376
СҚО-да 3 млн тоннаға жуық бидай орылды
СҚО-да 3 млн тоннаға жуық бидай орылды
Солтүстік Қазақстан облысында диқандар 2,9 млн тоннадан астам бидайды жинап, барлық егіс алқабының 68,5% орды.
СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, орақ науқаны қыркүйек айының аяғына дейін бітуі тиіс. Биыл өңірде 4,2 млн га алқапқа дәнді дақылдар егілді, соның 2,8 млн га – бидай. 22% немесе 932 мың га-на майлы дақылдар себілді.
«Қазіргі таңда орақ науқаны штаттық режимде өтіп жатыр. Ауа райы диқандар үшін қолайлы. Бүгінге дейін 2 млн га астам алқаптың бидайы жинап алынды. Бұл – егістіктің 68,5%-і. Қамбаға 2,9 млн тоннадан астам астық құйылды. Комбайнерлер әр гектардан орташа 14,3 центнерден алып жатыр. Бидай және дәнді-бұршақты дақылдардың шығымдылығы бойынша Қызылжар ауданы алда келеді», - дейді басқарма бастығының орынбасары Қуандық Шакубаев.
СҚО - егіс алқаптарына минералды тыңайтқыш себуден ел бойынша алдыңғы орында. 2017 жылы небары 91 мың тонна тыңайтқыш қолданылса, биыл 130 мың тонна минералмен 2,3 млн га өңделді. Астықтың шығымдылығын арттыру үшін элиталық тұқымдар алынып жатыр.
Биыл барлық тұқымның 9% жаңаланды. Соңғы үш жылда 90 млрд теңгеге 782 трактор, 600-ден астам комбайн сатып алынды. Биыл 38 млрд теңгеге 1522 ауыл шаруашылығы техникасы жаңаланды. Жыл соңына дейін тағы 3 млрд теңгеге трактор-комбайн алынбақ.