188
Жұмыссыздарға әлеуметтік төлем автоматты түрде тағайындалады – министр
Жұмыссыздарға әлеуметтік төлем автоматты түрде тағайындалады – министр
Электронды еңбек биржасы жұмыс іздеушіге бос вакансияларды автоматты түрде ұсынатын болады.
Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жұмыспен қамту саласында Электронды еңбек биржасының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану көзделеді. Бүгінгі таңда жұмыс іздеп жүрген адам Жұмыспен қамту орталығына барып, кезекке тұрып, тиісті жұмыс таңдау үшін орталық қызметкерімен байланыс жасауға мәжбүр. Ендігі кезде барлық жұмыспен қамту шаралары, құралдары, бос жұмыс орындары Электронды еңбек биржасында қалыптасып, портал жұмыс іздеп жүрген адамға дағдыларына сәйкес автоматты түрде бос жұмыс орындарын, « Еңбек « бағдарламасы құралдарын ұсынатын болады», - деді министр.
Яғни, оның нақтылай түсуінше, шешімді ақпараттық жүйе қабылдайды.
«Жұмыс табылмаған жағдайда ақпараттық жүйе автоматты түрде адамды жұмыссыз ретінде тіркейді. Оған жұмыссыздыққа байланысты тиісті әлеуметтік төлемді проактивті түрде есептеп, тағайындайды. Осылайша, бірнеше қызметті біріктіріп, бизнес процесін жеңілдетіп, цифрлық жұмыспен қамту орталықтарына көшу жолындамыз», - деді Біржан Нұрымбетов.