Бурабайда полицейлер үш адамның өмірін құтқарып қалды

/
Бурабайда полицейлер үш адамның өмірін құтқарып қалды
Polisia.kz

24 қазанда полиция қызметкерлері Щучинск – Бурабай тасжолында қайғылы жағдайдың алдын алды. Олардың жедел әрі кәсіби әрекетінің арқасында жүргізуші мен екі жолаушының өмірі аман қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қызмет барысында патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Бауыржан Ғалымов пен Аян Қанғожин жол бойында көлікті күмән тудырарлықтай басқарып келе жатқан жүргізушіні байқайды. Автокөлік баяулап, қарсы бағыттағы жолаққа шығып, жол жиегіне соғылған. Полицейлердің тоқтау туралы талабына жүргізуші жауап бермеген.

Жағдайды тез бағамдаған тәртіп сақшылары дереу шешім қабылдап, қарсы бағыттағы қозғалысты тоқтатып, көлікті қауіпсіз түрде тоқтатты. Осылайша ықтимал жол-көлік оқиғасының алдын алды.

Көліктің ішінде 60 жастағы ер адам мен екі кәмелетке толмаған бала болған. Кейін анықталғандай, жүргізуші өзін кенеттен жайсыз сезініп, басы айналып, жағдайы күрт нашарлаған.

Полиция қызметкерлері бірден жедел жәрдем шақырып, дәрігерлердің нұсқауымен ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Көп ұзамай келген медициналық топ жүргізушіні ауруханаға жеткізді. Дәрігерлер оның жағдайын "инсульт алды" деп бағалап, полицейлердің жедел әрекетінің арқасында ауыр зардаптың алдын алғанын атап өтті.

Кейіннен 60 жастағы ер адам өз өмірін сақтап қалған патрульдік полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.

Бурабай ауданы полиция бөлімінің қызметкері Бауыржан Ғалымов пен Аян Қанғожинге кәсіби шеберліктері мен батыл әрекеттері үшін шын жүректен алғыс айтамын, – деп атап өтті ол аудандық полиция бөлімінің бастығы Арман Биляловқа жолдаған алғыс хатында.

Аудандық полиция басшысы да қызметкерлерінің кәсіби дайындығы мен жауапкершілігін жоғары бағалады.

Бауыржан Ғалымов пен Аян Қанғожиннің батылдығы мен жылдам әрекеті адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Бұл – олардың адалдығы мен өз ісіне деген шынайы берілгендігінің көрінісі, – деді Арман Билялов.

Патрульдік полиция қызметкерлерінің үйлесімді және жедел іс-қимылының арқасында үш адамның өмірі аман қалды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары