Н.Назарбаев: Кейбір күштерде этникалық мәселелерді жеке мақсатына пайдалану пиғылы бар

Н.Назарбаев: Кейбір күштерде этникалық мәселелерді жеке мақсатына пайдалану пиғылы бар
Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кейбір күштердің ара-тұра этникалық мәселелерді жеке мақсаттарына пайдалану пиғылы бар екендігін ұмытпау керегін ескертті.
«Жақын арада Парламент Мәжілісінің жаңа құрамын сайлауға кірісейік деп отырмыз. Парламентке ең лайықты деген адамдар өту тиіс. Сол үшін «Nur Otan» партиясы праймериз өткізді. Қатысам дегендердің барлығы қатысты, өз пікірлерін айтты. Ол пікірлер жиналды. Оның пайдасы зор болады деп санаймын. Алайда кейбір күштердің ара-тұра этникалық мәселелерді өз жеке мақсаттарына пайдалану пиғылы бар екендігін де ұмытпау керек. Цифрлық технологияларды теріс ойлы адамдардың қоғам мүддесіне қарсы қолдануы да жиілеп бара жатқаны да рас», – деді ҚР Тұңғыш Президенті.
Осы ретте Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен өкілетті органдар ең алдымен тіл және ақпарат саласына қатысты мәселелерде этносаралық қатынастарды саясатқа айналдырмау жағына көңіл бөлу керектігін баса айтты.
«Ассамблеяның ақпараттық идеологиялық жұмысына толеранттылық сезімін күшейтуге, жастар арасындағы әлеуметтік желідегі ксенофобияға қарсы күреске ерекше мән берген жөн деп санаймын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.