216
Алматыдағы заңсыз ағаш кесу фактісіне Sulpak компаниясының қатысы бар ма?
Алматыдағы заңсыз ағаш кесу фактісіне Sulpak компаниясының қатысы бар ма?
Sulpak компаниясы Алматыда заңсыз ағаш кесу фактісі бойынша түсініктеме берді.
Аталмыш компания өзінің Facebook парақшасында: «Тергеу барысында мердігер компания қызметкерлерінің Sulpak-қа тиесілі емес және біздің компаниямызға жалға берілмеген аумақтағы ағаштарды өз еркімен кесіп тастағаны анықталды. Біз құзырлы органдардың кінәлілерге заңға сәйкес тиісті шара қабылдайтынына сенімдіміз. Біз өз отандастарымыз бен клиенттерімізді түсініп отырмыз, сондықтан әкімдікпен бірге жұмыс істеуге және қаламыздың экологиясын жақсартуға дайынбыз», – деп жазды компания.
Сонымен қатар, компания басшылығы Алматы қаласының аумағында және қала әкімдігімен келісілген мерзімде 500 үлкен ағаш отырғызу туралы шешім қабылдағанын атап өтті.
23 қарашада түнде Алматыда сауда үйінің жанындағы жайқалған емен мен қарағаш оталды. Бұл туралы тұрғындар әлеуметтік желіде наразылық білдірді.
«Қазір аудан әкімдігі мен полиция департаменті кесілген ағаштардың тұқымы мен сапасын анықтау үшін оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Айыпты тұлғалар анықталған соң Полиция Департаменті оларды жауапкершілікке тартады. Толығырақ ақпаратты анықтау жұмыстары аяқталған соң жариялаймыз», – деп мәлім етті қала әкімдігі.
Кейін Алматы қалалық жасыл экономика басқармасы сауда үйінің алдындағы ағаштардың жаппай кесілуінің мән-жайын анықтады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы Төле би көшесіндегі ағаштардың оталғанына қатысты жағдайға назар аударды. Мемлекет басшысы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа аталған жағдайға байланысты қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды тапсырды.
24 қараша күні қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мәселені өз бақылауына алғанын мәлім етті. Бүгінде Алматы прокуратурасы заңсыз ағаш кесу фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.