Үш микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылды

/
Үш микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі үш микроқаржы ұйымын лицензиясынан айырды. Бақылау және қадағалау шаралары барысында қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарының бұзылуына алып келген заңнама талаптарын жүйелі түрде бұзу фактілері анықталған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Агенттіктің 2026 жылғы 23 қарашадағы бұйрықтары негізінде мына микроқаржы ұйымдарының лицензиялары тоқтатылды:

1. «ECKZ» МҚҰ» ЖШС – №80 бұйрық;

2. «Taj Finance» МҚҰ» ЖШС – №81 бұйрық;

3. «М БулақМҚҰ» ЖШС – №82 бұйрық.

Лицензиясынан айырылған күннен бастап аталған ұйымдардың микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға, оның ішінде жаңа микрокредиттер беруге құқығы жоқ. Микрокредит беру туралы қолданыстағы шарттардың талаптарын өзгертуге заңда көзделген жағдайларда ғана жол беріледі.

Сонымен қатар лицензиясынан айырылған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде микроқаржы ұйымдары атауынан «микроқаржы ұйымы» деген сөздерді, олардан туындайтын сөздерді немесе осы заңды тұлғаның микрокредит беру қызметімен айналысатынын білдіретін сөздерді алып тастап, қайта тіркеуден өтуге не қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдауға міндетті.

Бұл ретте қарыз алушылардың қолданыстағы шарттар бойынша міндеттемелері сақталады. Олар шарттар мен заңнама талаптарына сәйкес орындалуға тиіс.

«Агенттік микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктер мен ломбардтардың қызметіндегі жосықсыз практикаларды анықтау және жолын кесу жұмыстарын жалғастырады. Қадағалаудың басымдығы – микрокредиттер беру және берешекті өндіріп алу кезінде қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Анықталған бұзушылықтар үшін Агенттік Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шараларды қолданады», – делінген хабарламада.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары