СҚО-да сұйытылған газ тек талонмен беріліп жатыр

/
СҚО-да сұйытылған газ тек талонмен беріліп жатыр
istockphoto

Солтүстік Қазақстанда сұйытылған газ тапшы. Қарашаның сөзінше, бірнеше аптадан бері жанармай бекеттерінде көгілдір отын талонмен ғана беріліп жатыр. Ал кейбірінде тіптен жоқ. Соның салдарынан жұрттың тіршілігі тұралап, жүріп-тұруы қиындаған, деп хабарлайды Аlmaty.tv. 

Солтүстік Қазақстан облысында көлігін көгілдір отынмен оталдыратын жүргізушілер бірнеше аптадан бері көше кезіп, жанар-жағармай бекеттерін жағалап жүр. Тұрғындардың сөзінше, қайда барсаң да ұзын-сонар кезек. Кейбірінде тек талон арқылы сатылса, енді бірінде тіптен газ жоқ. Салдарынан жұрттың тіршілігі тұралаған.

"Қиын болды. Үш күннен бері газсыз жүрмін. Жұмыстың бәрі тоқтады. Ары-бері қатынау мұңға айналды. Бұл тұтынушыларына жасалған әділетсіздік деп ойлаймын", - деді облыс тұрғыны Александр Сирик.

"Астанада да дәл осындай жағдай. Бір айға жуық газ жоқ. Түске дейін болса болады, ал түстен кейін таусылып қалады. Кеше Көкшетауға бардым – төрт бекетке кірдім, ешқайсында жоқ. Келлеровкада да, Петропавлға дейінгі жол бойында да газ табылмады", - дейді тағы бір тұрғын Рахат Елеусізов.

bmw-kz.com
Жарнама
"Шамамен он күн болды, бір жерде бар, бір жерде жоқ, көбінесе тек талонмен береді. Мүмкін элеваторларға кетіп жатқан шығар, қазір астық кептіретін уақыт қой. Қыста нан болуы үшін. Бірақ қарапайым халықты да ойлау керек қой", - дейді келесі бір тұрғын Иван Смирнов.

Мәселенің барын жанармай бекеттеріндегі қызметкерлер де растайды. Олардың айтуынша, оларға бөлінетін автогаз көлемі едәуір қысқарған. Осыған байланысты кейбір стансалар қазір жұмысын тоқтатыпты.

"Былтыр бізге тәулігіне 2-3 мың литр көлемінде лимит берілетін. Биыл ондай лимит жоқ, қала мен облысқа газ толық жеткізілмеген. Сол себепті осындай жағдай туындап отыр. Көгілдір отынды алдымен келісімшарты бар коммуналдық мекемелерге беріп жатырмыз", - деді жанармай бекетінің қызметкері Айдарбек Исин.

Ал жауаптылар газ тапшылығына Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары себеп дейді.

"Ай сайын өңір шамамен 6 мың тонна газ тұтынады. Ал қазанда шамамен 4 тонна ғана жеткізілді. Бұған Атыраудағы мұнай өңдеу зауытында жүріп жатқан жөндеу жұмыстары әсер етті. Біз қосымша 2,5 мың тонна сұйытылған газ сұраған едік, бірақ ол бөлінген жоқ. Қазір жанармай бекеттерінде шамамен мың тоннадай ғана бар, тағы 300 тонна келе жатыр", - деді Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Қуандық Шәкубаев.

Бүгінде солтүстікке сұйытылған газ Ақтөбе, Павлодар және Атырау облыстарынан жеткізіліп жатыр. Мамандар алдағы күндері жағдай толығымен тұрақталады деп сендіріп отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары