Хандық дәуірдің білгірі – Зардыхан Қинаятұлы

Хандық дәуірдің білгірі – Зардыхан Қинаятұлы

Хандық дәуірдің білгірі – Зардыхан Қинаятұлы
ашық дереккөзі
1057
1980 жылдардың аяғы 1990 жылдардың басында Кеңес империясы ыдырай бастаған тұста, Кеңес елімен 70 жылдай бірге, бір қазанда біте қайнасқан Моңғолияда саяси өзгерістер орын ала бастады. Бұған түрткі болған жайт – ол кез Моңғолия халық революцияшыл партиясының Орталық комитеті жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Зардыхан Қинаятұлы бастаған бір топ ғалымдардың Моңғол елі бұдан былай коммунисшіл бір партияға бағынышты болудан бас тартып, шынайы тәуелсіз, демократия жолымен өркендеу керегі  жайында жазған мақалалары болды. Елдің «Үнэн», «Хөдөлмөр» се­кіл­ді басты саяси басылым­дарында жарық көрген бұл ма­қа­лаларда Зақаң бастаған топ Моң­ғо­лия елінің саяси және эконо­ми­ка­лық жағдайын терең зерттей келе, 70 жылғы дамудың қателіктерін алға тарта отырып, бұдан былайғы да­му жолына қа­тысты ғылыми не­гіздегі өз ұсыныс, тұжырымдарын келтірген болатын. Көп кешікпей Моңғолияда құрыл­ған «жас де­мократ­тар» ұйымы Зар­ды­хан Қи­наятұлын өздеріне идео­ло­гиялық басшы ретінде тани бас­тады. Зақаң үшін «күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан» айырылған ар­палысты заман осылай басталған еді. Моңғолияда саяси арпалыс­тар кү­шейіп жатқан сол бір шақта ел ас­танасы Ұланбатырдағы Зақаң бас­­таған зиялы қазақ қауымы Моң­ғолиядағы қазақтар жағдайына және болашақ ұрпақ қамына да аса алаңдай бастаған кез келді. Себебі қаймағы бұзылмаған Баян-Өлгей қазақ аймағынан басқа ішкі өлкелер және астана Ұланбатыр оның ай­наласындағы аймақ, қалаларда тұра­тын қазақтардың рухани жағ­дайы шынымен қиындай бастады. Олардың ұрпақтары үшін ана тілінен айырылу, салт-дәстүрін жо­ғалту, біртіндеп моңғолдану қаупі кү­шейе түскен еді. Көп ұзамай бас хат­шы Ж.Батмөнх басқарған Моң­ғолия халық революцияшыл пар­тиясының 11 кісілік саяси бюросы Зақаң бастаған ғалымдар тобы және С.Зориг, Б.Элбэгдорж бастаған жас де­мократтар ұйымының талабы бойын­ша еріксіз биліктен кете­тін­дерін мәлімдеп, елде демократиялық сайлау жүргізуге келісті. Осы бір қиын шақта Қи­наят­ұлы әуелі Моңғолия үкімет бас­шысының орынбасары қызме­тінде, одан соң Моңғолияның тұ­рақ­ты парламенті – кіші құрылтайы төра­ғасының орынбасары лауазы­мына тағайындалып, демок­ра­тия­лық сипаттағы Моңғолияның не­гізгі заңы конституцияның жо­ба­сын дайындайтын топ жетекші­лерінің бірі болды. Конституция жо­­­басын талқылау кезінде «Моң­ғолияда моңғолдардан басқа ұлт өкілдері бар ма? қазақтарды дербес ұлт деуге бола ма?» деген сұрақтар төңірегінде үлкен дау-дамайлардың болғаны белгілі. Соның алдында ғана Баян-Өлгей аймағында құ­рылған қазақ ұлтының жоғын жоқ­таушы ұлттық ұйымның басшылары «Баян-Өлгей аймағына жеке авто­но­мия беруді» талап еткендері пар­ламентте отырған моңғол ұлт­шыл­дарының ыза-ашуын туғызды. Осы бір ұлт тағдырына қатысты ғаламат күндері Зақаң өзінің ұлтын жоқ­таушы, сөйте тұра демократиялық принциптерге бағынатын ірі сая­саткер ретінде танылды. Ақыры За­қаң және басқадай қазақ депу­таттарының орынды талаптары ескеріліп, бұл Моңғолия консти­туция­сының 8-тармағының 2-ба­бына: «Моңғолиядағы басқа тілді шағын ұлттар өз ана тілдерінде оқып, білім алып, мәдени өнері мен ғы­лыми қызметтерін жүргізу­ле­ріне тиым салынбайды» деп енгі­зілген еді. 1991 жылы Моңғолия парла­мен­ті «Еңбек заңын» талқылау кезде Баян-Өлгей аймағынан сайланған қазақ депутаттары қазақ халқының ұлттық мейрамы ретінде Наурыз мерекесін атау өтуді заң тармағына ен­гізуді сұрап, пікір ұсынған кезде, бұ­ған болған қарсылықтарға сол кез­дегі парламент спикерінің орын­басары, доктор Зардыхан нақты ғы­лыми түрдегі дәлелдермен түсі­ніктеме берген соң барып, пар­ла­мент «Еңбек заңына» Наурызды атап өтуді енгізіп, бірауыздан ма­құл­­даған болатын. Моңғолияда демократия жо­лындағы осындай күресті күндер жүріп жатқан шақта қазақ елі өз тәуелсіздігін жариялады. 1991 жылдың басында қазақ баспасөзі арқылы «Қайт, қазақ, Отаныңа!» деген қазақтың белгілі ақын- жазу­шылары және ғалымдарының шет­елдегі қандас бауырларын шақыр­ған үндері, оған ілесе Елбасы Н.Назарбаевтың қазақ баспасөзі ар­қылы «Алыстағы ағайынға ақ тілек» атты әйгілі хаты жарияланды. Атажұрттан жеткен бұл үндеулер мен тілектер Моңғолия қазақ­тары­на үлкен рухани күш-қуат беріп, атажұртқа көшу мақсат-мұратына қарай жетеледі. Атажұртқа қарай көшудің дұрыстығын алдын ала сезінген Зардыхан Қинаятұлы ел­дегі аса жоғары лауазымды қыз­мет­теріне қарамастан көштің бас идео­логына айналды. Зардыхан ағаның қала орталығындағы үш бөлмелі пә­тері кешкі уақыттарда қазақ зия­лылары жиналып, Моңғолия қазақ­тарының келешек тағдыры жалпы Қазақстанға қарай көшу мәселесін талқылайтын орынға айналды. 1991 жылдың қыркүйек айы­ның соңына қарай қазақ елінің Ең­бек министрі Саят Бейсенов бас­қарған үкімет делегациясы Моң­ғо­лиямен арадағы көші-қон мәселесін талқылау мақсатында Ұланбатырға келді. Кейін белгілі болғандай қа­зақ­тардың Қазақстанға көшу мә­селесінде моңғол жағымен болған қиын келіссөздің оңтайлы шешілуі­не сол кезде Моңғолияның тұрақты пар­ламенті кіші құрылтай төра­ға­сының орынбасары қызметіндегі Зардыхан Қинаятұлы үлкен рөл атқарған. Бұған оның сол кездегі Моңғолия президенті Очирбатпен мектепте бірге оқығаны соның ар­қасында екі ел арасындағы шешіл­мей тұрған мәселеге президент өзі араласқан соң оң шешімін тапқаны белгілі болды. Бұл Зақаңның қазағы үшін оның тағдырына енжар қа­рамайтынының бір көрінісі бо­лып қала бермек. Зақаңның бұдан былайғы өмірі тәуелсіз қазақ елімен ты­ғыз байланыста болды. Моңғолия парламентінде вице-спикер, Моң­ғолия үкіметінде вице-премьер қыз­­меттерін атқарған ол Моң­ғо­лияның Өзбекстан астанасы Таш­кентте Ор­талық Азия мемлекет­терін жауап­танған бас консулы, Қазақ­станда ашылған Моңғолия ел­­ші­лігінде кеңесші секілді дипло­ма­тиялық қызметтерді атқарды. Бұл қыз­меттерін аяқтаған Зақаң Қа­зақстанда біржола қалуға шешім қа­былдады. Бұл оның талай жыл­дары «басқаның елінде сұлтан бол­ғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегендей биліктегі жоғары лауазымды қыз­меттеріне қарамай «атажұртқа қа­лайда ұрпағымды жеткізсем» деп келген асыл арманы, мұраты еді. Сол арманы орындалып, ұрпағын атажұрт тамырымен ұштастырған Зақаң атажұртында тарихшы ретін­де жаңа қырынан танылды. Әрине, ғалымды атажұртта жақыннан та­нып білген азаматтар ол кісінің аса білімді, ел басқарудағы мол тә­жі­­рибесі бола тұра аса қарапайым­ды­лығына таң қалысты. Бірде Қа­зақ­стан парламенті мәжілісінің ал­ғаш­­қы төрағасы Марат Оспанов­тың Зақаң жайында: «Біз өзіміздің кә­сіби парламентімізді жаңадан құ­рып жатырмыз. Ол кісінің пар­ла­мент құрудағы тәжірибесі бізге ке­рек-ақ. Біз ол кісіні парламентке кеңес­­ші қызметіне шақырайық деп жүрміз» дегені бар еді... 1992 жылы қабылданған Моң­ғолияның демократиялық жаңа негізгі заңының авторларының бірі болған Зардықан Қинаятұлы моң­ғол тілінде 4 монография, 100-ге жуық ғылыми мақалаларын жария­лаған болса ал, атажұртында тарих­шы-ғалым ретінде танылған Зақаң артына мол рухани дүние қалдыр­ды. Қазақ мемлекеттігінің тарихына қатысты оның жазып қалдырған «Моңғол үстіртін мекен еткен соң­ғы түркі тайпалары», «Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті», «Қазақ мемлекеті және Жошы хан», «Қазақ тарихы туралы моңғол деректе­ме­лері» атты монографиялық зерттеу кітаптары және «Моңғолиядағы қа­зақтар», «Жылаған жылдар ше­жіре­сі», «Көшпенділік ғұмыр», «Көз­қа­рас» атты Моңғолиядағы қазақ­тардың басынан кешірген қилы оқиғалары жөніндегі он шақты құн­ды еңбегі қазақ тарихшы­лары үшін таптырмайтын рухани дү­ние­ге айналды. Зақаң бүгінгі қа­зақ елін­де, қазақ қоғамында қа­лып­тасып отырған саяси, әлеуметтік, мәдени, тарихи сондай-ақ шетелдегі қандастар және олардың көші-қо­ны секілді мәселелерге бейжай қа­рамады. Өз халқының патриот ұлы ретінде қазақ баспасөзінде көптің ойын толғандырып жүрген осы мә­се­лелерге байланысты нақты ұсы­ныс, пікірлерге негізделген сұх­бат­тарын берді, мақалаларын жа­рия­лады. Зардықан ағаның Қазақ та­рихына қосқан үлесі туралы айтар болсақ, ол «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» атты моногра­фия­сында және өзінің жетекшілігмен дайындалып басылған «Қазақ мем­лекеттігінің тарихы» атты еңбек­терінде қазақ мемлекеттігі тарихын Жошы хан шаңырағын көтеріп, Орыс ханның тұсында еңселеп өс­кен Ақ Орда мемлекетінен бастап қарастыру керек деген тың ұсынысы болды. Бұндай пікір бұрын да та­рихшы-ғалымдар К.Пищулина, Н.Мингулов және М.Қозыбаев тара­пынан болғанымен олар Ақ Ор­даның мемлекеттік тарихын жан-жақты талдамаған еді. З.Қинаятұлы Ақ орда мемлекеттілік тарихын алғаш рет монографиялық деңгейде тал­дап, қазақ тарихы ғылымына жаңа деректерді қосу арқылы өл­шеусіз еңбек сіңірді. Ғалымның Ақ орданы қазақтың алғашқы мем­ле­кеті деп қабылдау туралы пікірі әзір­г­е ресми түрде қабылданба­ға­ны­мен тарихшылар арасында жаңа ой-пікір, методологиялық, таным­дық серпіліс тудырды. Жүздеген жаңа деректер алғаш рет ғылыми айналымға енді. Бұл – қазақ тари­хына қосылған қомақты үлес.  

Досан БАЙМОЛДА,

Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, физика ғылымының  докторы

Серіктес жаңалықтары