299
Қостанай облысының әкімі Президент сынына жауап берді
Қостанай облысының әкімі Президент сынына жауап берді
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов өңірде коронавирус инфекциясының жаңа жағдайларын жасыру фактісіне қатысты түсініктеме берді.
Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола сынды бірқатар облыста коронавирус инфекциясының жаңа жағдайларын жасыру фактісі орын алғанын айтқан болатын. Осы мәселеге қатысты түсініктеме берген өңір басшысы әрбір жекелеген жағдай зертелетінін айтты.
«Әзірше, есепке алынбай қалған 50-ден астам жағдай бар. Бұл көрсеткіш өзгеріп, өсуі немесе төмендеуі мүмкін. Сол себепті жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірінші себебі - зерттеу жүргізетін зертханалар нәтижелерді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне кеш береді. Сондықтан ол сол күннің есебіне алынбай келесі күнге жазылады. Екінші себебі – КВИ-дің оң нәтижесі шыққан адамдарда негізінен теріс нәтиже көрсеткен. Осыған байланысты даулы жағдай туындады», – деді облыс басшысы.
Оның айтуынша, аталған адамдар, олармен байланыста болған адамдар бақылауға алынып, оқшауланған.
«Бұл орайда барлық мәселе бақылауда тұр. Біз қызыл аймақтамыз. Дегенмен, соңғы күндері төмендеу байқалып отыр», – деді Архимед Мұхамбетов.