Жыл соңына дейін Жамбыл облысында 11 ауыл интернетке қол жеткізеді
Жыл соңына дейін Жамбыл облысында 11 ауыл интернетке қол жеткізеді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халық саны 250-ден асатын әр ауылға интернет тартуды тапсырған болатын. Жамбыл облысында Мемлекет басшысының бұл тапсырмасының орындалу барысы қалай? Бұл сауалға Жобалық басқару және цифрландыру орталығының директоры Дамир Егізбаев жауап берді.
Орталық басшысының сөзінше, бүгінде аймақтағы 250-ден астам тұрғыны бар 308 ауылдың 166-сы интернет желісіне кең жолақты кабельдік қолжетімділікпен қосылған. Биылғы жылдың соңына дейін қосымша тағы 11 елді мекен ғаламторға қол жеткізбек.
308 елді мекеннің 234-і жоғары жылдамдықты мобильді интернетпен (3G және 4G) қамтамасыз етілген. 23 ауылда ұялы байланыс операторлары мобильді интернеттің жылдамдығын арттыру бойынша жұмыстар жүргізуде. 50 ауылдық елді мекеннің тұрғындары ғаламтордың жылдамдығына шағымданған.
Сондай-ақ, тұрғындарының саны 250 адамнан аз 63 ауылдың 20-сы жоғары жылдамдықты мобильді интернетпен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін тағы бір ауыл интернеттің игілігін көреді.
Талас, Жамбыл, Қордай аудандарында ұялы байланыс операторлары ұялы байланыс антенналарын орнатуда қиындықтарға тап болуда. Бұл мәселені шешу аудан әкімдеріне тапсырылды.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың шешімімен облыста интернетке қол жетімділік мәселелері бойынша жұмыс тобы құрылмақ. Оның құрамына ұялы байланыс операторларының өкілдері де енеді. Жақын күндері жұмыс тобы шалғай ауылдарда интернет жылдамдығын арттыру және көрші мемлекеттің ұялы байланыс операторларының байланысын пайдаланатын шекара маңындағы ауылдық округ тұрғындарының мәселелерін шешу жөнінде ұсыныстар әзірлеуі қажет.
Еске сала кетейік, бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстан қалаларында 5G желісі қашан іске қосылатынын айтқан еді.
Министрдің сөзінше, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 5G желілері 2022 жылы іске қосылады. Ал облыс орталықтарында жаңа ұялы байланыс стандарты 2025 жылға дейін енгізілмек.