30 Қыркүйек, 13:47 296 0 Жаһан Анар ЛЕПЕСОВА

COVID-19: Ұлыбританияда рекордтық көрсеткіш тіркелді

Өткен тәулікте Ұлыбританияда коронавирустан  адам көз жұмды. Бұл соңғы бірнеше айдың ішіндегі ең жоғары көрсеткіш, деп жазады BBC. 

Бір тәулік ішінде елде 7143 адамнан коронавирус анықталған. Бұл –Британиядағы жаппай тестілеу басталғаннан бері рекордтық көрсеткіш. Сарапшылар көктемде ауруға шалдыққандар санының өсімі әлдеқайда жоғары болғанын, бірақ сол кезде тестілеу көбінесе аурудың ауыр белгілері болған адамдарға ғана жүргізілгенін шамалап отыр.

Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, пандемия басталғалы Ұлыбританияда 448 мыңнан астам адам індет жұқтырды. Елде қатерлі вирустан 42 162 адам қайтыс болды.

Ал әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 33,6 миллионнан асып жығылды. Індет 1 миллионнан астам адамның өмірін жалмады. Солтүстік Америкада – 308 мыңнан астам адам, Оңтүстік Америкада – 250 мыңға жуық адам, Еуропада – 221 мың адам, Азияда – 190 мың адам қайтыс болды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ұлыбританияда шектеу шаралары күшейтілгенін хабарлағанбыз. Елдегі мейрамханалар сағат кешкі онға дейін ғана жұмыс істейді. Барлық мекеме қызметкерлері бетперде тағуы тиіс. Сондай-ақ үйлену тойларына шақыруға рұқсат етілген қонақтар саны 15-тен аспауы тиіс. Бұған дейін ұлыбританиялықтар той-томалаққа 30 адамға дейін шақыра алатын.

Елде карантин режимін бұзғандарға жаза қатаң. Коронавирус жұқтырғаны расталған және екі апталық оқшаулану ережесін бірнеше рет бұзған азаматтар 10 мың фунтқа дейін (13 мың долларға дейін) төлейді. Ал алты адамнан артық жиналғандар 1 мың фунт айыппұл арқалайды.

Соңғы жаңалықтар