«Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты бірінші республикалық конгрес өтті

«Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты бірінші республикалық конгрес өтті

«Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты бірінші республикалық конгрес өтті
ашық дереккөзі
23 қазанда Алматы қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілді оқыту бойынша «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты бірінші республикалық конгрес өтті. Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Түймебаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі М.Әзілханов, филология мен лингвистика саласының сарапшылары, қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары, Ассамблея мүшелері, этномәдени және жастар бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Конгресс толығымен қазақ тілінде өтті, спикерлер ретінде мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері сөз сөйледі. Іс-шара барысында мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері тіл үйрену тәжірибесімен бөлісіп, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту жолдары туралы өз ұсыныстарын ортаға салды.  width= Қазыбек Иса,«Қазақ үні» газетінің бас редакторы, Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі:

Мемлекеттік тілді міндеттеу – мемлекеттің міндеті

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» форумында қазақ тілінде бізден артық болмаса, кем сөйлемейтінін этнос жастарын көріп таңғалдық. Жалпы қазақ тіліне еліміздегі бетбұрыс кезеңі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2019 жылғы Қазақстан халқына алғашқы Жолдауындағы «Қазақ тілі ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналуға тиіс» деген сөзінен басталды деп ойлаймын. Содан үш күннен кейін өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында мен Мемлекет басшысының сөзіне сүйеніп, осы мәселені көтердім. Онда «Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң керек, ал оған бастамашы осы біздің Қазақстан халқы Ассамблеясы болуға тиіс» деген едім. Енді сол айтқан ұсынысымыз іске асып жатыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты бірінші республикалық конгресіне қатысып өте қуанышты болдым. Кеңес Одағы кезінде «тілі басқа, тілегі бір» дейтін еді. Ал қазір тілі де бір, тілегі де бір ел болып отырмыз. Тағы бір қоса кетерлігі, мен сол Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде жоғарыда атап өткен ұсынысымды қолдауға ҚХА мүшелері үлкен үлес қосты. Соған өз басым қатты қуанамын. Ең алғашқы болып Максим Рожин бастады. Владимир Чепель бауырымыз екінші болып қол қойды. Одан кейін Светлана Крюгер сияқты қарындастарымыз бар, отыз шақты өзге ұлт өкілдері атсалысты. «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» конгресіндегі этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді дамыту туралы ұсыныстарын қолдаймын, қорытындысы іске аса берсін. Ең бастысы, мемлекеттік тілді міндеттеу – мемлекеттің міндеті.
Конгресс соңында Қазақстан халқына үндеу қабылданды.