414
ЖОО грант алмаған «Алтын белгі» иегерлерін өз қаржысымен оқытады
ЖОО грант алмаған «Алтын белгі» иегерлерін өз қаржысымен оқытады
ҚР Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарында мемлекеттік білім гранттарын ала алмай қалған 45 «Алтын белгі» иегерін тегін оқыту мүмкіндіктерін талқылады. Бұл игі бастаманы оншақты қазақстандық ЖОО ректорлары қолдап, олардың бөлгелі отырған гранттық орындар саны да белгілі болды.
«Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті - 10, Тұран университеті - 10, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті - 1, Қазақ мемлекеттік заң университеті - 15, Халық шаруашылығы университеті - 3, С. Демирел атындағы университет - 2, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті - 1, Алматы менеджмент университеті - 1, сондай-ақ М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті 2 орын қамтып отыр. ҚР Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарының мұндай бастаманы қолдап, қоғамға, жұмыс берушілер мен түлектерге көрсеткен әлеуметтік жауапкершілік үлгісі үшін алғысын білдіреді»,-делінген ҚР БҒМ мәліметінде.
Өйткені, үздік оқып, ҰБТ барысында «Алтын белгіге» лайық жоғары білім деңгейін растаған мектеп түлектері оқуларын тегін жалғастыру мүмкіндігінен айырылуы мүмкін еді. Ондай жағдай «Алтын белгі» иелерінің бәсекелестік деңгейі жоғары, әрі мемлекеттік тапсырысы аз бөлінетін мамандықтарды таңдауларынан туындап отыр. Осылайша, биыл мемлекеттік білім гранттарын ала алмай қалған 45 «Алтын белгі» иегерінің 19-ы экономикалық, 8-і - халықаралық қатынастар, 14-і - заңгерлік, 4-і - аудармашылық мамандықтарын таңдаған.
Атап айтқанда, елімізде мемлекеттік білім гранттарының негізгі бөлігі еңбек нарығында сұранысы жоғары, ел экономикасына аса қажетті техникалық және технологиялық мамандықтарға бөлініп отыр.
Бұдан бұрын хабарлағандай, білім беру гранттарын беру жөніндегі республикалық конкурстық комиссиясы жұмысының алдын ала қорытындылары бойынша «Алтын белгі» медаль иегерлерінің біршамасы мемлекеттік грант есебінен білім ала алмайтындықтары белгілі болды. Биыл 2059 «Алтын белгі» иегері оқуын еліміздің ЖОО-да жалғастыруға ниет білдірді. Алайда, олардың кейбірі бәсекелестік деңгейі жоғары қаржы-экономикалық немесе әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы мамандықтарды таңдаған. Олардың басым бөлігі елімізде соңғы жылдары индустриялық-инновациялық даму басымдықтарына көп көңіл бөлініп жатқанын ескермей келеді. Биыл да мемлекеттік гранттардың көбі аталған басымдықтарды жүзеге асыруға, яғни еңбек нарығының қажеттіліктеріне бағытталып отыр.