1353
«Әділет» адалбақаны
«Әділет» адалбақаны
Қазір әлеуметтік желінің өте жақсы дамыған, кез келген адаммен жылдам әрі оңай коммуникациялық байланыс орнатуға мүмкіндік тудырған жүйрік-уақыт кезеңі. Біз де шама-шарқымызша әлеуметтік желілерде белсенді болуға тырысамыз. Әсіресе, мына індет өршіген алмағайып мезетте әлеуметтік желінің арқасында жастар мен жасөспірімдер аудиториясы үшін жиі-жиі түрлі онлайн конференция, сұхбат ұйымдастырамыз. Бірде сұхбат үстінде бейтаныс бір кісі «Елеке, Алаш тарихын танып, білгім келеді. Қандай кітап оқуым керек?» деп сұрады.
Біз үшін әлбетте патша көңілді оқырманның сауалы бұйрық сықылды. Ойыма бірден рисала, тарихи миниатюра жанрында жазатын Бейбіт Қойшыбаевтың «Рух», «Ар – Қуат», «Рух-Сарай» сияқты кітаптары оралды. Сосын, арада бірер апта өткен соң, әлгі оқырманнан хабарлама келіп тұр екен. «Сізге көп рақмет! Бейбіт Қойшыбаевты енді үнемі оқитын боламын. Жазғандарына риза болдым», – депті. Міне, қазақтың бір баласы өз тарихын білгісі келіп, әбілхаят суын іздеп, шөліркеген адамдай арғы-бергі өткен тамырына үңілгенде, Бейбіт Қойшыбаевтың қаламынан шыққан сөздер оның айызын қандырып, көкірек шөлін басыпты.
Бейбіт Қойшыбаев – қазақ тарихын жаңаша пайым, тосын ой, тың дерекпен бедерлеп жүрген белгілі жазушы, көрнекті тарихшы-ғалым. Оның жанры – тарихи миниатюра!
Әдетте қазақтың қай жазушысының өмірбаянын қарасаңыз, бәрі филфак немесе журфактан білім алғанын байқайсыз. Бұл ретте Орынбектің баласы Байқадамдағы он жылдық мектепті бітірген соң, жазушы болғысы келетіндер түсетін оқуға емес, инженер-механик боламын деп Қазақ ауылшаруашылық институтына құжат тапсырған екен.
1968 жылы аталған оқу ордасын бітіріп, инженер-механик дипломын алады. Туған еліне жолдамамен барып, Байқадамдағы кәсіптік-техникалық училищеде арнайы пәндерден сабақ береді. Бірақ оның әдебиетке, тарихқа деген бала күннен басталған аңсары мен құмарлығы жеңіп, 1975 жылы ғұмыр жолы, қызмет саласы мүлде басқа бағытқа бұрылады. Бұл – қалам ісіне ден қойған болашақ жазушы, ғалым-зерттеуші Қойшыбаевтың журналистика саласына ауысуы еді. Бейнелеп айтқанда, талапты ердің мұратты ізденісіне орай руханият деген алтын сарайдың қақпасы айқара ашылған.
Содан бері, міне, табаны күректей қырық бес жыл осы саланың көрігін үрлеп, отын сөндірмей һәм қалам сертіне адалдық танытып, зор абыроймен қызмет етіп жүр. Биязы, таза да ақ адал қалпында. Қашан көрсеңіз де сол жинақы, мұнтаздай таза. Келелі кеңестерде келісті сөз айтып, парасатты келбетінен айнымайды.
Әуелде «Ұлан» газетінің редакциясында жауапты хатшы, бас редактор қызметін атқарған ағамыз әр жылдары «Білім және еңбек», «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Денсаулық», «Әдеби қор жаршысы», «Zaman Қазақстан», «Жұлдыз», «Заңгер», «Ана тілі», «Ұлы Дала» басылымдарында да берекелі еңбек еткен. Осы жылдары оның қаламынан сан түрлі әдеби туындылар туып, көркем әдебиеттің көкжиегін кеңейтті. Мәселен, «Киелі мұра» романы, «Жас қалам» деген балалар мен жасөспірімдерге арналған хикаяттары, «Қара алтын қайдан шығады?» әңгімелері – сондай жылы оқылатын мөлдір шығармалар.
Асылында, кез келген қаламгер – намыс қайрағын қолына ұстаған атойлы рух иесі. Біз-дің ағекеміз де солақай идеологиясын оңды-солды жүргізіп, қазақ ұлтын әбден эксперименттік сынаққа алған сұрқия жылдары оқта-текте мінезін көрсетіп, айбат танытқан-ды. Әсіресе, теңдік іздеп, әділдік деп қазақ мүддесі үшін алаңға шыққан Желтоқсаншы жастарға араша түсіп, қызыл биліктің бишігін арқасына тосқанын ұмытпауымыз керек.
Бұл оқиға былай болған... 1985-1987 жылдары қаламгер Бейбіт Орынбекұлы Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Төралқасы аппаратында аса жауапты қызмет атқаратын. Алаңға шыққан жастарды «нашақор», «баскесер», «бұзық» деп орынсыз кінәлап, айыптап жатқанда қаламгердің дәті шыдамай, басшылардан сауға сұрап, араша болайық деп қайраткерлік көрсетеді. Академик Салық Зиманов, рухты ақын Жұбан Молдағалиевтармен бірге әділдік деп шарқ ұрады. Міз бақпайтын билік дегенін істеп, желтоқсан боздақтарын соттап, ақыры өлім жазасына кеседі. Жоғары Кеңестегі ұлтшыл Қойшыбаев қызметінен шеттетіліп, партияның қаһарына ұшырап, қатаң сөгіс алады.
Желтоқсан көтерілісіне дейінгі бір жылдары Мағжан Жұмабайдың толғауын басып, қазақтың Қорқыттай бақсыларын, діни қайраткерлерін насихаттап, танымдық мақала жариялатқаны үшін «Білім және еңбек» журналының бас редакторлығы қызметінен алынған еді.
Мұзға жанған Желтоқсан алауынан соң, Советтік биліктің диктатуралық билігі сәл-пәл болса да босаңсып, режимнің жіберген қателіктері әшкерелене бастаған күн туды. Осындай сын сағатта тағы да Қойшыбаев әділет іздеген жоқшылар сапынан табылып, 1937-1940 жылдары жазықсыз жапа шегіп, репрессияланған, атылған арыстардың мәселесіне дендеп кірісіп, республикалық басылымдарға ұлт ағалары болған қайран есіл ерлер туралы қызықты материалдарын бірінен соң бірін жазып, оқырманның сүйіспеншілігіне бөлене береді. О, пәлі, біздің ұстаз болатын Бейбіт Орынбекұлы осы бір жылдары кімдер туралы жазбады! Айтайық, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Сұлтанбек Қожанұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Тұрар Рысқұлұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Бақытжан Қаратаев, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Халел Досмұхамедұлы, Саттар Ерубаев... Өте көп. Бұл тізім жалғасқан сайын жаңара береді, толыға береді. Ұлт-азаттық қозғалысының тегерішін ұстаған Алаштың аймаңдай азаматтарын ұмытқан совет қазағына таныта бастады. Күн демей, түн демей, уақытпен санаспай ұлт тарихын жазу жолында қыруар іске жегілді. Айтылмаған сөз көп. Танылмаған тұлға мол. Анығында, осы жылымықты кезең – жазушының зерттеушілік қырын ашқан, қаламгерлік шеберлігін шыңдаған барақатты мезеті еді. Сол жылдардың тәтті жемісі – бүгінгі жас ғалымдар жиі пайдаланып, зерттеу еңбектерінде үнемі сілтеме келтіріп, мысалға алатын «Бақытжан Қаратаев», «1905 жыл», «Әлихан Бөкейханов», «Сұлтанбек Қожанов», «Ұлт театры шаңырағын көтеруші» сынды тарихи хроникалық ізденістері.
1989 жылдан бері жазушы, аудармашы, публицист Бейбіт Қойшыбаев қоғамдық-саяси өмірге батыл қадам басып, қайнаған қазанның отымен кіріп, күлімен шығып-ақ келеді. «Азат», «Ұлт тағдыры» ұлттық қозғалыстарының белортасында болыпты. Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамында нақақтан-нақақ атылған Ахмет Байтұрсынұлы, Ілияс Жансүгіров, Ораз Жандосов, Біләл Сүлеев, Сұлтанбек Қожановтардың ұрпақтарымен бас қосып, тізе біріктіріп іс бітіреді. Әлі күнге дейін сол қоғамның бақан тіреуішіндей боп, қасиетті шаңырақты ұстап тұр.
Бейбіт Қойшыбаев – ұлттық тарихымыздың ақтаңдақ беттерін түгендеп, советтік цензураға ұшырап, жыртылған я өртелген тарауларын қайта жазып, болашақ ұрпақ үшін қыруар іс атқарып жүрген үлкен жүректі, парасатты кісі. Қоғамдық ортаға үн тастаудан я ой толғаудан еш қалыс қалып көрген жері де жоқ. Қашан көрсеңде әділет алғауы болып, ұлт жоғын іздейтін топтың басында жүреді. Сергек те мінезді. Мінезі сөзінен, ой топшылауынан анық көрінеді.
Ұлттық рухымызды асқақтатқан қайраткер ағамыз жетпіс бес деген асқаралы мерейлі жасына отбасымен, туған ұлысымен аман-есен келіп отыр екен. Заматында Мұхтар Мағауиннің батасымен алғашқы прозалық шығармасы баспасөз бетіне басылған Бейбіт Орынбекұлы жазушы ретінде де, ғалым ретінде де елге әбден танылған азамат. Бейбіт ағамыз рух сардарындай жырақта жүрген сақа жазушы Мағауин сияқты көңіл дәптеріндегі ойларын іркелмей жазып, сүйікті оқырмандарын жыл сайын қуанта берсе екен дейміз інілік пейілмен.
Елдос ТОҚТАРБАЙ