497
БЕСҚАЛАЛЫҚ ҚАНДАСЫМЫЗ САУҚЫМ ЖАМАНҚАРАЕВ – ЕЛ ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНГЕН ҚАЙРАТКЕР
БЕСҚАЛАЛЫҚ ҚАНДАСЫМЫЗ САУҚЫМ ЖАМАНҚАРАЕВ – ЕЛ ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНГЕН ҚАЙРАТКЕР
Ғасырлардан ғасырларға жалғасқан өзіндік дәстүр-салты бар, ынтымақта күн кешкен берекелі Бесқала өңіріне жолыңыз түссе, ол жерде туып-өсіп елге белгілі болған қазақтың талай тұлғалы перзенттері жайында естіп-білесіз. Соның бірі – мемлекет және қоғам қайраткері Сауқым Жаманқараев. Туған жерінің суландыру жүйесінде табысты еңбек етіп, құрметке бөленген оны жерлестері әрдайым зор құрметпен еске алады.
Алған білімін таланты, іскерлігімен ұштастырған Сауқым аға саналы ғұмырын Әмудария суымен Бесқаланың алқаптарын суландыру, топырақты құнарландыру жолында тер төгіп, республиканы гүлдендіруге арнаған асыл азамат еді. КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, техника ғылымдарының докторы атанған қайраткер жиырма жыл бойы Қарақалпақстан Су шаруашылығы министрлігін басқарған, осы елді өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан халық перзенті.
1929 жылы Қарақалпақстанның Беруни ауданындағы Саркоп ауылында (қазіргі О.Жұманиязов атындағы шаруа қожалығында) дүниеге келген Сауқым Жақсыбайұлының балалық шағы елді дүрліктірген колхоздастыру дәуірі мен ІІ дүниежүзілік соғыс кезіне тұспа-тұс келді.
Аласапыран кезеңде әкесі Жақсыбай мен анасы Сараның мезгілсіз өмірден өтуі Сауқымды қатты күйзелтіп жіберді. Енді ол ата-анадан жастай айырылған алты інісі мен бір қарындасына қорған болуы керек-ті. Қуаныш-қайғысы қатар жүретін өмірдің сынақтары мен ауыртпалығына қасқайып қарсы тұрған бозбала ата-анасының аманатын орындап, қиындыққа қасарыса қарсы тұрып, шырғалаңдарда ширыға түсті.
Ел қатарлы дұрыс өмір сүріп, толыққанды адам болуы үшін ең алдымен білім алу қажеттігін ұққан өжет жас Төрткүл ауыл шаруашылығы техникумын бітірген соң жолдамамен Шаббаз 1-МТС-ке агроном болып барады. Одан кейін Ташкенттегі Ауыл шаруашылығын механизациялау және ирригация институтына оқуға түсіп, оны бітіргеннен кейін Төрткүлдегі ауданаралық «Мақта-Арна» канал басқармасының инженері болды. Соңынан Беруни аудандық өндірістік бөліміне басшылыққа жіберілді.
Біліктілігін іс жүзінде таныта білген талабы таудай жас маманға Қарақалпақстан Үкіметінің мүшелері үлкен сенім білдіріп, сол кездегі су шаруашылығы саласының құрылыс тресіне бас инженер, содан соң «Қоңыратқұрылыс» тресіне лауазымды қызметке тағайындады. Арынды азаматтың жүрек төрінде сақталған арманы орындалып, 1965 жылдан Қарақалпақстан су шаруашылығы министрі лауазымына бекітіліп, сала тарихының жаңа бетіне өз есімін жазды.
Қарақалпақстан Республикасының су шаруашылығы саласы 1965-1985 жылдар ішінде Сауқым Жақсыбайұлының тікелей басшылығымен үлкен бетбұрыс жасаған жылдар болды десек асыра айтқандық емес. Деректер осыны әйгілей түседі.
С.Жаманқараевтың алпысыншы жылдардың екінші жартысында Еллікқала алабын игеру мәселесін Өзбекстан Республикасы Жоғарғы Кеңесіне және Қарақалпақстан Республикасы Министрлер Кеңесіне қайта-қайта мәселе қып көтеріп, оның маңыздылығына жоғарыдағылардың көзін жеткізуі нәтижесінде 1972 жылдан бұл алапты игеру инженерлік әдіспен кең ауқымда жүргізілді. Әр жылы 3 мың гектар тың жер игеріліп, ол жерлерде пайда болған елді мекендерге емханалар, мектептер, тұрғын үйлер салынып, жылжымалы механикалық колонналар құрылды. Қыруар еңбек босқа кеткен жоқ, 1977 жылы ұйымдастырылған Еллікқала ауданы бүгінде Өзбекстандағы экономикасы жан-жақты дамыған абат аудандардың қатарында.
Республикада өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап судың төменгі ағысынан тұрған Суенлі-Қызкеткен арналарына Әмудариядан су алу біраз машақатты іс еді. Сондықтан осы жылдардан бастап өңірде су тапшылығы мәселесін шешу мақсатында алғаш рет өндірістік су шығаратын машиналарды пайдалану бойынша суару бөлімі құрыла бастады. Талапты ердің басшылығында 1964 жылы Қызкеткен суару тармағына Қаттағар, Бегжап насос станцияларында секундына 60 текшеметр су шығаратын станциялар құрылып, Чехословакия мен Ресейден жоғары қуатты қондырғылар әкелінді.
Бастаған ісін соңына жеткізбей қоймайтын қайсар Сауқым Жақсыбайұлы іс-тәжірибесін үнемі жетілдіріп отырды. Елді өркендетуге, соның ішінде ауыл шаруашылығының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бойындағы бар күш-жігерін де, білімін де аяған жоқ. 1967 жылдан бастап әр ауданда аудандық су шаруашылығы басқармаларын, жылжымалы механикаландырылған колонналарды ұйымдастыру, оларды білікті мамандармен қамту, материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша көптеген игі істердің басынан табылды. Хожелі ауданының Құмжыққан алабы, Шоманайда Мамый даласы, Кегейліде Қуанышжарма, Шымбайда Майжап, С.Сейітов шаруашылықтарында тың игеруге басшылық жасады.
Қызкеткен арнасы кеңейтіліп, Қаттыағар арнасының құрылысы іске қосылды. Құрылыс индустриясын құруға белсене қатысқан ол Төрткүл, Беруни, Нөкіс қалаларында темір-бетон, кірпіш зауыттарының, Нөкіс-Тақиатас механика-жөндеу зауытының құрылысына басшылық етті. Осы жылдарда Төрткүл, Беруни, Шымбай, Қараөзек, Тақиатас, Шоманай аудандарында сушылар қалашығын, Нөкіс қаласында Су шаруашылығы ғимаратын, Кеден басқармасын, балалар емханасын, 24-шағын аудандағы тұрғын үйлерді салуды ұйымдастырды.
«Бақыттың белгісі − білім». Өндірістегі мол тәжірибесін ғылыммен ұштастырған ғалым 1970 жылы Ташкентте Өзбекстан Ғылым Академиясының кеңесінде ғылыми диссертациясын қорғап, техника ғылымдарының кандидаты, ал 1992 жылы Мәскеуде техника ғылымдарының докторы дәрежесіне қол жеткізді. Тынымсыз еңбегі оның 1995 жылы Ресей халықаралық экология және табиғатты қорғау академиясының академигі атандырды. Білікті маман кейіннен «Аралсужоспарлау» институтының директоры болып, өзінің ғылыми ізденістерін жалғастыра түсті. Көз нұрын төге жарыққа шығарған 7 кітабы мен 16 ғылыми мақаласы ирригация саласындағы ерекше маңызы бар қазынаға айналды.
Еңбектен бақытын тапқан Сауқым Жаманқараев бірнеше рет шақырылған Қарақалпақстан Республикасы Жоқарғы Кеңесінің депутаты болды. КСРО-ның көптеген орден-медальдарымен марапатталып, «Өзбекстан және Қарақалпақстанға еңбегі сіңген ирригатор» атағына ие болды.
Ата-анасынан ерте айырылса да, бауырларына қамқоршы болып, қанша бейнет шексе де мұқалмай, бүкіл ел-жұртының сенімін ақтай білді. Інілері мен қарындасына, ағасы Мырзамұраттан қалған қызы Дина мен ұлы Тимурға Сауқым – әке, зайыбы Жұмагүл – ана болып мейірін төгіп, барлығын оқытып, үйлі-баранды етті. Перзенттеріне «Білімді адам барлық қиындықты жеңетінін» ұқтырып, 4 ұлы мен бір қызына өнеге көрсетіп, алдына көмек сұрап келген адамнан бар жақсылығын аямады.
Оның ұлдары Кеңесбай, Жолдасбай, Рашид, Ерғали әке жолын қуып, Ташкент инженерлік ирригация және ауыл шаруашылығын механизациялау институтын бітіріп, сол салада еңбек етті. Қызы Бағила Гүлстан мемлекеттік университетінің орыс тілі және әдебиеті факультетін бітірген, бүгінде Қарақалпақ мемлекеттік университеті жанындағы №3 академиялық лицейде оқытушы. Ерғали қазір туып-өскен жерінде, ал Рашид атажұрты – Қазақстанда еңбек етуде.
Отанынан сыртта өмір сүріп жатқан қазақтың он пайыздайы тұратын қарақалпақстандық қазақтар арасынан суырылып шығып даңқ биігіне көтерілген, сол елдегі қандастарына талай пайдасын тигізген Сауқым Жаманқараев 2003 жылы дүние салды. Алайда оның өзі кетсе де, өнегесі өлген жоқ. Сексеннің сеңгіріне шыққан Жұмагүл апай оның әулетінен өрбіген отыз шақты немере-шөбересіне Сауқым ағаның ел-жұртқа сіңірген еңбегін, өнегелі өмір жолынан сыр шертіп отырады. Нөкістегі інісі Есемұрат пен Клараның отбасы да, оның Жарас, Жеңіс, Рүстем, Әнуар, Мансур деген балалары да абзал ағаның өнегелі істерін, азаматтық істерін әрдайым мақтанышпен айтудан жалықпайды.
Міне, осындай алаштың қайраткер перзенті тұрған Нөкіс қаласындағы бір көше бүгінде Сауқым Жаманқараевтың есімімен аталады. Бұл да оның еңбегіне деген ерекше құрметтің белгісі. Ел өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан Сауқым Жаманқараевтың даңқты есімі Бесқала жұртының құрмет тұтар тұлғасы ретінде аталады.
Арухан АҚПАНБЕТОВА,
Ташкент қаласы