251
Қазақстан суы аз табиғи кезеңге кірді – министр
Қазақстан суы аз табиғи кезеңге кірді – министр
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстан суы аз табиғи кезеңге кіргенін мәлімдеді.
«Өзен бассейндері бойынша жүргізілген талдауға сәйкес Қазақстан суы аз табиғи кезеңге кірді және 2019 жылы жалпы 83 шақырым текше метрге тең болды. Айта кететін жайт, соңғы жылдары бұл көрсеткіш 90-100 шақырым текше метр деңгейінде болды. Осыған байланысты, суармалы жерлер бойынша жағдай қиындады. Әсіресе елдің оңтүстік облыстарында қатты сезілді. Өйткені елдегі суармалы алқаптардың 90 пайызы осы жақтарда орналасқан. Ал республика бойынша қолданысқа алынатын судың 97 пайызы оңтүстік өңірге тиесілі», – деді ол Үкімет сағатында.
Оның дерегінше, вегетациялық кезеңнің қорытындысы бойынша Алматы облысында өткен жылдармен салыстырғанда қар жамылғысы 35 пайыз аз болды. Жамбыл облысында сулылық орташа көп жылдық деректерден 15-20 пайыз төмен тіркелді.
«Осындай проблемалармен біз Түркістан және Қызылорда облыстарында тап болдық. Алайда, су шаруашылығының қолайсыз жағдайына қарамастан, Мемлекет басшысы бұл мәселелерді шекаралас елдердегі әріптестерімен кездесу кезінде көтергендіктен, су беру жоспары 90-100 пайызға орындалды. Сонымен қатар, коллекторлық-дренаждық суларды қайта пайдалану практикасы жүргізілді», – деді министр.