326
«Nur Otan» партиясы Көкшетау аумақтық филиалының кезектен тыс XXXI конференциясы өтті
«Nur Otan» партиясы Көкшетау аумақтық филиалының кезектен тыс XXXI конференциясы өтті
Конференцияның күн тәртібінде «Nur Otan» партиясының Көкшетау қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын бекіту, Ақмола облыстық мәслихатының партия тізіміне үміткерлерге жасырын рейтингтік дауыс берудің қорытындысын шығару, «Nur Otan» партиясы Көкшетау аумақтық филиалы атынан Көкшетау қаласы бойынша мәслихат депутаттарын сайлаудың партиялық тізімін бекіту, партияның Ақмола аумақтық филиалының ХХXIII кезектен тыс облыстық конференциясына қатысатын делегаттардың тізімін бекіту мәселелері қаралды.
«Nur Otan» партиясы Көкшетау аумақтық филиалының төрағасы, қала әкімі Амангелді Смайылов кезектен тыс конференцияға барлығы 73 делегат қатысып отырғанын атап өтіп, Көкшетау қаласы бойынша партияның Сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына тоқталды. Бағдарлама бастауыш партия ұйымдарының жиналыстарында, қала активінің кездесуінде, праймеризге қатысушылардың пікір таластары кезінде талқыланғаны белгілі. Соның нәтижесінде сайлаушылардан 28 өтініш түскен. Оның басым бөлігі жол құрылысының сапасы, әлеуметтік сала нысандарын жаңғырту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тағы басқа мәселелерге қатысты болды. Сайлаушылардың ұсыныстары мен тілектері сайлауалды бағдарламасына енгізіліп, делегаттардың бірауыздан дауыс беруімен бағдарлама бекітілді. «Халықтың негізгі мәселелерін ескере отырып, біз қаланың экономикалық және әлеуметтік дамуына қажетті бірнеше басымдықты белгіледік. Қала тұрғындарының қолдауымен бағдарламаның толық жүзеге асатынына сенімдімін», – деді ол.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Ақмола облыстық мәслихатының партия тізіміне енгізілетіндер арасында пікірсайыстар өткізуге қатысты «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы қалалық өкілдік квотасына сәйкес 14 үміткер таңдалды. Тізімдегілердің көпшілігі – шағын және орта бизнес , білім саласы, үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері. Талдау көрсеткендей, тізімдегі әйелдердің үлес саны 3 есе артты - 11-ден 30% -ке дейін, ал 35 жасқа дейінгі жастар - 0-ден 20% -ға дейін өскен. Үміткерлердің орташа жасы 49-дан 44 жасқа дейін төмендеді. Конференция барысында облыстық партиялық тізімге үміткерлер арасында «сұрақ-жауап» түрінде пікірсайыстар өтті. Қалалық және облыстық конференциялардағы үміткерлер арасындағы пікірсайыстар екінші деңгейдегі праймериз шеңберінде өтіп жатқанын атап өткен жөн. Делегаттар есептік комиссияның бақылауымен электронды жасырын рейтингтік дауыс беруге қатысып, өз таңдауын жасады. Нәтижесінде облыстық көпсалалы ауруханасының нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Ерлан Аяғанов, «Bolashag saraiy» директорының міндетін атқарушы Айнагүл Балташева, А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Мәди Елубаев, «Көкшетау сүт зауыты» ЖШС директоры Асен Жақсылықов, «КАИК» ЖШС бас директорының орынбасары Талғат Жүнсіов, «Той Дастархан» ЖШС директоры Елена Мащинская және «Камаз-Инжиниринг» АҚ бас директоры Сергей Кистин көп дауыс жинап, облыстық мәслихаттың партиялық тізіміне енді.
Партияның Көкшетау аумақтық филиалы төрағасының 30 пайыздық квотасымен қалалық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша партия тізімін бекіту және кезектен тыс облыстық конференцияға делегаттардың тізімін бекіту мәселесі Саяси Бюрода қаралып, 25 үміткер қалалық партия тізіміне енді. Олардың ішінде 29 жасқа дейінгі әйелдер мен жас адамдар –30 пайыздан кем емес және 35-ке дейінгі жас адамдар – 20 пайызды құрады. Қалалық партия тізімі бірауыздан бекітілді.
Партияның облыстық филиалының кезектен тыс конференциясына қатысатын 17 делегаттың тізімі бірауыздан бекітілді. Мәжіліс пен мәслихат сайлауына кандидаттарды ұсыну науқаны басталғаны белгілі. Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісіне депуттарды сайлау 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. Соған орай Көкшетау аумақтық филиалында сайлауалды штабы құрылды. Штабтың жетекшілері «Nur Otan» партиясы Көкшетау аумақтық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Зәуреш Нұрымова мен орынбасары Назгүл Есмағұлова белгіленді.