210
Қазақстанда байлық салығы енгізілуі мүмкін
Қазақстанда байлық салығы енгізілуі мүмкін
Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер легі талқылған Сенат отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы байлық салығын енгізуді ұсынды.
«Мемлекет басшысы 2019 жылғы Жолдауында «Жалпы ішкі өнім мен халық табысының артуына қарамастан қоғамда мүліктік жіктелу үдерісі сақталып отыр, тіпті күшейіп барады. Бұл – алаңдатарлық фактор. Сондықтан оған ерекше назар аудару керек» деген болатын. Бұл мәселені шешудің көптеген жолы бар. Соның бір жолы ретінде байлыққа салық салуды енгізуді қарауға болады. Мұндай халықаралық тәжірибе көптеген елде бар. Бюджетке түсетін түсімдерді сән-салтанатқа арнайы салық енгізу бүгінгі күні өте өзекті мәселе болып саналады. Ауқатты қазақстандықтар халық алдында әлеуметтік жауапкершілікте болуға және өз байлығын елдің дамуына бағыттауы тиіс. Тәуелсіздіктің 30 жылдығының ішінде халықтың бай мен кедей топтарының арасындағы алшақтық айтарлықтай өскенін көріп отырмыз. Бұл жерде мәселе яхталар, ұшақтар, элиталы жылжымайтын мүліктер, қымбат автоөкліктер, зергерлік бұйымдар секілді сән-салтанатты заттарға салық салуға қатысты болып отыр. Байлық салығын енгізу – салық салудың әділетті жүйесін қалыптастырады деп есептеймін», - деді Мұрат Бақтиярұлы.
Бұл мәселеге байланысты депутат Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың ұстанымын сұрады.
«Әрине мұндай жоспарымыз бар. Қазіргі таңда жаңа Салық кодексінде әділетті және айқын принциптер көзделген. Салық салу - табыстарды теңестірудің тиімді құралдарының бірі. Онда екі бағыт бар. Бұл – мүліктің бағасына қарай жоғары салық салу және тапқан табысқа салық салу. Табысқа салық салу немесе жеке табыс салығы бойынша елде 10 пайыздық бірыңғай мөлшерлеме қолданылады. Бірақ төмендетілген мөлшерлеме де бар. 70 мың теңгеге дейінгі табыстар қосымша шегерімдер қолданылады. Яғни бұл ретте табыстарға төмен салық салынады. Осылайша жеке табыс салығы бойынша дифференцияланған әдіс қолданылады. Салық кодексінде көлік салығы, мүлік салығы бойынша үлкен айырмашылық бар. Мүліктің құны жоғары болса оған салынатын салықтың да мөлшері жоғары болады. Көлік салығы бойынша айырмашылық 8-600 мың теңге аралығында тұр. Менің ойымша бұл салық салудың бұл әдісі тиімді құрал. Салық салу арқылы теңсіздікті төмендетуге болады», - деді министр.
Аталмыш мәселе бойынша Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Руслан Дәленовке бұл мәселені жіті назарға алуды тапсырды.