Дархан Қыдырәлі: Тарих тағылым алмағандар үшін қайталанады

Дархан Қыдырәлі: Тарих тағылым алмағандар үшін қайталанады

Дархан Қыдырәлі: Тарих тағылым алмағандар үшін қайталанады
ашық дереккөзі
1173
Тәуелсіздік жолы – тағылым мен тағзымға толы. Елбасы айтқандай, «Арғы-бергі тарихымызда біз ұялатын ештеңе жоқ». Әйтсе де, елдің саяси құрылымындағы қайраткерлеріміздің күрескерлік жолын, сондай-ақ, тәуелсіздігімізді баянды етуде аянбай тер төккен тұлғалардың ерен еңбегін бүгінгі ұрпақ санасына қаншалықты сіңіре білдік? – Елбасы «Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады» деп тегін айтпаған. Өйткені, кез келген халықтың дамуының бедерлі белестері, бұралаң соқпақтары, асқаралы асулары тарих арқылы таңбаланады, өлшенеді. Ал айғақтар мен дәйектер арқылы көмкерілген тарихи сана – түптеп келгенде ұлттық сананы қалыптастыратын құнды құрал. Дәуірлер мен заманалар иінінде түркі халқы тарихты жасаушы, әлемді өзгертуші әлеуетке ие болды, ал бүгіндері сол терең  қатпарлы тарихты шынайы жазу одан да маңызды. Әрине, түрлі себептермен кеңестік кезеңде тарих бұрмаланды, тарихшылар қудаланды, теперіш көрді. Тәуелсіздік алғалы бері еліміз ұлттық жаңғыруды бастан кешіп,  осы салаға жойқын бетбұрыс жасалды. «Қазақстан тарих толқынында», «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» сияқты көптеген кешенді бағдарламалар руханиятымызды түгендеуге серпін берді деп ойлаймын. «Әр уақытта қаһармандар ғана тарихтың бет-бейнесін өзгерте алады» деген ұғым бар. Бұған өмірімізде мысалдар жеткілікті. Жалпы еліміздің шежірелі тарихында тұғырлы тұлғалар жетекші рөл атқарады. Дарабоз көшбасшылар Ұлы дала өркениетінінің айдынды келбетін қорғаушы да, сомдаушы да қызмет атқарған. Қадау-қадау тұлғаларымыздың қадамы  арқылы елдігіміз еңселеніп, тарихымыз толықсып бүтінделіп отырған. Әрине, арғы-бергі тарихымызда ақтаңдақтар әлі көп. Бірақ қазба жұмыстар, архивтегі, мұрағаттағы құжаттар, шетелдегі және еліміздегі деректер мен дәйектер қазіргі кезде тарихымызды соны көзқараспен, жаңа бағытта жазуға мүмкіндік тудырды. Айталық, Кеңес дәуірі, отарлау кезеңіндегі қасаң тұжырымдарды, сыңаржақ сипаттамаларды қайта қарау қажет. Тарихта деколанизация деген ұғым бар, яғни отарсыздандыру үдерісі. Олай болса тарихымызды да отарлық шырмаудан арылту міндет. Қазақ тарихы Қазақстан аумағымен ғана өлшенбейді. Қаншама қазақ қауымы көрші елдерде жасап отыр, олардың тарихы да бүтін дүние. Ежелгі тарихымыз ғұндармен, көне түркімен сабақтас болғандықтан тарихымыздың ауқымы кең, жағырапиясы жойқын. Сондықтан, әсіресе Елбасы бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарласамасы аясындағы киелі жерлер, жалпы түркі әлемінің тұлғаларын түгендеу сияқты бастамалар қазіргі кезде өте маңызды болып отыр. Тек қана қазақ тарихын емес, бүкіл түркі жұртының тарихын түгендеу, қазақ халқын бауырлас жұрттармен байланыста зерделеу мол мүмкіндік ашады. Себебі  «көп түрік енші алысып таралғанда, қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па» деп ақын жырлағандай қазақ тарихын ағайын жұрттармен, ежелгі арнамен тұтастықта саралау ұтымды болмақ. Арғы-бергі тарихымыздың төңірегінде бірқатар жұмыс жүзеге асырылды. Бірақ атқарылуы керек жұмыстар әлі де жетерлік. Мысалы ашаршылық тақырыбы биыл қозғалды, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселеге ерекше көңіл бөлетінін білеміз. Бұған дейін бізде саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы ғана айтылып келді. Ашаршылық тақырыбы жеке әңгіме болатын. Ал алапат аштық кезінде қаншама адам құрбан болды. Оның статистикалық деректері әлі шықпады. Жекелеген ғалымдар бұл тақырыпты егжей-тегжейлі сараптап жатыр. Бірақ мұны қазіргі ұрпақ санасына архив деректерімен шегелеп, ұсыну қажет деп ойлаймын. Өйткені өткеннен сабақ  алмағандар жаңсақтыққа ұшырайды. Тарихты дұрыс ұғыну түрлі қателіктің алдын алады. «Тарих қайталаудан тұрады» деген ұғым бар. Біздіңше, тарих – тек тағылым алмағандар үшін қайталанады. «Тарихтан тағылым алу» демекші, біз саяси қуғын-сүргін құрбандарына тәуелсіз мемлекет ретінде лайықты құрмет көрсете алдық па, қалай ойлайсыз? Алаш қайраткерлерінің ақталуымен басталған азаттықтың елең-алаңындағы үдеріс әлі жалғасуда. Алаш ардақтыларының мұраларын зерделеп, ұлықтау, олардың шығармаларын түгендеу, оқулықтар арқылы жас ұрпақтың санасына сіңіру жұмыстары жүргізіле береді, себебі бұл бір күндік немесе науқандық қана шаруа емес. Мәселен, алаштың серкесі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде және түркі әлемінде атап өтілді. Бұл тұста айта кетерлік бір жайт, жалпы саяси қайраткерлерді бір-біріне қарсы қою, бүгінгі күнгі ұғыммен салыстыру дұрыс емес. Алаш қайраткерлерінің арасындағы бірлік, берекелі тірлік қазіргі зиялы қауымға да үлгі болуы керек. Кейде қарап отырып таңғаласың, көпшілігі қырық жасынан асар-аспаста қызыл қырғынның құрбаны болып кетті. Бірақ, олар қамшының сабындай қысқа ғұмырында артына қаншама мол мұра қалдырған, оқулықтар жазған, кітаптар шығарған, аудармамен айналысқан. Мемлекеттік істермен, педагогикалық жұмыстардан да тыс қалмаған. Соның барлығына қалай үлгерген дерсіз. Көпшілігі тіпті жөнді білім де ала алмаған. Дегенмен халқына деген шексіз махаббат, еліне деген өлшеусіз жанашырлық күндіз – күлкі, түнде – ұйқы көрмей, қалтқысыз қызмет етуге итермелеген ғой деп ойлаймын. Осы тұрғыдан алғанда, тарих құжаттарына өте мұқият болу керек. Бір ойшыл айтқандай, «Тарихты бұрмалау жалған ақша жасаумен бірдей». Меніңше, тарихты бұрмалау жалған ақша жасаудан да қауіпті. Себебі, сол бұрмалау арқылы қаншама ұрпақтың санасы улануы мүмкін. Әрине, уақыт бәріне төреші. Бірақ, тұлғаларды бір-біріне қарсы қою, олардың бар еңбегін бір құжатпен ғана бағалау қиын, себебі, ол кездің өз шарттары бар, қым-қиғаш оқиғалары бар. Бұл ретте контекст өте маңызды, ол құжатқа қандай жағдайда қол қойды, не үшін жазды, қысым арқылы жасалды ма – барлығын басқа да деректермен, сол заманның басқа да құжаттарымен салыстыра отырып талдау қажет. Сол арқылы ақиқат анық болады. Айталық, Ахмет Байтұрсынұлының алда 150 жылдығы келе жатыр. Сол Ахаң 50 жасқа толғанда Орынборда үлкен жиын өтті. Жиынды Смағұл Сәдуақасов жүргізген, Мұхтар Әуезов пен Сәкен Сейфуллин баяндама жасаған. Сонда Ахаңның төңірегінде Смағұл Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллиндердің қатар жүргенін байқаймыз. Немесе Ахмет Байтұрсынұлының сол 50 жылдығын Ташкентте Тұрар Рысқұлов өткізіп берген. Бір таңқаларлығы ел ағасы ғой деп, жастар төңірегіне топтасқанда, Ахаң бар болғаны 50-де екен. Ал қазір елуді еңсергендерді әлі жас деп қарайды. – Халықаралық Түркі академиясының ұйытқы болуымен түбі бір бауырлас елдердің ынтымағы үшін көп жұмыс атқарылып жатқанынан хабардармыз. Сол түркі әлемінің, түркі халықтарының достығы, бауырластығы, болашағына қандай болжам жасауға болады? Және ол бағытта Қазақстанның рөлі қандай? – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты «Түркі интеграциясының архитекторы» деп айтуға болады. Ол «Түркі кеңесі», «ТҮРКСОЙ», «Халықаралық Түркі академиясы», «ТҮРКПА» сынды интеграциялық құрылымдардың негізін қалады. Бауырлас елдердің бірлігін бекемдеді. Қазақ елін түбі бір түркі әлемінің қара шаңырағы ретінде қалыптастырып, Түркістан қаласын  түлетуде Елбасының еңбегі орасан. Сол себепті өткен жылы Елбасы «Түркі кеңесінің құрметті төрағасы» атанды. Мұның бәрі – Елбасының және Қазақстанның түркі әлеміндегі алатын мәртебесін көрсетеді. Қазір Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәстүр сабақтастығының жарқын үлгісін көрсетіп, түркі ынтымақтастығына үлкен мән беріп отырғанын байқаймыз. Президент болып сайланғаннан кейін алғашқы сапарларын Қырғызстан мен Өзбекстанға жасады. Біз тек қана көршілес емес, бауырлас, қандас, дос елміз. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстар, әлі де қарқын алады деп ойлаймын. Бұл ретте Елбасының бастамасымен құрылған Халықаралық Түркі академиясы ықпалдастыққа серпін беріп келеді. Жалпы академия – әрі толыққанды халықаралық ұйым, әрі бірегей ғылыми мекеме. Сондықтан, академияға артылатын сенім, жауапкершілік жүгі зор. Ол бірегей орталық ретінде бауырлас елдердің басын қосатын ғылыми, дипломатиялық орталықтың қызметін атқаруда. Оған Мажарстанның, Еуропалық іргелі мемлекеттік бақылаушы мүше болуы түркі интеграциясының келешегі кемел екенін көрсетеді. Бауырлас Өзбекстан да мүше болу жолында нақты қадамдар жасады. Сол себептен академияның ғылыми әлеуеті, мүмкіншіліктерінің ауқымы кең, себебі, тек қана түркі тілдес мемлекеттер ғана емес, түркі халықтары өмір сүретін, ежелгі заманда мекендеген аймақтарда зерттеу жұмысын жүргізіп келеді. Ортақ ұлы тұлғаларды ұлықтау мақсатында бауырлас мемлекеттермен бірқатар жұмыстарды бірлесе атқарып жатырмыз. Мысалы, Моңғолиямен тығыз байланысымыз бар, академия өрелі Өтүкенде, ежелгі қағандардың өлкесінде бес жылдан бері археологиялық қазба жұмыстарын табысты жүргізуде. Сол сияқты ұлы тұлғаларды ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізу, түрлі кітаптар шығару, тарихымызды тану һәм таныту мақсатында бірқатар іргелі істерге ұйытқы болды. – Сөзсіз, «Рухани жаңғыру», «Мәдени мұра» жобалары аясында көптеген жұмыс атқарылды. Дегенмен, кейде «тарихымыз әлі де толыққанды зерттелмей жатыр» деген пікір айтылып жататыны рас. Бұған қалай қарайсыз? – Рас, әсіресе басқаны айтпағанның өзінде, түркі халықтарының бір-бірін тануы кемшіндеу. Біздің «Түрік барометрі» деген жобамыз бар. Сол жоба аясында біз әлеуметтану зерттеулерін жүргіземіз. Мысалы «Түркі әлемінің киелі жерлерін атаңыз» деген сауалнамаға қатысушылар көбінесе Анталья деп белгілеген. «Танымал тұлғалардан кімді білесіз?» дегенде, әншілерді, жұлдыздарды атаған. Фарабиді білетіндер, Абай шығармаларымен таныс адамдар аз. Бұл бізді ойландыруы тиіс. Сондықтан бұл бағытта жүйелі жұмыс істеп жатырмыз. Академия дайындаған Ортақ түркі тарихы, Ортақ түркі әдебиеті, Ортақ түркі географиясы сынды мектеп бағдарламасына арналған оқулықтар бұл салаға екпін берері сөзсіз.  Сонымен қатар уақыт талабына сай қазір видеоконтентті көбейтуге ерекше мән беріп жатырмыз. Өзіңізге мәлім, биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен Абай жылы деп жарияланды, осыған орай академия да Түркі әлемінде Абай жылы деп жариялап, данышпан Абайдың шығармаларын барлық түркі тілдеріне аударуға, насихаттауға үлес қосты. Сондай-ақ  Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерін дәріптеп, жаңа аудармаларын жасауға күш салдық. Шыны керек, қазіргі жас ұрпақ осындай ғұламаларымызды көп біле бермейді. Олар мысалы, «Реал Мадрид» пен «Барселонаның» футболшысы жайлы көбірек білуі мүмкін, бірақ, «Ортағасырлық тұлғалардан кімдерді білесің?» десеңіз, көп адам тосылып қалады. Бұл бағытта да біздің атқаратын жұмысымыз көп. Мысалы, академия «Тұғырлы тұлғалар» деген жоба бойынша үш жүзге таяу түркі әлемінің ұлы тұлғаларының тізімін жасады. Бұл тұлғалар ғылыми нысанға айналды, қазір түркі тарихы бойынша атлас әзірленуде. Жалпы әлем тарихын түркі тарихынсыз елестету қиын. Айталық, шығыс мәдениеті бар, батыс мәдениеті бар. Бірақ, сол екеуінің ортасында көпір болып тұрған – түркі өркениеті. Жібек жолының өзіне арқау болған – түркі мәдениеті. Түркілер тек қана қолына қару алып, аттың жалында, түйенің қомында көшіп жүрген жұрт емес, өркениет жасаған, қалалар салған, Еуропа ренессансының негізін қалауға септігі тиген, Қытай, Иран, Үнді, Мысыр сияқты әлемдегі санаулы мәдениетті түзген елдермен қаншама жыл бойы иықтас, қанаттас өмір сүрген. Әлі Еуропада көптеген ұлыстар әліпті таяқ деп білмейтін кезеңде Түркі әлемі өзінің төл әліпбиі, өзіндік дүниетанымы, философиясы қалыптасқан адамзат тарихындағы іргелі өркениет болған. Бұл тұрғыдан келгенде, біздің тарихымыздың да аясы кеңейе түспек. Мысалы, қазақ тарихы дегенде, көбіне жоңғарлар туралы айтудан ары кете алмай жатырмыз, бірақ тереңіне бойласақ, біздің мәдениетіміздің беймәлім қабаттары да одан әрі тереңдей бермек. Академияның бір міндеті – түркі тарихына тұтас қарау. Бұл біздің тарихымызды, мәдениетімізді, әдебиетімізді байыта түседі. Мысалы біз таяуда Абай мен Науаи туралы атаулы  шара өткіздік. Науаи хамсасы қазақша аударылса, Абай өзбек тілінде сөйледі. Бұдан бауырлас екі халық та ұтты. Сондықтан түркі әлемі жеке-жеке бөлшек емес, тұтастай алып қарағанда керемет картина, үлкен панорама шығады. Осы таңғажайып әлем тек қана бүтіндікте, тұтастықта айқара ашылады.  – Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанның» былтыр 100 жылдығын атап өттіңіздер. Дүние жылдам өзгеріп, тез жаңарып жатқан тұста дәстүрлі медианың да замана көшіне ілесе, үндесе жұмыс істеуі тиіс екені айтпаса да мәлім жайт. Қазіргі оқырманның сұранысына сай газетті заманауи форматта шығаруда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?  – «Егемен Қазақстан» газетінің тарихы да ұлтымыздың ұлы тұлғаларының сабақтастығын байқатады, тұлғалар арасындағы рухани байланысты көрсетеді. Мысалы, алғаш шыққан «Ұшқын» газеті «Қазақ» газетінің баспаханасында басылған. Алғашқыда «Ұшқын» редакциясында Алаш зиялылары қызмет атқарған. Сол сияқты Смағұл Сәдуақасов, Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Хайреддин Болғанбаев сияқты тұлғалар «Еңбекші қазақтың» негізін қалаған. Сонымен қатар, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұловтардың да қанаттас жүргенін көреміз. Ең қиын кезеңнің өзінде ел ардақтылары ұлттың сөзін сөйлеген, «қазақ» деген атаудың қайтуына, ұлттың, қазақ мемлекетінің өркендеуі жолында аянбай қызмет еткен. «Егемен Қазақстан» газеті – «егемен» деген сөзді алғаш атау етіп алған, егемендікті сүйіншілеген басылым. Сондықтан бас басылымның 100 жылдығы – жалпы қазақ баспасөзінің межелі белесі. Онда қызмет ету, Шерағаң айтқандай, оның босағасында отыру да – үлкен мәртебе.  Өзіңіз білесіз, қазір пандемия кезінде әлемнің көптеген ақпарат көздері өздерінің даму стратегиясын қайта қарап жатыр. Пандемия кезіндегі инфодемия сенімді ақпаратқа деген сұранысты арттырды. Ақпарат көздерінің көп болуы бәсекелестікті жоғарылатты. Әрине, қазір лезде ақпарат тарататын интернетпен, әлеуметтік желімен бәсекелесу өте қиын. Біз де интернетке, әлеуметтік желіге баса назар аударып отырмыз. Нәтижесінде, «Егеменнің» интернеттегі оқырмандарының саны 100 мыңнан асты. Бұл – бір күндегі қаралым саны. Жалпы қазір әлеуметтік желінің бүкіл салаларында оқырман жинауға тырысып жатырмыз. Бұл, бір жағынан заман талабы. Қазір ақпарат тез өзгеріп, құбылып тұрған кезең ғой. Ең көп өзгеріп жатқан саланың бірі – осы баспасөз саласы. Біз де заман көшінен қалмауға тырысамыз. Оқырманның талғамынан шығу үшін бет саны көбейтілді. Бұл тұста Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де үлкен қолдау көрсетуде. Сондықтан «Егемен Қазақстан» газеті күнара 32 беттен шығып отыр. Әрі барлық тақырыпты қамтуға тырысқандықтан, оқырман өзіне қажет, өзін қызықтыратын материалдарды таба алады. Бұл да біздің тұрақты оқырман аудиториясын ұстап тұруымызға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде көптеген газеттің тиражы түсіп кеткені белгілі. Мәселен, көршілес Ресейде мерзімді басылымдар таралымы құлдырады. Еуропада көптеген газет жабылып, сайттары ғана жұмыс істеп тұр. Бұл тіпті «New York Тimes» сияқты үлкен газеттерге де әсер етті. Бірақ, бір қызығы «Егемен Қазақстанның» тиражы құлдыраған жоқ. Бұл – біздің осы уақыт бойы атқарған жұмысымыздың дұрыстығын көрсетіп отыр. Аудиториямен жұмыс істедік, алда да осы тектес жұмыстарды жүргізе беретін боламыз. Газет сайтының ағылшын, орыс тілі сияқты бірнеше тілде жарық көруі оның еларалық басылымға айналғанын көрсетеді. Басылымда сараптама, сын, журналистік зерттеуге баса мән беріледі. Сол сияқты «Жүз жылдық жылнама» аталған «Егеменнің» қатарына жастардың келуімен жаңа бір тынысы ашылды деп ойлаймын. Халықаралық саясат, қаржы, экономика, әлеуметтік сала, мәдениет – бәрін түгел қамтуға тырысып жатырмыз. Бүгінде әлемде жалпы газеттің тиражы ғана емес, табыс көзі де кеміді, яғни жарнама азайды. Олардың көбісі интернетке кетті. Бұл да басылымға кері әсер етеді. Соның алдын алу үшін қазір облыстармен тығыз жұмыс істеп отырмыз. Алда қазақ басылымдарымен бірігу үдерісі тұр. Ол «Егемен Қазақстанның» мүмкіндіктерін кеңейте түседі деп ойлаймын. Бұл екінші жағынан қазақ баспасөзіне үлкен жәрдем болады деп есептеймін. Себебі басылымның мүмкіндіктері арқылы өзге қазақ газеттері де тираждарын көтеруге мүмкіндік алады.

Сұхбаттасқан

Қ.Әуесбай

Серіктес жаңалықтары