704
Мырзатай Жолдасбеков. Құлбекке жауап: "Түркістан" атауын өзгерту мәселесін көтермеген жөн
Мырзатай Жолдасбеков. Құлбекке жауап: "Түркістан" атауын өзгерту мәселесін көтермеген жөн
РЕДАКЦИЯДАН: Жақында TÚRKİSTAN халықаралық газетінің сайтында белгілі әдебиетші, сыншы, публицист, филология ғылымының докторы, профессор Құлбек Ергөбектің «Мырзатай аға, біз түрікпіз бе, әлде түркі ме?» деген тақырыпта көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, ғалым-түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековке ашық хаты жарияланған болатын. Ашық хат жарияланысымен редакциямызға хабарласып, пікір білдірген, әлеуметтік желіде ой бөліскен оқырмандар қарасы қалың. Мырзатай Жолдасбеков те ғалым інісінің ашық хатын жауапсыз қалдырмай, өз пікірін жазып, редакциямызға жолдады.
Құлбек бауырым, талайдан бері бәрімізді ойландырып-толғантқан мәселені жақсы көтеріпсің.
Ерте дәуірлерде, сонау VI-VІІІ ғасырларда-ақ мәңгі тастарға (бенгү таш) «ТҮРК» деп таңбаланған этнонимнің де, сондай-ақ тиісті этностың тілінің атауының да уақыт өте келе, ХІХ-ғасырда екі түрлі қолданыла бастауының түп-төркінінде астарлы саяси себептердің жатқаны баршаға мәлім.
Екі түрлі қолданыс ең алдымен түрік тілдерін бір тілдің диалектісі ретінде емес, жеке, дербес тіл ретінде қарастырудан басталды. Осылайша «түркі тілдері» (тюркские языки) термині қолданысқа ене бастады. Соған қарамастан, В.Радлов, Л.Будагов, П.М.Мелиоранский, Д.Немет секілді түркологтар өз еңбектерінде түрік тілінің тармақтары үшін «диалект», «наречие» терминдерін қолдану ұстанымынан айнымады.
Қазан төңкерісінен (1917 ж.) кейін, сондай-ақ В.В.Радлов қайтыс болғаннан (1918 ж.) соң орыс түркологтары түрік тілдері мәселесінде «наречие» мен «диалект» терминдерінің орнына «тіл» (язык) терминін қолдана бастады. Осылайша түрік тілінің әр тармағын жеке, дербес тіл ретінде қабылдау үрдісі қалыптасты.
Осыған орай, әлемдік түріктану саласында өзіндік мектебі қалыптасқан Ресейде ХІХ-ғасырдың екінші жартысында «түрік»/ «түркі» терминдері қатар қолданыла бастады. Ресей түркологтарының бір бөлігі сол кездегі осман түріктерінен өзге түрік жұрттарын бөліп көрсету мақсатында «түркі» (тюрк) деген қолданысты енгізді.
Соған қарамастан, ресейлік түркологтардың бір бөлігі өз еңбектерінде «түрік» (турок/ турецкий) қолданысын сақтап қалды. Мәселен, көрнекті орыс түріктанушысы П.М.Мелиоранский «турок» және «тюрок» деген екі терминді қолданысқа енгізуді қажет деп санамайтын ғалымдардың пікіріне қосылатынын, өйткені «славян» деген термин маңайында ұйысқан орыс, болгар, чех, поляк т.б. славян халықтары секілді түрік халықтары мен тайпаларының да өздерін бірлестіретін «турок», «турецкий» деген терминдерді қолдануға толық құқылы екенін баса көрсетеді (П.М.Мелиоранский, Турецкие наречия и литературы// Энциклопедический словарь, изд. Ф.А.Брокгауз, И.А.Ефрон, т. ХХХІV, СПб., 1902, 159-бет).
Сол секілді, орыс түркологиясының ірі өкілдерінің бірі – А.Н.Самойлович де, кеңес дәуірінің белгілі бір кезеңіне дейін «турок», «турецкий», «туркология» қолданысын жақтап, өз еңбектерінде осы принципті ұстанып келгені мәлім. Оның ғылыми еңбектеріндегі «тюрк», «тюркский», «тюркология» түріндегі қолданыстар тек 1933 жылдан бастап қана кездесе бастайды.
Танымал шығыстанушы, түрколог, арабтанушы, тарихшы, көп қырлы ғалым В.В.Бартольд та көзі тірісінде көбіне «турецкие государства», «турецкие народности», «кочевые турецкие племена» деп жазды.
Кеңес түркологиясында саяси себептерге байланысты қалыптасқан «түркі» деген ұстаным өзге елдердегі түркология саласына да өз ықпалын тигізбей қоймады. Бұл турасында түркиялық ғалымдар Ахмет Буран мен Эрджан Алкая: «Бұл терминологияны кейіннен Еуропалық түркологтар да қабылдап, көне, жаңа және жаңаша түрік жазба тілдерінің барлығын қамтитын, қысқаша атымен «Fundamenta» деп танылған еңбекте (Philologiae Turcicae Fundamenta) «Түркі тілдері» деген термин берілді (француз тілінде – Langues Turques; ал ағылшын тілінде – Turkic Languages). Сол секілді қазіргі таңда ағылшын тіліндегі «Turkish» сөзі Түркиядағы түрік тілін, ал «Turcic» сөзі болса, барлық түрік тілдері үшін қолданылып келеді», – деп жазады (Ahmet Buran, Ercan Alkaya. Çağdaş Türk Lehçeleri. Akçağ Yayınları, 12. Baskı, Ankara, 2018, 34-бет).
Ал енді тәуелсіздік алғалы біраз уақыт өтсе де Қазақстанда да бұл мәселе түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Осы түрік/ түркі қолданысы елімізде әлі күнге дейін бір ізге салынбағаны ащы да болса, шындық!
Құлбек, бауырым, өзің де айтып отырғандай, өзім және бірқатар ғалым-зерттеушілер «түрік» терминін тұрақты түрде қолданып келеміз. Бірақ арагідік еңбектерімізді басатын басылымдардың редакторларының біздің «түрк» деген қолданысымызды белінен сызып, «түркі» деп түзетіп жіберетіні де бар. Амал не, бұл мәселе әлі ресми түрде бір шешімін таппағандықтан, жалпыны бірдей міндеттей алмаймыз. Тек, өзіміз секілді ұстанымдағылар ғана «түрік» қолданысынан бас тартпай келеміз.
Біздің ұстаздарымыз академиктер М.Әуезов, Ә.Марғұлан, өзге де ағаларымыз үнемі «түрік» деп жазды. Мағжан Жұмабаевтың атақты өлеңінде де:
Түркістан – Ер түріктің бесігі ғой,
Түркістан – екі дүние есігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің Тәңір берген несібі ғой – демеуші ме еді.
2018 жылы жарық көрген «Ұлы Дала әдебиеті» атты монографиямның «Қазақ әдебиетінің түп-төркіні жайында» деген бөлімінде осы «ТҮРК» деген қолданысымызға орай «Кеңестік кезеңде атажұрт пен Анадолыдағы ағайындардың арасын алшақтату үшін қолданылған жасанды «түркі» термині бұл шығарылымда ТҮРК деп берілді» деген едім. Сондай-ақ аталмыш бөлімде: «Түркология ғылымы Еуропада туды, ХХ ғасырда Ресейде классикалық деңгейге көтерілді, кеңес дәуірінде саясатқа айналды. Сөйтіп, әр республика өз түркологиясын жасап, байырғы ортақ мұраны әр түрк тектес халықтар иелік еткелі бақталасып, талас тудырып, жүйеден адасты. Ғылым саяси құралдың ойыншығына айналып, «Түркі» деген жасанды термин ойлап табылып, атажұрт пен Анадолыдағы ағайындардың арасын алшақтатудың амалы қарастырылды. Бағзы заманнан бізге жеткен мұралардың «Көне түркі ескерткіштері» аталуы да советтік кезеңнің салқыны еді. Дұрысы – «Көне түрк ескерткіштері» болатын. Иісі түрк халықтары тарихқа, тілге, дінге келгенде балталаса да бөлінбейміз, біргеміз. Көне ескерткіштерде, түрк бітігінде «түрк» деп айтылады. Ендігі жерде осы «ТҮРК» сөзіне тоқтауымыз керек», – деп көрсеткен едім (М.Жолдасбеков, Ұлы дала әдебиеті. Астана: «Ғылым», 2018. 10-бет.).
Ежелгі бітік тастағы жазуларда кейде дауысты дыбыстардың сақтала бермейтіндігін ескеріп және ана тіліміздің заңдылықтарына да сүйеніп, ендігі жерде «ТҮРК» сөзін «ТҮРІК» деп жазғанымыз жөн болады. Дұрысы осы.
Осы тұста мынаны да айта кетейін, көне жазба жәдігерлеріміз мәселесінде де тақырыпқа, салаға үстірт қарайтын зерттеушілеріміз де баршылық. Мәселен, «Күлтегінді» кейбір зерттеушілер «Құлтегін» деп жүр. Бұл көпе-көрінеу бұрмалаушылық, әрине. Мұнда «Құл» дейтін сөз де, ұғым да жоқ, дұрысы – «Күл + тегін», ұлы мұрагер деген мағынаны білдіреді. Біздің ұлттық гуманитарлық ғылымда мұнан да басқа күмәнді, даулы мәселелер жеткілікті-ақ.
Сондықтан, бәлкім осыларды түбегейлі шешіп отыратын Түркиядағы секілді министрлік деңгейінде құзыреті бар «Түрік тілі жоғары құрылымы» (Türk Dili Yüksek Kurumu / Турецкое лингвистическое общество) секілді ұйым бізге де құру керек шығар.
Өзіңе де мәлім, Түркияда түрік тілінің дұрыс қолданылуы, тілдік заңдылықтарының, емлесінің сақталуы мәселесінде ең басты қадағалушы орган да, бақылаушы орган да - осы ұйым. Түрік тілінде жазылған, әсіресе, филология саласындағы ғылыми еңбектер мен диссертациялар осы ұйым бекіткен емле сөздігінің заңдылықтары бойынша тексеріледі. Термин мәселесінде де осы ұйым құзырлы. Түрік тілдеріне қатысты халықаралық деңгейдегі көптеген іс-шараларды ұйымдастырып, көптеген маңызды жобаны қаржыландырып отыратын да солар.
Қысқасы, қазақ тіліне қатысты мәселелерді, ортақ емле, бірыңғай термин қолданысын бір ізге салатын, тіпті соны қадағалап, талап етіп, орындатып отыратын бір мекеме, ұйым керек-ақ.
Ал енді, өзің көтеріп отырған тағы бір мәселе – түбі бір түрік халықтарының рухани астанасы, киелі бас қаласы Түркістанды «Түрікстан» деп өзгерту мәселесіне келейік. Өзіңе де мәлім, «Түркістан» топонимі түрік халықтары мен ру-тайпалары жайлаған, өмір сүретін аймақ деген мағынада патшалық Ресейдің басқыншылық саясатынан да, кеңестік дәуірдің зорлықшыл жүйесінен де бұрын қалыптасты. Тек парсылық «стан» жалғауы мен негізгі түбір сөз «түрктің» арасын байланыстырып, жалғап тұрған, араға кіріккен «і» дыбысы ғана бар. Яғни, бұл жерде қандай да бір саясаттан туған астар да, пиғыл да жоқ. Бар болғаны, түрік тілдерінің өзіне тән заңдылығы ғана. Бұл тілдік заңдылық Анадолыдағы түрік ағайындардың да тілінде кең көрініс тапқан. Түрік тілінде осы өзіміздің киелі Түркістанның (Türkistan) атауымен қоса, Өзбекстан (Özbekistan), Түрікменстан (Türkmenistan), Пәкістан (Pakistan), Тәжікстан (Tacikistan), Ауғанстан (Afganistan) секілді т.б. ел атауларында да осы заңдылық сақталған. Ендеше, «түркі» сөзін «түрік» деп өзгертіп, тарихи киелі шаһардың атауын өзгерту мәселесін көтермеген жөн болар деген ойдамын.
Өзіңді жақсы әдебиетші, білімді ғалым ретінде бағалаушы ағаң Мырзатай Жолдасбеков.