, жаңасы бой көтергені және әкімнің іскерлігі  туралы мінсіз көріністерді көргенде, мынадай сұрақ  туындайды: «Қанша? Мұндай жарнама қанша тұрады? Шығыс Қазақстанға Динара Сәтжан қандай ақшаға ұшып келді?» деп жазды Сандра есімді жергілікті блогер. Бұл сауалды Динара Сәтжан жауапсыз қалдырмай, әкімдік оның тек  жолақысы мен қонақүй шығынын өтегенін, ал жарнамаға ақша төлемегенін айтты. Қала тұрғындары енді өзара ақша жинап, танымал блогерге  Өскеменнің шынайы келбетін көрсетуге уағдаласты. Ал Динара ханымның өзі мұндай шақыруға қарсы емес екенін білдіріп, «Жергілікті блогерлердің Өскемен геттосын көруге шақырған ұсынысын қабылдаймын, әйтпесе шынында да маған әдемі жерлерді ғана көрсетті» деп сыпайы ғана жауап қайырды. Фотода Динара Сәтжан мен Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар. Д.Сәтжанның Instagram-дағы парақшасынан алынды.

Серіктес жаңалықтары