279
«Nur Otan»: Ақмола облысында облыстық мәслихатқа кандидаттар тізімі бекітілді
«Nur Otan»: Ақмола облысында облыстық мәслихатқа кандидаттар тізімі бекітілді
Қазіргі қызмет істеп жатқан депутаттардың жартысынан азы партиялық тізімге енген. Тізім шамамен 70 пайызға жаңартылды.
Өңір басшысы Ермек Маржықпаев сындарлы жұмысты жалғастыруға шақырды.
Осылайша Ақмола облыстық «Nur Otan» партиясы филиалының партия мүшелері кезектен тыс ХХХІІІ конференциясында облыстық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша партиялық тізімді бекітіп, 58 кандидаттың тізімін ұсынды.
Тізімде көптеген жаңа есімдер бар, бұл фракция құрамындағы елеулі өзгерістерді білдіреді. Сабақтастық сақтала отырып, бекітілген партиялық тізім бойынша қазіргі депутаттардың 31,2 пайызы қайта сайлауға барады.
Облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Ермек Маржықпаев сайлауалды бағдарлама жобасы бойынша ақмолалықтардан 1300-ге жуық ұсыныстар мен пікрілер түскенін, олардың 782-сі ескеріліп, сәйкесінше аумақтық және облыстық сайлауалды бағдарламаларына енгізілгенін атап өтті.
Конференция барысында делегаттар Ақмола облысының сайлауалды бағдарламасын қабылдады, жасырын электрондық рейтингтік дауыс беру арқылы облыстық мәслихат пен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауға кандидаттардың тізімін бекітті.
Облыстық мәслихаттағы партиялық тізім әр түрлі топтардан, яғни, оның ішінде көп балалы аналар, ерекше қажеттіліктері бар адамдар, азаматтық сектордың, отандастардың өкілдігінен құрылған.
Әйелдер саны 2,5 есеге, 35 жасқа дейінгі жастар өкілі 0-ден 20,7 пайызға дейін өсті. Бүгінге дейін жұмыс істеп келе жатқан мәслихат құрамының жасы мөлшері 55 жас болса, партиялық тізімге өткен үміткерлердің орташа жасы - 43 жас, сондықтан оның құрамы 12 жасқа жасарды.
Партиялық тізімнің 29,3 пайызы шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлердің үлесінде болса, 25,9 пайызын білім беру саласының өкілдері, 13,8 пайызын ауыл шаруашылығы және басқалары құрайды. Сондай-ақ, квазимемлекеттік сектор өкілдері - 8,6 пайыз, өнеркәсіп және денсаулық сақтау саласының әрқайсысы 6,9 пайыз, мемлекеттік қызметкерлер - 3,4 пайыз. Сол сияқты үкіметтік емес ұйымдардың, мәдениет және спорт саласының, партия мүшелерінің әрқайсысы – 1,7 пайызды құрайды. Жалпы, облыстық мәслихаттың құрамы шамамен 70 пайызға жаңаратын болады.
– Праймериздің бірінші кезеңі бойынша ең беделді үміткерлер, әр түрлі қызмет салаларының мамандары анықталды. Олар маңызды басымдықтармен, азаматтық белсенділіктің жаңа мүмкіндіктерімен нақты іс-қимыл бағдарламасын ұсынады және ең бастысы, азаматтардың шұғыл әлеуметтік мәселелерін шешуге, аймақ тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін жауапкершілікті алуға бірлесіп жұмыс істеуге дайын, – деп атап өтті өңір басшысы Е.Маржықпаев.
Конференцияда Мәжілістегі партиялық тізімге үміткерлер арасында да пікірсайыс өтті. Конференция жұмысы әлеуметтік желіде онлайн-режимінде көрсетіліп, сайлау процесінің айқындылығы мен ашықтығын қамтамасыз етті.
Бірінші турда қатысушылар өздерінің сайлауалды бағдарламаларының негізгі тезистерін ұсынды, содан кейін «сұрақ-жауап» форматында пікірталас сессиясы өтті. 21 үміткердің ішінен Мәжіліс депутаттығына үш үміткер өкілдік квотасына сәйкес «Праймериз» ақпараттық жүйесінде жасырын рейтингтік электрондық дауыс беру нәтижелері бойынша таңдалды.
Осылайша ең көп дауысты аумақтық партия филиалының төрағасы, Сандықтау ауданының әкімі Асқарбек Үйсімбаев, «Орлёнок» ЖШС директоры Павел Безвербный және А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Мәди Елубаев жинады.
Мәжілістегі соңғы партиялық тізім 25 қарашада «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ съезінде бекітілетін болады. Сонымен қатар, Ақмола облысынан Съезд жұмысына қатысатын 20 партия мүшесі делегат болып сайланды.