508
Саны кемісе, сапасы арта ма?
Саны кемісе, сапасы арта ма?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 15 қаңтар күні Ақордада өткен Президенттік жастар кадр резервінің мүшелерімен кездесуінде мемлекеттік қызметкерлер санын қысқарту туралы сөз қозғаған болатын. Президент осы жолғы Жолдауында сол мәселені қайта көтеріп, мемлекеттік қызметкерлердің саны 2021 жылдан бастап қысқаратынын мәлімдеді.
«Мемлекеттік аппарат және квази мемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту мерзімін жеделдетуді тапсырамын. Биыл олардың санын 10 пайызға, ал келесі жылы 15 пайызға қысқартқан жөн. Осылайша, біз 2021 жылы шенеуніктердің санын 25 пайызға қысқарту мәселесін шешетін боламыз», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар сол қысқартулардан үнемделген қаражаттың есебінен қалған қызметкерлердің жалақысы көбейтілетінін, бұл мәселеге салғырт қарау жемқорлыққа апарып соқтыратыны да Жолдауда айтылды.
Қысқартулардан соң мемлекет қызметшілерінің жалақысы орташа есеппен 15 пайызға өседі. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді.
Мемлекеттік қызметкерлер саны бұдан бұрын да бірнеше рет қысқарған. Десе де, әлі де мемлекеттік қызметкерлердің санын басқа да халық саны көп елдермен салыстырып, сыни пікір айтушылар баршылық.
Мемлекеттік қызметкерлердің құрамы қандай?
Статистикалық деректерге зер салатын болсақ, 2019 жылғы 1 қаңтардағы есеп бойынша мемлекеттік қызметкерлердің штат саны – 98 726. Оған қоса әлі де 9 пайыз жұмыс орны бос тұр. 2019 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша республика халқының саны – 18 миллион 690 мың адам. Республика бойынша орта есеппен, сәбилер мен қарттарды қоса есептегенде, әрбір 44 адамға бір мемлекеттік қызметші келеді екен. Бұл – ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін қызметкерлер санынан алты есе көп шама. Ал finprom.kz талдау порталының деректері бойынша 2020 жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік басқару, қорғаныс және міндетті әлеуметтік қамсыздандыру саласында 397 мың адам еңбек етеді екен. Бұл 2019 жылдың дәл сол кезеңімен салыстырғанда екі мыңға аз. Мемлекеттік қызметкерлердің құрамына зер салсақ, олардың арасында ер адамдардың үлесі басым. Аймақтар бойынша зерделесек, Шымкентте мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 23,8 пайыз болса, Түркістан облысында – 26,7 пайыз, ал Алматыда – 31,5 пайыз. Павлодар облысында ерлер мен әйелдердің санындағы айырмашылық аз, онда әйелдердің үлесі 46,5 пайызға тең. Мемлекеттік қызметтегі әйелдер көбінесе қоғамдық тамақтану, қонақ үй секторы, көлік компаниялары, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету, сондай-ақ ойын-сауық және демалыс салаларында жұмыс істейді. Жас бойынша жіктейтін болсақ, мемлекеттік қызметкерлердің 50 пайыздан астамы – 34 жасқа жетпегендер. Олардың 54 пайызы қаржы және сақтандыру салаларының қызметкерлері. 45-54 жастағы қызметкерлердің үлесі бар болғаны 15 пайызға тең болса, зейнетке шығу алдында тұрғандар барлық қызметкерлердің 6 пайызы.Мемлекеттік қызметкерлерге қанша қаржы жұмсалады?
«Мемлекеттік басқару және қорғаныс, міндетті әлеуметтік қамсыздандыру» саласы қызметкерінің орташа жалақысы 2020 жылдың І тоқсанында 161 479 теңге болды. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен 38,9 мың теңгеге төмен саналады екен. Бірақ жалақы көлемі барлық аймақта біркелкі емес. Ең жоғары жалақыны Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік қызметкерлер алады. I тоқсандағы есептеулер бойынша, ол шамамен 254,2 мың теңге. Керісінше Алматыдағы мемлекеттік қызметкерлердің басқа аймақтарға қарағанда жалақылары аз – 184,6 мың теңге. Алматы облысында шенеуніктер ең аз жалақы алады – 129,7 мың теңге. Еліміздің сегіз өңірде орташа жалақы 140-150 мың теңге аралығында. Мемлекеттік басқарушылар үшін ең жоғары көрсеткіштері бар аймақ пен ең төмен аймақ арасындағы жалақының өсуі 95,9 пайыз. Өңірлердің жартысында орташа жалақы облыс бойынша орташа жалақының кемінде 90 пайызына тең, тек Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында орташа жалақының көлемі бұл шамадан артық екен. Елдің батысындағы аймақтар – Атырау және Маңғыстау облыстарында еңбекақы орташа өңірлік көрсеткіштен екі есе төмен.Басқа елдердегі жағдай қандай?
Әлем бойынша мемлекеттік қызметкерлері мен шенеуніктері көп ел – Қытай. 1 433 783 686 адамның 7 миллионнан астамы – мемлекеттік қызметкерлер. Ресей Федерациясында 2,4 миллион шенеунік 145 миллионнан астам ресейліктерге қызмет көрсетеді. Әр 60 азаматқа бір мемлекеттік қызметкерден келеді екен. Америка Құрама Штаттарының 330 миллионға жуық азаматына 2,1 миллион шенеунік жұмыс істейді. Германияда пропорция одан да жоғары – 508 мыңға жуық мемлекеттік қызметші 83 миллионнан астам халыққа қызмет көрсете алады. Әр шенеунікке 165 Германия азаматы келеді. Ұлыбританияның 67 миллионнан астам тұрғынының 431 мыңы –мемлекеттік қызметкер. Бір шенеунікке 157 адамнан келеді. Аталған елмен көршілес Францияда осыған ұқсас жағдай – 65 миллионнан астам азаматтың 486 мыңы – мемлекеттік қызметте. Украинада 244 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер бар. Ал Беларусьте жағдай біздікіне ұқсас, әрбір 257-ші азамат мемлекеттік қызметте істейді. Литва мен Эстонияда мемлекеттік онлайн қызметтер басқа елдерге қарағанда әлдеқайда ертерек дами бастаған. Бұл елдер әлемде алғашқылардың бірі болып қағазбастылықтан бас тартты, ал Эстонияда олар тіпті электронды дауыс беру жүйесі енгізілген. Қазір Литвада 2,7 млн халыққа шаққанда 60 мың мемлекеттік қызметкер ғана жұмыс істейді (46 литвалыққа – біреуден), ал Эстонияда 1,3 млн халыққа шаққанда 25 мыңнан астам адамды ғана мемлекеттік қызметке алған (52 азаматқа – бір мемлекеттік қызметкер). Аталған елдерде мемлекеттік қызметкерлердің санын қысқарту жұмыстары өз нәтижесін беріп отыр. Пандемия кезіндегі қашықтан жұмыс режимі көптеген салада артық жұмыс күшінің баршылық екенін байқатты. Сол тізімде мемлекеттік қызметшілер де бар. Мемлекеттік қызметке ауқымды әрі жүйелі реформа қажет екені айқын сезілді. Президент Жолдауында айтылған өзекті мәселелер жүйесін тауып, тиянақты іске асатын болса, бұқараның сынына көп ілігетін мемлекет қызметшілерінің сапалық құрамы жақсарып, жасампаздана түсеріне бек үміттіміз.