Сәлеміміз түзу болсын!

Сәлеміміз түзу болсын!

Сәлеміміз түзу болсын!
ашық дереккөзі
1841
Жаһандық індет бірсарынды тірлігімізге түрлі өзгерістер әкелді. Бұлжымас заңдылыққа айналған әдеттеріміз бен дағдыларымыз да басқаша бағыт алды. Ең бергісі амандасып, қал сұрасудың өзі әдепкіден басқа арнаға бұрылды. Коронавирус инфекциясы енді күш ала бастаған кезде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бір­қатар нұсқау мен ережелерді бекіткені есімізде. Содан бастап бүкіл әлем дәстүрлі қол алысу­дан және басқа да физикалық жақындық туғызатын амандасу түрлерінен бас тартып, сәлемдесудің басқа тәсілдерін ойлап тауып жатыр. Ал әлем мәдениет­танушылары орта ғасырларда пайда болып, сәлемдесудің ең негізгі түріне айналған қол алысудың қолданыстан шыққаны жаһандық мәдениетке жаңалық әкелгенін айтады. Мемлекет басшылары мен саясаткерлер де маңызды жиналыстар мен қабылдаулар ке­зінде сәлемдесудің түрлі формаларын қол­данып жатыр. Франция президенті Эммануэль Макрон ресми қабылдауларда қол алысып амандасудан мүлде бас тартты. Ал Германияның Ішкі істер министрі Хорст Зехофер, тіпті федералды канцлер Ан­гела Меркельдің ұсынған қолын қай­тар­ған. Сақтықты сыпайылықтан артық көрген ми­нистрдің қылығын канцлер көңіліне ал­май, керісінше күлімдеп жауап қайтарды. Амандасу үшін қолдың орнына аяғын ұсы­нып жатқандар да бар. Ресей Энергетика министрлігінің басшысы Александр Новак ОПЕК ұйымының Бас хатшысы Мұ­хам­мед Баркиндомен кездесу кезінде аяқ­пен амандасуды құп көрген.  Сәлемдесудің бұл ерекше түрі қазіргі кезде Иранда да кеңі­н­ен қолданылуда. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ­стан­дықтарға шынтақпен немесе тіземен аман­дасу тәсілін ұсынды. Бұдан бұрын осы әдісті АҚШ-тың Небраска штатының губернаторы Джон Риккетс қолданған болатын. Кей саясаткерлер қолды сүйірлете біріктіріп, сәл иілетін үнді халқының амандасу үрдісін қолайлы санайды екен. Қытайда да бір қолды жұдырыққа түйіп, екінші қолдың алақанына тигізетін сәлем­десу­дің ұлттық формасы дәріптеліп жатыр. 24 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Ал­маты қаласына барды. Ұшақтан түскен Пре­зиденттің қолын жүрек тұсына қойып аман­дасуы бірден жұрттың назарын ау­дарған еді. Әлеуметтік желі қолданушылары Пре­зидентті қолдайтындарын, сәлемдесудің бұл формасы дәстүрімізде де барын әрі өте жарасымды көрінетінін жарыса жазды.

Ата салтымыздағы амандасу дәстүрі қандай еді?

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде танымал академик, Қазақ тамақтану академиясының президенті және С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ құрметті профессоры Төрегелді Шарманов қол алысып аман­дасу қазіргі жағдайда өте қауіпті екенін мәлімдеген еді. Сонымен қатар профессор дәстүрге сүйене отырып, қолды жүрек тұ­сы­на қою арқылы сәлем беру формасын ұсын­ды. Сәлемді жасы кішілер беретінін, ал жа­сы үлкендерге жауап ретінде тағзым етудің қажеті жоқ екенін атап өтті. Қазақтың амандасу дәстүрі және оның формалары жайлы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы басшысы, тарих­шы-ғалым, этнолог Батырхан Жұмабаев өз пікірін білдірген еді. «Қазақ «Сәлем – сөздің атасы» деп, аман­да­суға ерекше мән берген, саулық сұрас­па­ған­дарды үлкенді сыйлай білмейтін, көр­ген­сіз, жетесіз санаған. Жасы кіші – үлкенге, атты кісі жаяуға сәлем беру – қазақтың бұлжымас заңы еді. Қазақ ислам діні келгенге дейін «Армысыз», «Армысың» деп аман­дас­қан. «Армысыз» деп амандасқан адам­ға «Бар­мысыз», «Бармысың» деген жауап қай­тарылған. Шамамен ХІ ғасырда «Ассалаума­ға­лейкүм», «Уағалейкүмассалам» деп амандасу үрдісі қалыптасқан. Қазақтың амандасу үрдісіндегі айта ке­тетін бір ерекшелік – шаңыраққа сәлем беру. Үйге кірген адам босағадан аттай бере қо­лын кеуде тұсына қойып, дауыстап сәлем бе­ретін болған. Ақсақалдар да осылайша аман­дасқан. Пандемия кезінде осы үрдістің жаңғырып жатқаны мені қуантты. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы­лай­ша амандасып жатқанын теледидардан көзім шалып қалды. Қазақ қоғамында жасына, қоғамдағы ор­нына қарай,  әйел адамдардың, балалар­дың, жасы үлкендердің амандасуы әртүрлі болған. Әйел адамдар қол алысып амандас­па­ған. Тек немерелері әжелерінің қолын алып есендескен. Бұл үрдіс әженің аялы ала­­қанын сезіну, мейіріне бөлену мағы­на­сын­да орындалған». Қазіргі кезде ұлттық сәлемдесу мә­де­ниетіміздің көптеген элементі мен формалары сақталған. Бірақ көбісі бұрынғыдай ретімен орындала бермейді. Одан бөлек, артстраттық құбылыстардың әсерінен, жаһан­данудың ықпалынан қоғамда кең тара­ған беттен сүйіп амандасу, жұдырық түйіс­тіру, алақан соғыстыру сияқты аман­дасудың түрлері көп. Әр ұлттың дәстүрінен бөлек, ресми бекітілген нормалар да әлемдік амандасу мәдениетінің бөлшегі саналады.

Іскерліктегі саулық сұрасу ше?

ХХІ ғасырда іскерлік ынтымақтастық әлемдік деңгейде дамыды. Соған орай амандасудан қоштасуға дейін жүйелеп, реттейтін түрлі ережелер мен қағидалар пайда бол­ды. Дипломатиялық хаттама мен этикетті барлық мемлекет сақтауға тиіс. Соның ішінде сәлемдесу – дипломатиядағы маңыз­ды әрі ресми бөлім саналады. Соған қара­мастан, амандасуға қатысты қатып қалған қағида жоқ, көбінесе делегаттар мен саясаткерлер өз ұлттық ерекшелігіне қарай амандасуды жөн көреді екен. Бірақ ыңғайсыз жағдайлар туындамас үшін делегация мү­шелеріне барлығы алдын ала хабарланады. Мысалы, Ресейде қонақтарға нан мен тұз ұсынылса, Үндістанда делегаттардың басына гүлдесте кигізіледі. Жалпы, дипломатиядағы сәлемдесудің негізгі формасы – қол алысу. Бірақ бұл әдіс кей жерлерде әйелдер үшін рұқсат етілмейді. Сондықтан, егер қонақтың өзі қол ұсын­баса, қабылдаушы тарап жеңіл бас июмен шектеледі. Дипломатиялық практикадағы этикет ережелері жалпы қабылданған нормаларға сәйкес келеді. Яғни, жасы кіші үлкенге, лауазымы төмендер лауазымы жоғарыларға, ер адамдар әйелдерге бірінші болып амандасуы керек. «Байырғы қазақ дипломатиясында хандарға, билерге, дәрежесі үлкен тұлғалар­ға қос қолдап сәлем берген. Олар да өз кезегінде жауап ретінде қол алысып амандас­қан. Ал сырттан келген елші, жаушылар ті­зер­леп, «Ар ма, хан ием!» деп иіле аман­даса­тын болған», – дейді этнограф Батырхан Жұмабаев. Сөзімізді мәдениеттанушы Бердалы Оспанның келесі деректерімен дәйектесек: «Қарапайым қазақтар хан, төре-сұлтандар­мен амандасқанда оларды «Алдияр» деп атап, екі қолын кеудесіне, немесе тізерлеп тұр­ғанда оң қолын оң тізесіне қоюы шарт бол­ған. Төремен жол үстінде кездесіп қал­ған жағдайда қарапайым қазақ атынан тү­сіп бір тізесін бүгіп амандасуы керек бол­ған. Ал төре оң қолын оның иығына қойып: «Аман ба?» деп жауап беретін. Хандар елшілердің де иығына қолын қойып амандасқан. 1756 жылы Кіші жүздің ха­ны Әбілхайырдың ордасында болған елші Джон Кестль былай деп естелік қал­дыр­ған: «Үш сағаттай уақытты алған қабыл­дау барысында хан менің иығыма қолын қой­ды. Кейін білуімше бұл адамды сый­лау­дың ең үлкен көрінісі екен». Осылайша, пандемия кезінде әлем­дік мәдениеттің қоржыны аман­дасу­дың жаңа түрлерімен толығып жатыр. Австралияда қол алысудың орнына жауырын тигізуді ұсынса, Біріккен Араб Әмірліктері, сондай-ақ Катар дәс­түрлі мұрынды мұрынға тигізіп сә­лемдесуден бас тартты. Енді француз­дар­ға сәлем беру үшін бір-бірінің кө­зіне қарау жеткілікті. «Әр елдің салты басқа», дегенмен қандай жағдай болма­сын, сәлеміміз түзу болсын!  

Серіктес жаңалықтары