264
Мемлекеттік органдардың бюджет қаражатын цифрландыруға жұмсау тиімділігі «Nur Otan» алаңында қаралды
Мемлекеттік органдардың бюджет қаражатын цифрландыруға жұмсау тиімділігі «Nur Otan» алаңында қаралды
«Nur Otan» партиясы жанындағы «Мемлекеттік қызмет көрсету» бағыты бойынша комиссияның алаңында мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы талқыланды. Нұротандықтар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының желісі бойынша egov.kz порталы жақсы жұмыс істеп тұрғанын, алайда кейде «Электрондық үкімет» порталында орын алатын ақау көбіне мемлекеттік органдардың кінәсінен болатынын атап өтті.
Комиссия төрағасы, Мәжіліс депутаты Майра Айсинаның айтуынша, осы жылы түрлі мемлекеттік органдардағы ақпараттық жүйелердің жұмысында ақаулар орын алған. Бұл өз кезегінде қандай да бір анықтаманы egov.kz. порталынан алуды қиындаты жібереді. Бұл жағдайда жауапкершілік Мемлекеттік корпорацияға жүктелмейді деп есептейді комиссия мүшелері.
Отырысқа қатысушылар мемлекеттік органдардың IT-жүйелерін құруды нақты кімге тапсыратынына ерекше назар аударды. Мысалы, «Ақпараттандыру туралы» Заңға сәйкес барлық министрліктерде ақпараттық архитектура бірдей болуы тиіс, ал бірыңғай әзірлеуші «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ болуы керек.
«Неге сыртқа тапсырыс бересіздер, яғни мұнда жемқорлыққа мүмкіндік ашылып тұр ғой? «ҰАТ»-ға тапсырыс берулеріңіз керек, олар ақпараттық жүйе үшін қанша қаражат қажет екенін айтсын. Әйтпесе, кім қанша қаласа, сонша сұрайды. Мысалы, әкімдіктерді алатын болсақ, біреулеріне 100 млн, ал енді біреулеріне 1 млрд қажет» ,-деді Майра Айсина.
Орталық мемлекеттік органдардағы ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жұмсалатын қаражатта да осыған ұқсас жағдай. Бюджеттен ақша жеткілікті мөлшерде бөлінеді, бірақ, өкінішке қарай, ақпараттық жүйелердегі ақаулар азаймай тұр.
Дегенмен, «Мемлекеттік қызмет көрсету» партиялық комиссиясының отырысында тек түйінді мәселелер ғана талқыланған жоқ.
Мәселен, Цифрлық даму вице-министрі Абылайхан Оспанов биылғы 10 айда ХҚКО-да 14,3 млн, ал egov.kz платформасында 30 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілгенін атап өтті. Бұл халықтың цифрлық сауаттылығының біртіндеп өскенін көрсетеді. Сонымен қатар, коронавирустық пандемия және онымен байланысты карантиндік шектеу шаралары азаматтардың мемлекеттік қызметтерді онлайн режимде алуына қосымша ынталандыру болды.
«Бұл жерде туындаған тағы бір мәселе 1414 байланыс орталығының жұмысына қатысты болды. Карантинге байланысты жүктеме бірнеше есе өсіп, операторлар жетіспеді. Қоңыраулар саны күніне 5-тен 50 мыңға дейін өсті. Сондықтан біз азаматтарға қызмет көрсету үшін мемлекеттік корпорацияның 2 мыңға жуық қызметкерін жедел жұмылдырдық», - деді Абылайхан Оспанов.
Отырысты қорытындылай келе, партиялық комиссия мүшелері ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне алдағы уақытта техникалық іркілістерге жол бермеу үшін түрлі ведомстволардың өздерінің ақпараттық жүйелерін құруға және қолдауға ақшаны қалай жұмсайтынын мұқият тексеруді ұсынды.