Түркілердің әскери одақтастығы туралы әңгіме неге қозғалып жүр?
Бір кездегі Антанта (бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында бастапқыда Англия, Франция мен Ресей мемлекеттерінің әскери одағы, кейін Германия коалициясына қарсы 20-дан астам мемлекетті біріктірген), Бағдад шарты (құрамында Ұлыбритания, Түркия, Ирак, Иран, Пәкістан елдері болған Таяу және Орта Шығыстағы соғыс одағы), Үштік одақ (1882 ж. құрылған Германия, Австрия-Венгрия және Италия мемлекеттерінің әскери-саяси одағы), Варшава келісімі ұйымы (1955 жылы достық, әріптестік және өзара көмек жөнінде Албания, Болгария, Венгрия, ГДР, Польша, Румыния, Чехословакия және КСРО арасында құрылған әскери-саяси одақ) секілді әскери одақтар құрылып, тарады. Бірақ олардың құрылуына этникалық не діни сенім емес, әскери-саяси мақсаттың болғаны белгілі. Сондай-ақ бүгінде әрекет етіп тұрған Солтүстік атлантикалық келісім ұйымы (НАТО, 30-дан аса мемлекеттер мүше), Ұжымдық қауіпсіздік келісімі (1992 жылы 15 мамырда құрылған Тәуелсіз мемлекеттер достастығының әскери-саяси ұйымы. Қазір оның құрамында Ресей, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Беларусь, Тәжікстан, Армения бар) әскери одақтардың негізінде саяси бірлік бар. Ал таза этникалық тұрғыдан әскери одақ құру мүмкін бе? Қазірге дейін оның мысалында мынадай одақ бар деп бірнеше туыстас мемлекеттер құрған әскери одақты көрсету қиын. Бірақ уақыт талабы тудырған кейбір жайларға орай ондай біріккен әскери одақ құру идеясы да жоқ емес. Соның бірі, кейінгі кездері арагідік айтылып, құрылуы мүмкін деп болжанып жүрген түркі мемлекеттерінің әскери одағы туралы әңгіме. Шынын айту керек, түркі мемлекеттерінің әскери бірлігі туралы әңгіме алдымен сол мемлекеттердің өзінен емес, олардың ынтымағын өздеріне қауіп тудыруы мүмкін деп санайтын елдерден шыққан сыңайлы. Нақтырақ айтқанда, мұндай болжамдар өткен ғасырдың соңында КСРО күйреп, әлем картасында Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Қырғызстан секілді түркітілдес тәуелсіз мемлекеттер пайда болған соң жасала бастады. Сондықтан АҚШ, Қытай, Ресей секілді державалар, әлемдік саясатта зор әсер етіп отырған Еуроодақ та бұл елдерге түрлі жолдармен әсер етіп, ықпалын күшейтуге ұмтылды. Өйткені олардың қай-қайсысы да түркі мемлекеттерінің бірлігі артса, ол әлемдік саясатта санасуға тұратын күшке айналады дейтін секілді. Бірақ түркітектестер мемлекеттері арасында жақынға дейін тек мәдени-экономикалық байланыс жүргені болмаса, әскери-саяси мақсатта, анау айтқандай үлкен бірігу, кірігу үдерісі жүре қойған жоқ. Тек кейінгі кездегі Әзербайжан мен Таулы Қарабақтың заңсыз билігі арасындағы соғыс қимылдары түркілер бірлігі жайында әңгіменің қайта қозғалуына себеп болғандай...Түркия-Әзербайжан бірлігі нені ұқтырды?
ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында қызыл империя құлап, әзербайжан, қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен елдері өз алдына жеке отау тіккенше әлемде жалғыз тәуелсіз түркі елі – Түркия. Сондықтан ол жоғарыда халықтар азат мемлекетін құрып, тәуелсіздігін жариялағанда әлемде бірінші болып солардың тәуелсіздігін танып, үлкен қолдау көрсетті. Әсіресе, өзімен шекаралас Әзербайжанмен тығыз қарым-қатынас орнатуды бастады. Түркия-Әзірбайжан арасындағы ынтымақты қарым-қатынас көптеген халықаралық платформаларда, атап айтқанда Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Еуропа Кеңесі, Қара теңіз Экономикалық ынтымақтастық ұйымы, Түрік Кеңесі және Ислам ынтымақтастық ұйымында табысты түрде жалғасып келеді. Сондықтан Түркия Әзербайжанға қай жағынан да сенімді стратегиялық әріптес саналады. Сондықтан болар екі елдің қарулы күштері арасында әскери ынтымақтастық жетілдіру мақсатында әр кезде біріккен әскери жаттығу ұйымдастырылып тұратын. Сондай әскери жаттығу биылғы жылдың мамыр айында Баку маңындағы әскери оқу базасында жүзеге асқан болатын. Оған екі елдің 1 000 әскері, 80 танк пен сауытты көлігі, 60 гаубица, 12 Mи-35 және Mи-17 операциялық жүк тікұшақтары және әуе қорғаныс жүйелері қатысып, әскери саладағы шеберліктерін сынап, тәжірибе алмасқан еді. Негізінде, мұндай біріккен әскери оқу-жаттығу шаралары көптеген елдерде өтіп жататыны белгілі. Бірақ неге екені белгісіз, Түркия мен Әзербайжан бірігіп өткізген әскери жаттығудан секем алған Армения билігі бұған саяси астар беріп, бұл жаттығудың Арменияға қауіп төндіретіні жайында айтқан болатын. Әлемге белгілі жайт: Әзербайжанға қарасты Таулы Қарабақ облысы КСРО кезінде басталған-ды. Оның себебі, 1985 жылдардан бастап КСРО-да басталған жариялылық пен демократия үрдісі кезінде Таулы Қарабақтағы халықтың 70 пайыздан астамын құрайтын армян диаспорасы өздерін Әзербайжаннан бөліп, Армения құрамына өткізуді талап ете бастады. Ақыры 1988 жылы жергілікті армяндар өздерінің көптігін және Армения тарапынан болған әскери көмекке арқа сүйеп, Таулы Қарабақтан әзербайжан ұлтының өкілдерін қуып шықты. Нәтижесінде, 40 мыңға жуық әзербайжан азаматы қаза тауып, миллионға жуық халық босып кетті. Онымен қоймай, Армения Әзербайжан республикасына қарайтын бірнеше ауданды басып алып, өздерін тәуелсіз республика деп жариялаған Таулы Қарабақты Арменияға қарайтын аумақ деп мәлімдеме жасады. Алайда Арменияның басып алған жерлерін және Таулы Қарабақтың дербестігін әлемдік қауымдастық мойындаған жоқ. Міне, 30 жылдан аса осы даулы мәселе жөнінде Әзербайжан республикасы мен Армения әлі күнге келісе алмай, бірнеше рет шекара маңында бір-біріне оқ жаудырып, қан төгілген-ді. Ақырында биылғы жылдың 27 қыркүйегінде Таулы Қарабақта қарулы қақтығыс болып, оған екі тарап та бірін-бірі кінәлады. Ал ертеңіне екі ел де соғыс жағдайына көшті. Содан бері екі ел арасында бір-біріне ірі калибрлі қарудан оқ жаудырып, зымырандар арқылы шабуыл жасалып жатыр. Әрине, бұл соғыста шыңдалған және жақсы қаруланған әскері бар Әзербайжан жағының басымдылығы айқын байқалуда. Көптеген елдердің сарапшыларының айтуынша, Әзербайжан жағының күштілігі Түркиядан келген қару-жараққа байланысты болып отырған көрінеді. Израилдан, Ресейден және Түркиядан көптеген қару сатып алған Әзербайжанның армиясы – қазір Кавказдағы ең күшті армия саналады. Соғыс барысында Әзербайжан тарапы Түркиядан сатып алған Bayraktar TB2 атты орта биіктіктен соққы беретін оперативті-тактикалық ұшқышсыз әуе кемесін сәтті пайдаланып жатыр. Ол Таулы Қарабақтағы қарсыластарының адам күшіне және әскери техникасына зор шығын келтіріп жатыр. Міне, осының бәрі түркітектес екі ел одағының жемісі деп бағалануда. Рас, Түркия тарапы қандай жағдайда да Әзербайжанның сенімді одақтасы, әскери ынтымақтасы екенін жасырған емес. Бірақ қазіргі жағдайда екі елдің әскерлері Арменияға қарсы бірігіп соғыс жүргізіп жатқан жоқ. Соның өзінде екі елдің одақтастығы талайдың үрейін ұшырып, ұйқысын бұзып жатқан секілді.Жириновскийдің неге жан даусы шықты?
Түркітектестердің бірлігінен қауіптенетіндердің бірі солтүстіктегі көршіміз болуы мүмкін, бірақ БАҚ беттерінде кейбір ресейлік журналистер мен тәуелсіз сарапшылар болмаса, ол мәселеде мемлекет билігі аса бір жайсыз мәлімдеме жасап жатқан жоқ. Алайда кейбір танымал ресейлік тұлғалар «болашақта болуы мүмкін түркітектестердің одағын» өздеріне геосаяси қауіп төндіретін құбылыс көретіні әзербайжан-армян қақтығысы басталғалы бері белгілі болып жатыр. Мәселен, Ресей Мемлекеттік думасындағы федералды жиналысының ЛДПР фракциясының жетекшісі В.Жириновский өзінің соңғы мәлімдемесінің бірінде былай депті: «Түркия армиясы – НАТО блогындағы ең күшті армия, миллионнан асатын армия. Ал немістерде – 300 мың. Немістерді енді әскер деуге келмейді. НАТО-ның құрлық күштерінің негізі түрік армиясынан тұрады. Енді бір 30 жылдың ішінде түркілер 150 миллион болады ұзамай. Ал біз ше? Иран 150 миллион болады. Ауғанстан мен Пәкістанды қосқанда – 200 миллион. Бұл дін жағынан біріккен 500 миллиондық аса ірі исламдық мемлекет деген сөз! Кеңестік идеология емес, Ленин мен Маркстың портретін іліп қоятын, бұл – сан ғасырлық діни жақындық! Олар қазір мықты. Оларға Арменияны қылғыта салу түкке тұрмайды, керек болса Әзербайжанға қоса салады. Иранмен бірге Орталық Азияға басып кіреді де Ұлы Тұран атты түркі мемлекетін құрады. Түсінесіздер ме, олар бізге қарсы болғандықтан қуана-қуана бірігеді. Өйткені біз христианбыз, олар мұсылмандар! Оларды біріктіретін нәрсе бар: оларды тілдері біріктіреді. Түрік тілі деген ол – әзербайжандар, түрікмендер, өзбектер, қазақтар, татарлар, башқұрттар! Ол жақта кім орысша сөйлейді? Бұл – үлкен проблема! Оны түсіну керек!». Әрине, қара аспанды түсіріп, ашық күнде төбесін бұлт шалып жүретін Жириновскийдің түркі халықтары жөнінде ылғи теріс пікір білдіретіні белгілі, бірақ осы жолы оның түрік-әзербайжан одағының жеткен жетістігінен қатты сескеніп қалғаны байқалады. Негізінде, Әзербайжан мемлекетінің Армениямен соғысының басты себебі – олардың әскери күшке мастануы емес, 32 жылдан бері өзгенің өктемдігінен жат қолында кеткен жерін қайтарып алуы жолында жасап жатқан әскери іс-қимылы. Оны халықаралық қауымдастық көріп, біліп отыр. Сондықтан Әзербайжан мен Армения арасындағы әскери іс-қимылдар діни не ұлттық өшпенділік себебінен емес, жауласушылардың біреуі екіншісінің жерін қасақана басып алғаны себепті туып отырған жанжал. P.S. Үлкен державалардың қай жерде соғыс болса сол жерде өз мүддесін көрсетіп, дауды өз қалауына байланысты шешкісі келетіні талай көрінген. Мәселен, кезінде Таулы Қарабақ облысының Әзербайжан мемлекеті құрамынан шығамыз деп сепаратизмге баруы және оларды сол жанжалға итермелеген Арменияның қақтығысты пайдаланып, көрші елдің біраз жерін басып алуы олардың қандай да бір күштерге арқа сүйегенінен көрінеді. Ал 1992 жылы Таулы Қарабаққа байланысты жанжалды тоқтату мақсатында құрылған «Минск тобы» да айтарлықтай жетістікке жеткен жоқ. ЕҚЫҰ құрған бұл ұйымды басқаруды мойнына алған АҚШ, Ресей мен Франция секілді елдер Арменияға Әзербайжаннан тартып алған жерін қайтаруды, сондай-ақ Таулы Қарабақтағы сепаратистік топтың іс-әрекетін тежеп, Әзербайжанның бөлшектенген жерін қайта қалпына келтіруге міндеттей алмады. Айналып келгенде, Әзербайжан мемлекеті өз проблемасымен жеке қалды. Сондықтан оның Түркиямен тығыз қарым-қатынаста болып күшеюі және өз жерін толығымен қайтаруға ұмтылысының нәтиже беріп жатқаны өзгелерге де ой салса керек. Демек, түркі мемлекеттері әскери салада ынтымақтастықты күшейтсе, әлемдік саясатта олардың мүдделері аяқасты болмайтыны байқалды деуге болады.Түркі елдерінің әскери одағы құрылуы мүмкін бе?
Намазалы ОМАШОВ, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
