Шетелде оқып жүрген 2 мыңнан астам студент еліміздегі оқу орындарына ауысты

Шетелде оқыған 2 мыңнан астам студент Қазақстандағы жоғары оқу орындарына ауысты.

Білім министрлігінің хабарлауынша, бұған дейін шетелдік жоғары оқу орындарында өз бетінше оқыған қазақстандық студенттерге Қазақстандағы жоғары оқу орындарына ауысуға көмек жасалған.

«Студентерге құжаттарды рәсімдеу барысында жоо-лардың виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы жеңілдетілген формат ұсынылды. Шетелдік жоғары оқу орындарының басым бөлігі қазақстандық ЖОО-лар сияқты оқу жылын қашықтан білім беру технологияларын пайдалана отырып бастады. Алайда, кейбір шетелдік ЖОО-лар өз студенттеріне қашықтан оқытуды жалғастыру үшін платформалар ұсына алмады», – деді министрлік.

Тамыз айының басында БҒМ оқуын жалғастыру үшін өзіне байланысты емес себептер бойынша елден шыға алмаған студенттерге көмек көрсете бастаған.

«Алдын ала қабылданған шешімдердің арқасында 2 мыңнан астам қазақстандық студент елдегі жоғары оқу орындарына ауысуға ниет білдірді. Осы санаттағы азаматтарды қолдау мақсатында арнайы жедел желі іске қосылып, құжаттарды қабылдау процедурасы жеңілдетілді», – деп толықтырды ведомство.

Back to top button