674
Өтепберген Әлімгереев: Көші-қон заңы бекімей, мәселе шешілмейді (видео)
Өтепберген Әлімгереев: Көші-қон заңы бекімей, мәселе шешілмейді (видео)
Атырау өңірі Түркіменстан, Өзбекстан және Ресейдің Астрахан облысымен шектеседі. Өңірде 2018 жылғы санақ бойынша 631 841 жан саны тіркелген. Оның 20 мыңнан астамы – шетелден көшіп келген қандастар. Осыған орай газетіміздің Atajurt жобасы аясында Атырау облысына арнайы іссапармен барып, қандастардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.
Атырауға жасаған сапарымызда әуелі Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының жергілікті өкілі, белгілі қаламгер Өтепберген Әлімгереевпен жолықтық. Ол кісі – Атырау өңірінің телерадиосында ұзақ жылдар қызмет еткен ардагер журналист, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты. «Құрмет» орденінің иегері. «Еділ жайлаған қазақтар», «Алаш аңсаған азаттық», «Сарайшық» және «Шетел асқан ағайын» секілді құнды еңбектердің авторы. Қазір Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Атыраудағы бөлім жетекшісі қызметін атқаруда.
https://www.youtube.com/watch?v=4XLn4DIkicI&t=9s&ab_channel=TurkistanInternationalPoliticalWeekly
– Тағдыр-талайымен, қызмет бабымен, басқа да жағдайлармен қиыр қонып, шет жайлаған қандастарымыз көп. Қазір әлемнің 46 елінде қазақтар өмір сүріп жатыр. Мынау іргелес жатқан Астрахан облысында 250 мыңнан астам қандасымыз тұрады. Одан ары Қалмақ Республикасында 5 мыңнан астам, Сартауда (Саратов) 80 мыңнан астам қазақ бар. Олардың көбі біздің батыс аймаққа жақын жатқан жерлер болғандықтан осында көптеп келеді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Атыраудағы бөлімі 2004 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Бұл бөлімнің негізгі мақсаты – Атырау облысына іргелес жатқан елдердегі қазақтармен жұмыс істеу және осында көшіп келген ағайындардың жағдайына қарайласу. Осы ретте Атырау облысында Көші-қон қызметі 1994 жылдан бастап жұмыс істей бастады. Иран, Түркия, Түркіменстан және Өзбекстаннан қандастар қоныс аударды. Түркіменстандағы ағайындар біздің Жылыой деген жермен бұрыннан жапсарлас жатыр. Одан бөлек, Қарақалпақстаннан ағайындар көптеп келді. Олардың да арғы түбі аштық кезінде кеткен және шекара бөлгенде шетте қалған осы өңірдің адамдары, – дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілі Өтепберген Әлімгереев.
– Іргелес жатқан Астрахандағы қазақтардың «Жолдастық» деген қоғамдық мәдени-рухани орталығы табанды, жүйелі жұмыс істеп келеді. Ресейдің біраз жерінде бөлімдері бар. Жыл сайын ұлттық мерекелерді ұлықтап, қазақылықты сақтап қалуға өз үлесін қосуда. Ресейдің басқа өлкелерімен салыстырғанда Астрахандағы қазақтардың қазақ тілін білуі, ұлттық болмысты және салт-дәстүрді сақтауы анағұрлым артық. Олардың тек Атырау облысы ғана емес, жалпы батыс аймақтардағы Орал, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарымен де рухани-мәдени байланысы берік, – дейді ол. Атырау – мұнайлы, бай өлке дейміз. Алайда онда оралған ағайындардың әлеуметтік жағдайы әлі әлсіздеу екені байқалады. Осыған қатысты сұрағымызға: – Алғаш келген кезде қандастарды баспанамен қамту мүмкіндігі болды. Жұмыс тауып беру мәселесі де қарастырылған еді. Қазір оның бәрі сиреді. Сондықтан проблема да көбейді. Жасыратын несі бар, қандастарды құжаттандыру ісінде де кемшіліктер жетеді. Мысалы, шетелдерден әртүрлі саланың қыр-сырын игерген мамандар келеді. Оларды дұрыс пайдалану жағы да жетіңкіремей жатыр. Әңгіменің бәрі заңға келіп тіреледі. Заң солқылдақ. Оны тиянақтап алмай халыққа қызмет көрсету қиын, – деп жауап берді ол.
Сондай-ақ оның айтуына қарағанда, Ресейден көбіне өндіріске икемді мамандар келеді. Біздің жағдайда мұнайымыз бар, құрылысымыз бар бүгінгі индустрия әр салалы. Соның нағыз мамандары шеттен келетін қандастардың арасында көп. Өзбекстаннан ауылшаруашылық саласының мамандары келеді. Біз ауыл шаруашылығын дамытамыз деп айқайлағанда дауысымыз қатты шығады, ал еңкейіп күрек ұстасақ, беліміз бүгілмейді. Қысқаша айтқанда, қалай да шетелден келіп жатқандардың бізге әкелетін өзіндік жаңалығы мол. Біз қанша дегенмен Кеңес үкіметінің құрамында болдық. Сол санамызға әбден сіңгені сонша, іс-қағаздардың көбін орысша жүргізгіміз келіп тұрады. Ал шеттен келетіндердің дені орыс тілін білмейді. Дайын мамандар өз саласы бойынша қызмет істей алмайтыны да содан. Шеттен келіп жатқан мамандар бір сөзбен айтқанда өз мүмкіндіктерін пайдалана алмай отыр. Сондықтан біз тәуелсіздікті нығайтамыз десек, ана тілге көңіл бөлуіміз қажет. Қазақ тілі салтанат құрса, шетелден келген қазақтардың бар мүмкіндігін аша алар едік, – деп ағынан жарылған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілі Өтепберген Әлімгереевтің бізге берген жауабына қарап, Атыраудағы қандастардың әлеуметтік ахуалын зерттей түсуіміз қажет деп түйдік. Әлбетте, алдымыздан сол құжат мәселесі, білім саласы және ауыл шаруашылығына қатысты қордаланған түйткілдер кездесті. Ендеше соларға жеке-жеке тоқталып өтейік.
https://www.youtube.com/watch?v=4XLn4DIkicI&
Сұхбаттасқан: Бақытбек ҚАДЫР
Сюжетті жасаған: Нұрған Тұрғымбай