242
Дипломмен ауылға: баспанаға қалай қол жеткізуге болады?
Дипломмен ауылға: баспанаға қалай қол жеткізуге болады?
Ауылды жерге жұмыс істеуге барған мамандардың тұрғын үй сатып немесе салып алуына бюджеттік несие беру - «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясындағы мемлекеттік қолдау шараларының бірі.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Дипломмен ауылға» бағдарламасын іске асырудағы сенімді агент ретінде қызмет атқарады.
Қор 2010 жылдан бері ауылды жерге жұмысқа барған 35 мыңнан астам маманның баспаналы болуына несие берді. 1500 АЕК сомасындағы несие 0,01 %-бен 15 жылға беріледі.
Бұл бағдарлама жас мамандар арасында үлкен сұранысқа ие. Бюджеттік несие бұрын денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешені саласының мамандарына ғана беріліп келген болатын.
Биылдан бастап бұл тізімге ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының мемлекеттік қызметкерлері де кіріп отыр. Бұл өзгеріс ҚР Экономика министрлігінің бұйрығымен енгізіліп, биыл қыркүйек айынан бері іске асырылуда.
Несиенің қолжетімділігін арттыру үшін құжат жинауды жеңілдететін бірқатар іс-шара қабылданды. Мәселен, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының «электрондық үкімет» порталымен және мемлекеттік деректер базасымен біріктірілген өзара іс-қимылының нәтижесінде бірқатар құжат электронды түрде сұратылатын болды. Оның ішінде жеке басын куәландыратын құжат, тұрғылықты тіркелген жері туралы, неке туралы, жылжымайтын мүлкінің болуы немесе болмауы жөнінде және соңғы жұмыс орны туралы мәліметтер бар. Жұмысқа немесе бағдарламаға қатысуға мүдделі дипломы бар мамандар аудан әкімдіктерінің сайттарындағы бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді ала алады.
Aуылдарға барып жұмыс істеуге ниетті мамандарға несие беру бағдарламасы еліміздің барлық облысында жүріп жатыр.
Толық ақпаратты жергілікті әкімдіктерден білуге болады.
Бүгінгі таңда 4 524 маманға тұрғын үй несиесін рәсімдеген Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Қызылорда филиалы көш бастап келеді. 4 006 маманның баспаналы болуына септігі тиген Алматы филиалы екінші орында. 3 768 маманға тұрғын үй несиесін берген Батыс Қазақстан филиалы үздік үштікті түйіндеді.