Кәрі құрлық тағы да әбігер
Кәрі құрлық тағы да әбігер
Коронавирустың бірінші толқынынан зәрезап болған мемлекеттер індеттің екінші толқынына дайындықты күшейтті. Вирус өрши бастаған елдер карантин шараларын қайтадан қатаңдата бастады. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өткен аптадағы тосын мәлімдемесі әлем елдерін екіұдай ойға қалдырды. «Пандемия 2020: қауіп-қатерлер, шешімдер, салдары» тақырыбында өткен халықаралық конференцияда сөз сөйлеген ұйымның төтенше жағдайлар жөніндегі аймақтық директоры Дорит Ницан: «Коронавирустың түрлері мен формалары пандемияның екінші толқыны жоқ екенін көрсетіп отыр» деді. Сондай-ақ, ДДСҰ әлем көшбасшыларын локдаунды індетпен күрестің негізгі тәсілі ретінде қолдануы тоқтатуға шақырды. Десе де, кесірлі кесел қайта өршіген елдер карантинді қатаңдатып, бақылауды күшейткеннен басқа амал таба алар емес.
Кесірлі кесел кәрі құрлықты қайта құрсаулады
Көктемде коронавирустан қатты зардап шеккен кәрі құрлық жазда саябыр тауып, қалыпты тіршілігіне орала бастаған еді. Босаңсығанды тарпа бас салатын қатерлі вирус Еуропа елдерін тағы да әуреге салды. Әсіресе, Франциядағы ахуал күрделі. Елде күн сайын 33 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталуда. Пандемия басталғалы індеттен көз жұмғандар саны 33 мыңнан асып жығылды. Эпидемиологиялық жағдай күн өткен сайын күрделеніп бара жатқандықтан Франция билігі ел астанасы мен тағы бірқатар қалада коменданттық сағат енгізуге мәжбүр болды. Атап айтқанда, Гренобль, Лилль, Лион, Тулузу, Экс-ан-Прованс, Марсель, Монпелье, Сент-Этьен, Руан және Париж қалаларының тұрғындары сенбі күні жергілікті уақыт бойынша түнгі 21:00-ден 06:00-ге дейін төрт апта бойы үйден себепсіз шыға алмайды. Ел президентінің сөзінше, бұл шара арқылы індет жұқтырудың тәуліктік көрсеткішін 3 мың науқасқа дейін төмендету көзделіп отыр.
Ұлыбританиядада да жағдай мәз емес. Мемлекетте тәулігіне 15-16 мың адам індет жұқтыруда. Вирус құрбандарының қатары да күннен-күнге артып келеді. Індет таралғалы коронавирустан көз жұмғандар саны 44 мыңға жуықтады. Ел билігі өткен аптада Лондонда карантиндік шектеулердің екінші деңгейін енгізді. Жаңа тәртіп бойынша бір үйде тұрмайтын адамдардың кездесуіне тыйым салынады. Ал көшеде 6 адамнан артық жиналуға болмайды.
Билік халықты қоғамдық көліктердің орнына велосипед, электросамокатты пайдалануға шақырды. Сондай-ақ, алыс сапарға аттанудан мүмкіндігінше бас тартуға үндеді.
Германия канцлері Ангела Меркель де отандастарына дәл сондай өтініш жасады. Канцлердің айтуынша, ел экономикасының болашағы, жұмыс орындарының сақталуы, мектеп пен балабақшалардың жұмысы ел тұрғындарының жауапкершілігіне тікелей байланысты.
«Германия қазір пандемияның күрделі кезеңін бастан өткеруде. Мамыражай жаз артта қалды, алдымызда ауыр айлар күтіп тұр. Қыс қандай боларын, Рождество қалай өтерін алдағы күндер мен апталар көрсетеді. Әр күніміз маңызды. Вирустың бей-берекет таралуына жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Ел азаматтарынан өзара байланысты барынша шектеуге шақырамын. Кез келген саяхаттан, жиын-тойлардан бас тартыңыздар. Мүмкіндігінше үйлеріңізден шықпаңыздаршы», – деп өтінді Меркель.
Бельгияда өткен аптада індет жұқтырудың тәуліктік өсімі жөнінен антирекорд тіркеліп, 24 сағат ішінде 8 мыңға жуық адамнан коронавирус анықталды. Пандемия басталғалы елде мұндай алаңдатарлық көрсеткіш тіркелмеген. Соңғы екі аптада вирус жұқтырудың жаңа жағдайларының саны 100 мың адамға шаққанда 494-ті құрады. Ал Брюссельде бұл көрсеткіш тіпті 880-ге жетті.
Көктемде коронавирустың Қытайдан кейінгі екінші ірі ошағы болған Италияда да індеттің таралу қарқыны қайтадан арта бастады. Елде тәулік сайын 11 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталып, ауруханаларда бос орын азая бастады. Наурыздағыдай жаппай оқшауланатын жағдайға жетпес үшін ел билігі жаңа шектеулер енгізді. Жаңа тәртіп бойынша мэрлер 21:00-ден кейін қоғамдық орындарды жабу құқығына ие болды, ал мейрамханалардың жұмыс уақыты қысқарды.
Еуроодақ саммиті: Одақтастар індетпен бірлесе күресуге ниетті
Індеттің алғашқы толқыны Еуропаға ащы сабақ болғанын, вируспен күреске ханнан бастап қараға дейін үлкен жауапкершілікпен қарайтынын 15-16 қазанда Брюссельде өткен Еуропалық одақ саммитінен анық аңғардық. Бұл – кәрі құрлық көшбасшыларының пандемия басталғалы үшінші рет бетпе-бет жүздесуі. Бұған дейін жиындардың көбі онлайн форматта өтіп келді. Одақтың болашағын айқындайтын маңызды мәселелер талқыланатындықтан, жүзбе-жүз отырып сөйлесуді құп көрген президенттер мен премьерлер берісі бір-бірінің, арысы әлемнің амандығына бей-жай қарамайтынын көрсетті. Індет жұқтыру күдігіне байланысты жиыннан бір емес екі шенді дереу кетуге мәжбүр болды. Әуелі өз кеңсесіндегі қызметкерлерінің бірінен коронавирус анықталғандықтан Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен саммит басталмай үйіне асықты.
«Дәл қазір маған бас кеңсемдегі қызметкердің коронавирусқа тапсырған тесті оң нәтиже көрсеткені хабарланды. Менің сынамам теріс нәтиже көрсетті. Алайда өзгелерге қауіп төндірмес үшін мен дереу Еуропалық Кеңестен кетіп, оқшаулануға мәжбүрмін», – деп жазды ол Twitter-дегі парақшасында.
Саммиттің екінші күні Финляндияның премьер-министрі Санна Марин де жиынға әрі қарай қатыса алмайтынын мәлімдеді. Ол басқосудың бірінші күнінде делегация мүшесі, Финляндия Парламентінің депутаты Том Пакаленмен байланысқан. Ал Том Пакален тапсырған тестіден коронавирус инфекциясы расталған. Осыған байланысты Санна Марин өзін-өзі оқшаулау үшін Еуроодақ саммитінен екінші күні кетті.
Індетті бақылаудан шығаруға болмайтынын одақ көшбасшылары түгел түсініп отыр. Сондықтан барынша күш біріктіруге, кесірлі кеселмен күресте бір-біріне қолдау көрсетуге уағдаласты.
«Бұл бұрын-соңды болмаған, күрделі жағдай деп есептейміз. Сондықтан одақ елдері арасында бірлікті арттырып, індетпен күрес жұмыстарын күшейте түсуіміз қажет. Әсіресе, вирустың таралуын, карантин талаптарының орындалуын бақылау, азаматтарды тексеру тәсілдерін бағалау, тестілеу және вакцинациялау мәселелері бойынша күш жұмылдыру маңызды», – деді Еурокеңес төрағасы Шарль Мишель.
Еуроодақ көшбасшыларының қорытынды мәлімдемесінде одақ аумағындағы сапарлары уақытша шектеу бойынша өзара бірлескен іс-қимылдар қажеттігі айтылған. Сондай-ақ, Еуропа елдерінің мемлекет және үкімет басшылары вакцинаны мониторингтен өткізу процестерінің сенімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету, препараттарды баршаға қолжетімді ету бағытында ынтымақтастықты арттыруға ниетті екендерін жеткізді.
Euronews-тің хабарлауынша, пандемияны талқылау шеңберінде тараптар Еуроодақ экономикасын қалпына келтіру қорын құру мәселесін де назарсыз қалдырған жоқ. Жалпы көлемі 750 млрд еуролық қорды құруға одақ мүшелері шілдеде келісіп қойған-ды. Алайда құрлық көшбасшылары әлі күнге дейін қаржыны әділетті бөлудің оңтайлы жолын таба алмай дал. Көрпені өзіне қарай тартқысы келетіндер аз емес. Індеттің зардабын көбірек тартқандарға қайтарымсыз көмек беруді қолдайтындар – таразының бір басында тұрса, екінші басында – экономикасы тұйыққа тірелгендерге субсидия емес, қарыз беруді талап еткендер. Талас тудырған мәселелерді шешуге аз ғана уақыт қалды, өйткені Еуроодақ бюджеті (одақ экономикасын қалпына келтіру қоры да соның ішінде) желтоқсанға дейін бекітілуі тиіс.
Brexit: індеттен де күрделі мәселелер бар
Саммитте талқыланған тағы бір күрделі мәселе – Ұлыбританияның Еуроодақ құрамынан шығу процесінің аяқталуы. Еуроодақ пен Ұлыбритания арасындағы еркін сауда туралы келісімді салтанатты түрде бекітеміз деген нық сеніммен жиналған көшбасшылардың үміті ақталмады. Брюссель мен Лондон мәмілеге келе алмады. Келіссөздер тығырыққа тіреліп, 2021 жылдың 1 қаңтарында күшіне енуі тиіс құжат тағы мақұлданбады.
Келіссөздердің басты түйткілі – ЕО құрамында қалатын Ирландия Республикасы мен корольдікпен бірге одақтан шығатын Солтүстік Ирландияның шекарасы жайлы мәселе. Лондон Еуроодақпен келісім шарттарын орындау арқылы өзіне тиесілі аумақтағы экономикалық тәуелсіздігін уыстан шығарып аламын деп алаңдаулы. Сондай-ақ, балық аулауға квота бөлу мәселесінің де түйткілі тарқатылған жоқ.
Брюссель Brexit-ті еркін сауда туралы келісімсіз аяқтау нұсқасына дайын екенін, яғни Лондонның дегенімен жүрмейтінін ұқтырды. Саммит қорытындысы бойынша Еурокомиссияға біржақты төтенше шаралар жоспарын әзірлеу тапсырылды.
«Еуропалық кеңес Brexit процесінің өтпелі кезеңі 2020 жылдың 31 желтоқсанында аяқталатынын растайды және келіссөздердің нәтижесі көңіл көншітпейтінін алаңдаушылықпен атап өтеді. Мұндай жағдайда Еуроодақ өзінің бас мәмілегері Мишель Барньеге алдағы апталарда келіссөздерді жалғастырып, Ұлыбританияны мәмілеге келуге көндіруді жүктейді. Еуропалық кеңес одақтың мемлекеттері мен институттарын барлық сценарийге, оның ішінде келісімнің бекітілмеуіне де дайын болуға шақырады», – делінген ЕО саммитінің ресми мәлімдемесінде.
Келіссөз мерзімінің төртінші мәрте ұзартылуы – Лондонға берілген кезекті мүмкіндік. ЕО көшбасшылары Ұлыбританияға одақтан шығу жөніндегі келісім мен өзге де хаттамалар келісілген уақытқа дейін толық көлемде ұсынылуы тиіс екенін еске салды. Brexit-тің өтпелі кезеңі 31 желтоқсанда аяқталатынын ескерсек, тараптардың мәмілеге келіп, оны заң жүзінде бекітуіне 2,5 айға жетер-жетпес уақыт қалды. Құжатты британ парламенті мен Еуропарламент мақұлдауы тиіс.
Алайда Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсонның мәлімдемесі Лондонның өз ұстанымынан айнымайтынын аңғартқандай. Ол Еуроодақты келіссөздер кезінде достық ұстанымдардан айныды деп айыптады. Джонсонның сөзінше, Еуроодақ саммиті еркін сауда келісімі 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін бекітілмейтінін көрсетті.
«Австралиямен арадағы келісім секілді бізге де еркін сауданың базалық принциптеріне негізделген мәмілеге дайындалу керек деп ойлаймын. Еуроодақ Ұлыбританияның заң шығару жүйесіне және балық шаруашылығына бақылауды сақтап қалуға ниетті. Тәуелсіз мемлекет мұндай қарым-қатынасқа жол бере алмайды», – деді Борис Джонсон.
Ұлыбритания премьерінің мәлімдемесінен кейін іле-шала Twitter-де жазба жариялаған Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен еуропалық мәмілегерлер Лондоннан диалогты жалғастыруды табанды түрде талап ететінін айтты. «ЕО келісімге қол жеткізу ниетті, бірақ кез келген жолмен емес», – деп жазды ол.