293
Аналардың зейнет жасы қайта қаралса...
Аналардың зейнет жасы қайта қаралса...
Өткен аптада әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде елімізде зейнетке шығу жасы төмендейтіні туралы ақпарат тарады. Мұндай өзгерістің енгізілуіне коронавирустан көз жұмғандардың көпшілігі зейнет жасына жетпей өмірден өтуі себеп болған шығар деп жорамалдады жұрт. Алайда көп ұзамай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мәліметті жоққа шығарып, қолданыстағы заңға сәйкес, ерлер 63 жаста, ал әйелдер 59,5 жаста зейнетке шығатынын нақтылады. Бұған қоса, ведомстводағылар 2027 жылға дейін әйелдердің зейнет жасы жыл сайын 6 айға ұлғайып отыратынын еске салды.
2027 жылы ерлер мен әйелдердің зейнет жасы теңеседі
«Қазақстанда зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңда әйелдердің зейнетке шығу жасын он жыл ішінде ерлермен теңестіру көзделген. Яғни, 2018 жылдан 2027 жылға дейін жарты жылға көтеріліп отырады. Тарқатып айтсақ, әйелдер 2020 жылғы 1 қаңтардан – 59,5 жасында, 2021 жылғы 1 қаңтардан – 60 жасында, 2022 жылғы 1 қаңтардан – 60,5 жасында, 2023 жылғы 1 қаңтардан – 61 жасында, 2024 жылғы 1 қаңтардан – 61,5 жасында, 2025 жылғы 1 қаңтардан – 62 жасында, 2026 жылғы 1 қаңтардан – 62,5 жасында, 2027 жылғы 1 қаңтардан 63 жасында зейнетке шықпақ. Министрліктің түсіндіруінше, әйелдердің зейнеткерлік жасы ынтымақты зейнетақы жүйесінің біртіндеп тоқтатылуына байланысты көтеріліп отыр. Ынтымақты зейнетақы тағайындау үшін еңбек өтілі 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін есепке алынады, сондықтан оның мөлшері жылдан-жылға азаяды. Яғни, зейнет жасын көтеру арқылы әйелдерге зейнетақы төлемін және мемлекеттік базалық зейнетақыны жоғары мөлшерде алуға мүмкіндік беріп отырмыз дейді шенеуніктер. Бір қуантарлығы, зейнетақыны ерте алуға құқығы бар әйелдер үшін зейнет жасы өзгерген жоқ. 5 немесе одан көп бала туып (асырап алып), оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген аналар 53 жастан бастап бейнетінің зейнетін көре алады. Ал Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және ең жоғары радиациялық қаупі бар аймақтарында 1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шілдеге дейін кемінде бес жыл өмір сүрген әйелдер 45 жаста зейнетке шығады. Еліміздегі зейнеткерлердің 70 пайызын әйелдер құрайтын көрінеді. Демек, мемлекет аналарымыздың зейнет жасын көтеру арқылы зейнетақы төлеуге жұмсалатын бюджет шығыстарын айтарлықтай азайта алады. Алайда әйелдердің 63 жасқа дейін еңбек етуі, өскелең буынға орын босатпауы жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін ушықтыра түсуі мүмкін. 2019 жылдың соңындағы дерек бойынша Қазақстанда 15-тен 28 жасқа дейінгі жастар арасындағы жұмыссыздар саны 84,7 мың адамға жеткен. Биыл кесірлі кеселдің таралуына байланысты енгізілген карантиндік шектеулер салдарынан көп жас тұрақты жұмысынан айырылғанын ескерсек, жыл соңында жарияланатын жұмыссыздықтың жаңа статистикасы былтырғыдан біршама жоғары болары анық. Екі қолға бір күрек табу қиындай түскен қазіргі уақытта зейнет жасының көтерілуі жалындап тұрған жастардың елге қызмет етуіне кедергі келтіретін факторлардың біріне айналғаны өкінішті. Жас буынның бойындағы күш-қуатын, тың идеялары мен еңбекке деген құлшынысын қоғамның өсіп-өркендеуіне дер кезінде пайдалана білсек, ұтарымыз көп болар еді.Бейнет көрген аналар зейнетке жете алмай жүр
Қуаты кеміп, жұмыстан қажи бастаған аналарымыз немеренің қызығын, бейнетінің зейнетін көретін шағында кеңсеге қамалып, қағазға көміліп отыратыны алаңдатады. Кеңсенің жұмысына шыдауға болар. Ал көп баланың бейнетіне қоса, ауыр жұмыс атқарып, белі жазылмай, тауқымет көретін ауылдағы ақ жаулықтылар зейнетке шығатын уақытты жыл санап емес, күн санап күтетіні сөзсіз. Қалада да денсаулыққа қаупі мол өнеркәсіп орындарында немесе беттерін күн мен жел қағып далада жұмыс атқаратын, тең-тең жүк көтеріп, базарға шығып, отбасыма таршылық көрсетпеймін деп белін шарт буған әйел қаншама?.. Тіпті, ер адамның білек күшін қажет ететін ауыр жұмыстарға шыдап жүрген нәзік жандылар да аз емес. Қазіргі күрделі кезеңде жұмыстары қиындап, жүктемелері артқан мұғалімдер мен дәрігерлер де зейнетақыға қол жеткізетін күнге асық. 60-тан асқан ұстазға білім саласына енгізіліп жатқан жаңа технологияларды игеру қиындық тудыратынын да қаперге алған жөн. Жастардың күш-жігеріне, қарым-қабілетіне лайықталған кейбір реформалар егде тартқан мұғалімдер үшін оңай шағылатын жаңғақ емес. Күнделікті жұмыстарынан бөлек, үйдің шаруасы, бала-шағаның күтімі мен тәрбиесі де әйелдердің мойнында. Қаншалықты шыдамды, тұрмыс қиындығына бейім болса да, өмір сүру ұзақтығы ерлерге қарағанда жоғары десек те, әйелдің аты – әйел. Нәзік жандылардың зейнетке шығу жасын ерлермен теңестіру қисынға келмейді. Бәлкім, әйелдердің зейнет жасының шегін белгілі бір өлшемдерге салып айқындау керек шығар. Мәселен, кәсібі, жұмысының зияндылығы, денсаулығына тигізер әсері ескерілсе, әділетті болар еді. Әйтпесе, барлығын бір өлшеммен өлшеп, аналарды жаппай 63 жасқа дейін жұмысқа жегу қиянат емес пе?!Қытайда зейнетақыны таңдаулылар ғана алады
Біздің ел ғана емес, әлемнің дамыған мемлекеттерінің де зейнетақымен қамту жүйесінде түйткіл көп. Мәселен, экономикасы қарқынды дамыған Қытайда халыққа қаржылық қолдау көрсету төменгі деңгейде. Visasam сайтының мәліметінше, зейнетке шығу мүмкіндігі қытайлықтардың барлығына бірдей берілмеген. Бұрын мемлекеттік органдарда және қалада орналасқан ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда жұмыс істеген азаматтар ғана зейнетақымен қамтамасыз етіледі. Қытайда зейнетақы мемлекеттік бюджет есебінен төленеді. Ал жеке зейнетақы қорлары бұл елде жоқтың қасы. Алайда төленетін зейнетақының аздығына қарамастан егде жастағы адамдарға күнделікті тұрмысына көмектесетін арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, қытайлық зейнеткерлер коммуналдық қызметтер мен қоғамдық көліктердегі төлемдерден босатылады, сондай-ақ олар үшін дүкендерде арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Дәстүрге берік ел болғандықтан Қытайда қарттарға құрмет көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді. Егде тартқан азаматтарға балалары, немерелері не туыстары қарасады. Аспан асты елінде жалғызбасты қария түсінігі жоқ деуге болады. Үндістанда да зейнетақы егде тартқан азаматтардың барлығына бірдей берілмейді. Бұл елде мемлекеттік қызметкерлер ғана зейнетке шығып, ел қазынасынан тұрақты төлем ала алады. Ал өзге қарттарға зейнетақы мүлде қарастырылмаған. Билік өкілдері ел азаматтарын зейнетақымен қамтамасыз ету үшін инвестор іздей бастаған. Демеушілер көмектессе, мемлекеттегі қарттарға қажетті қаржыны төлеуге мүмкіндік туады дейді шенеуніктер. Ал Вьетнамдағы жергілікті заң жүйесі бойынша, зейнетақы төлемдері 50 мен 100 доллардың аралығында. Бүгінде елде жаппай қартаю дерегі тіркелген. Сондықтан Вьетнам билігі өткен жылы зейнет жасын 10 жасқа ұлғайту туралы шешім қабылдады. Елде ер адамдар 60 жаста, ал әйелдер 55 жасында зейнетке шыға алады.Ресейде әйелдер 55 жаста зейнетке шығады
Visasam сайтының мәліметінше, Ресейде ер адамдар 60 жасында, әйелдер 55 жасында зейнетке шығады. Тек арнайы санаттағы азаматтар ғана зейнетке ерте шығуға құқылы. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі адамдар, асыраушысынан айырылғандар, 37 жылдан артық жұмыс өтілі бар әйелдер мен 42 жылдан астам уақыт еңбек еткен ерлер зейнетақыға өзгеледен ертерек қол жеткізеді. Германияда ерлер мен әйелдер үшін зейнет жасы бірдей: 67 жас. Орта есеппен неміс зейнеткерлері айына 1 400 доллар (595 мың теңге) алады. «Берлин қабырғасы» оқиғасынан кейін Германия біртұтас елге айналғанына қарамастан, елдің шығысы мен батысындағы зейнетақы мөлшерінде айтарлықтай айырмашылық бар. Мәселен, Шығыс Германиядағы зейнетақының мөлшері – айына 1 200 доллар (510 мың теңге). Ал кепіл зейнетақысын алу үшін неміс азаматы бір қызмет орнында кемінде 5 жыл қызмет етуі керек. Германияда үкімет бекіткен арнайы ережелерді дұрыс ұстанған шетелдіктер де зейнетақыға қол жеткізе алады. АҚШ-та ерлер 67 жаста, әйелдер 65 жаста зейнетке шығады. Бұл елдегі зейнетақы жүйесінің ерекшелігі – жергілікті компаниялардың бірінде 10 жыл жұмыс істеп қажетті сомманы жинап алуға болады. Сондықтан Құрама штаттардың көп азаматы бір кәсіпорында қызмет етіп-ақ 2-3 зейнетақы көлеміндегі қаржы жинайды. Америкалықтар зейнетақы қорына жалақысының 15 пайызын аударуы тиіс, оның жартысын қызметкердің өзі, жартысын жұмыс беруші төлейді. Мамандардың айтуынша, АҚШ-та зейнет жасына жеткен адамдардың 30 пайызы қызметін әрі қарай жалғастырады екен. Ал француздар 62 жаста зейнетке шыға алады. Алайда ел билігі тұрғындарды 64 жасқа дейін жұмыс істеуге ынталандыру тетіктерін қарастыруда. Мәселен, еңбек өтілі толық болған жағдайда француздар 1 мың еуро көлеміндегі кепілді зейнетақыға қол жеткізе алады. 2025 жылдан бастап 64 жас тепе-теңдік жасы деп бекітіледі де, сол жасқа толғандарға зейнетақы төлемдерінің негізгі бөлігі төлене бастайды. Франция үкіметі 5 жылдан кейін 64 жас елдегі орташа зейнет жасына айналады деген сенімде. Бір таңғаларлығы, әлемде зейнетақы мүлде берілмейтін елдер де бар. Бұл тізімнің көшін Танзания бастап тұр. Елдегі зейнет жасындағы адамдардың 95 пайызы өздерін асырау үшін соңғы демі қалғанша жұмыс істеуге мәжбүр.