464
Ұлыбритания экономикасы соңғы 65 жылда болмаған деңгейге құлдырады
Ұлыбритания экономикасы соңғы 65 жылда болмаған деңгейге құлдырады
Ұлыбританияның жалпы ішкі өнімі соңғы 65 жылда болмаған деңгейге төмендеді. Биылғы жылдың екінші тоқсанында ел экономикасы шамамен 20 процентке қысқарған. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Корольдік экономикасы қазір рецессияны бастан кешіріп отыр. Елдің қиын жағдайға тап болуына коронавирустың таралуын шектеу мақсатында енгізілген шектеу шаралары себеп. Карантин жариялануы салдарынан Ұлыбританияда өндіріс тоқтап, экономиканың көп саласы табысын жоғалтты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ұлыбританияда шектеу шаралары күшейтілгенін хабарлағанбыз. Елдегі мейрамханалар сағат кешкі онға дейін ғана жұмыс істейді. Барлық мекеме қызметкерлері бетперде тағуы тиіс. Сондай-ақ үйлену тойларына шақыруға рұқсат етілген қонақтар саны 15-тен аспауы тиіс. Бұған дейін ұлыбританиялықтар той-томалаққа 30 адамға дейін шақыра алатын.
Елде карантин режимін бұзғандарға жаза қатаң. Коронавирус жұқтырғаны расталған және екі апталық оқшаулану ережесін бірнеше рет бұзған азаматтар 10 мың фунтқа дейін (13 мың долларға дейін) төлейді. Ал алты адамнан артық жиналғандар 1 мың фунт айыппұл арқалайды.