2021 жылғы бюджет: Қаржының 50 пайыздан астамы әлеуметтік салаға бағытталады

2021 жылғы бюджет: Қаржының 50 пайыздан астамы әлеуметтік салаға бағытталады

2021 жылғы бюджет: Қаржының 50 пайыздан астамы әлеуметтік салаға бағытталады
ашық дереккөзі
205
Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті.  Онда сенаторлар «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын қарады. Алдағы үш жылдық бюджет стратегиялық бағдарламаларды және Президенттің биылғы Жолдауында көрсетілген маңызды әлеуметтік-экономикалық мақсаттарды іске асыруға арналған, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі. «Сыртқы нарықтағы күрделі жағдайға байланысты дағдарысқа қарсы кешенді іс-шараларды қаржыландыру жалғаса береді. Бюджетті қарау барысында алдағы үш жылда азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге басымдық берілді. Соған сәйкес 2021 жылы бюджет шығындарының 50 пайыздан астамы әлеуметтік салаға жұмсалады», – деді Мәулен Әшімбаев. Сондай-ақ Сенат төрағасы экономикадағы қиындықтарға қарамастан, Президенттің тапсырмасы бойынша бюджетте барлық әлеуметтік міндеттерді орындауға керекті қаржы қарастырылғанын атап өтті. Бұл қаражат әлеуметтік төлемдерді индексациялауға, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақыларын көбейтуге және халыққа медициналық қызмет көрсетуге бағытталады. Стратегиялық бағыттардың қатарында өңірлерді дамыту мәселесі де өзекті екені белгілі. «Еліміз үшін аса маңызды болып саналатын – инфрақұрылымды дамыту, орталық және солтүстік өңірлерді газдандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, айтарлықтай қаржы шағын және орта бизнесті қолдауға және әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға арналған баспана құрылысына бөлінеді», – деді Сенат төрағасы. Келесі 2021 жылы инфрақұрылымды дамыту, газдандыру және ауыз сумен қамту жұмыстарына бюджеттен 1,6 трлн. теңге бөлу жоспарланып отыр. Сонымен қатар сенатор Нұрлан Қылышбаев мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындау және пандемиямен күрес шараларына байланысты республикалық бюджет қаражатын жұмсау тәсілдерін қайта қарау керектігін айтты. «Биыл бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған жайттар анықталды. Үкімет резервіндегі қаржы есебінен отандық өндірушілерден 1500 өкпені жасанды желдету аппараты сатып алынды. Алайда, 17 өңірдегі денсаулық сақтау мекемелері соның 831-ін ғана қабылдап алған. Ал қалғандары толық жабдықталмаған болып шықты. Мысалы, Жамбыл облысында осындай олқылыққа байланысты 53 аппараттың бірде біреуі жұмыс істемей тұр. Қазіргідей күрделі кезеңде мұндай жағдайларға жол беруге болмайды», – деді Нұрлан Қылышбаев. Одан бөлек, сенаторлар бизнес пен азаматтарды әлеуметтік қолдауға және өңірлерді дамытуға бөлінетін қаражатты ұлғайтуға байланысты бюджет шығыстарының кейбір бағыттарын қайта қарауды ұсынды. Жан-жақты талқылаудан кейін Сенат депутаттары еліміздің басты қаржы құжатына бірқатар түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарды. Бұдан басқа, сенаторлар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2021-2023 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын да қарады. Соған сәйкес, Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт көлемі 2021 жылға – 3,7 трлн, 2022 жылға – 2,4 трлн, 2023 жылға 2,2 трлн теңге болып бекітілді. Сенат отырысына еліміздің премьер-министрі Асқар Мамин, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев және видео-конференц байланысы арқылы басқа да Үкімет мүшелері қатысты. Сондай-ақ, отырыс барысында Сенат төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров пен сенатор Нұртөре Жүсіп адам құқықтары мен бостандығын қамтамасыз ету мәселесі бойынша Үкімет Басшысының атына депутаттық сауал жолдады.

Серіктес жаңалықтары